Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:38, 29 Қараша 2022

Қара өлеңнің құлагері

None
None

Қара өлеңді құлагердей қуаттаған ақын Әскербек Рахымбекұлын еске алу.

Жуырда Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйытқы болуымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әскербек Рахымбекұлының 80 жылдығына орай «Қара өлеңнің құлагері» атты еске алу шарасы өтті.

Облыс әкімінің тапсырмасымен ұйымдастырылған жиынға аймақтың зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және ақынның туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Көпшілік мәдениет үйінің фойесіне қойылған «Әдебиет әлемінің Әскербегі» атты танымдық көрмеден ақынның шығармашылығына жасалған шолумен танысып, сырлы суреттерді тамашалады.

Шараны облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов ашып, ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында әңгімеледі.

– Ақынның өлеңдегі түйдек-түйдек ұшқыр ойлары өз алдына, оның нақышы мен жыр ұйқастары да ешкімге ұқсамады. Өлеңдері құндақталған сәбидей ғазиз, құшақтаған арудай көркем. Әскербек Рахымбекұлының поэзиясын Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев сынды қазақтың мықты ақындары мойындап, өз бағасын бергенін де жақсы білеміз. Ақынның екі мәрте «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгесінің жүлдегері атануы жүзден жүйріктігі болатын. Әсағаңның «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым-ай», «Алтын Арай», «Тұлпарлар тағдыры», «Жыраулар», «Тағдыр-дастан», басқа да жыр кітаптары жарыққа шықты, – деді басқарма басшысы.

Ә.Рахымбекұлы 1970-1985 жылдары Қызылорда облыстық телерадио комитетінде, облыстық партия комитетінде, облыстық «Ленин жолы» газетінде қызмет атқарды. 1985-1991 жылдары «Ленин жолы» газеті редакторының бірінші орынбасары, бас редакторы болды.

Әскербек Рахымбекұлы газеттің бас редакторы болып келген соң, 1991 жылдың 24 қыркүйегінен бастап газет өзінің байырғы «Сыр бойы» атауын қайта иеленді. Тарихымызды түгендеп жатқан тұста ата басылым атауының қайтарылуына бас редактор Ә.Рахымбекұлының тікелей септігі тиді.

Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры Қ.Құдайбергенов, ақын Қ.Есімсейітова, ақын М.Әміреұлы, Әскербек ақынның досы, еңбек ардагері З.Шермұхамедұлы, белгілі ақын Ш.Әбдікәрімов секілді естелік айтушылар осындай ойларын ортаға салды.

– Әсекең өте ақжарқын жан еді. Әрдайым өзінің артынан ерген іні-қарындастарына үлгі болып, жанындағыларға жылулық сыйлай білді. Осы қасиеті арқылы ортасында абыройлы болды. Бүгінгі еске алу кеші келер ұрпаққа қалатын ізгілікті іс. Қазақ поэзиясында Әскербектің есімі мәңгі өшпейді, – деді Махмұтбай Әміреұлы.

Сырдың сұңғыла ақыны Ә.Рахымбекұлы өлең табиғатына тасқа қашағандай өрнек салып, өзге дүниеден өзін бөлек ұстады.

– Кеште Әсағаның жыр шумақтарын қайта еске түсірдік. Ол – әдебиетке ғана емес, Сыр мәдениетіне де үлкен үлес қосқан тұлға. Әскербек Рахымбекұлы – сөз құдыретін биікке көтерген, әр сөзінің астарында ақиқат тұратын ақынның артында мол мұра қалды, – деді Алашқа белгілі ақын, Ахмет Нишати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері Шәкизада Әбдікәрімов.

Әсерлі кеште әншілер Ә.Рахымбекұлының өлеңдері сахналық көріністер арқылы оқылып, тыңдаушысын баурады. Әншілер А.Ерниязова мен Ә.Өмірбек ақын сөзіне жазылған Ә.Оспанов, И.Елубаева сынды композиторлардың әндерін шырқады.

Бұл кеш ақынның екінші, рухани өмірінің басталғанын паш етті. Өйткені руханият пен мәдениетке елеулі еңбек сіңірген ақын есімі қазақ өлеңі тірі тұрғанда жасай бермек.

Тегтер: