Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:50, 02 Маусым 2022

Қара қыз

None
None

Тоғызыншыны бітірдік пе, бітірмедік пе деп желдей есіп жүрген есерлеу шақ еді. Көңіл шіркін көгеннен босаған қозы-лақтай маңырап, аспанға секіре ойнақ салуда.

Совхоз орталығындағы әр шаңырақтан шұбатылып шығатын қою түтін біраздан кейін жайылып, сыйластығы жоғалмаған шағын ауылдың адамдарындай мидай араласып, тұтасып зеңгір көкте қалықтайды. Сол шағын ауылдың қылт етіп ерте гүлдеген бәйшешектей құлпыра бастаған, бой жете бастаған қыздарының бар қылығы жұрт назарында. «Шіркін-ай, біздің үйге келін болатын-ақ қыз екен», – дейді бәрін жіпке тізіп отыратын кемпірлер сұқтанып. «Мына қызға үйленген жігітте де арман бар ма екен?» – деп, қалт тоқтай қалып, сүзіле қарайды келіншек біткен. Мұны естіген бозбала жігіттерде ес қала ма?! Жаңағы қызға жаңа көргендей қайырыла қарап, бастарын шайқайды. «Осы уақытқа дейін қалай көрмегенмін, а?..» «Осы уақытқа дейін қайда қарағанмын, а?..» «Аяқ астынан құлпырып шыға келетін бір кереметі бар осы қыздардың». Содан-ақ сілекейлері шұбырып, ізге түспей ме… Сілекейлер шұбырған сайын әлгі құрғыр қу қыздар жеткізбей, діңкелетіп-ақ тастайтынын қайтерсің?! Сілекейлер көп, әрі ақылды, көркімен-ақ тіліңді байлайтын қыз аз. Кімге жетсін?! Уыз арман тілді байлап, бойдағы қызу дамылсыз қайнап, аңсармен жүрген күндер еді...

«Қызды жеңге бұзады, жеңгені теңге бұзады». Осы сөздің растығына бәс тігуге болады. Сол жеңге үйде қыз жоқ болса, қайнысын да қапысын тауып бұза салады екен. Тып-тыныш қана сабағын ғана ойлап жүрген Сұлтанбек еді-ау. Сол тыныштықты бұзған, сол тыныштығын көп көрген Биғайша жеңгесі емес пе?!

Сұлтанбек қазір ағасы Орынбайдың үйінде жатып оқып жүр. Әке-шешесі совхоз бөлімшесінде, ол жерде бастауыш қана мектеп. Ағасының мінезі қаталдау, жеңгесі жайлы, тек… Кейінгі күндері Сұлтанбектің құлағынан маза кетті. Ыз-ыз, ыз-ыз. Биғайша жеңгесінің сөзі құлағында ызыңдап тұрып алды. Басында әзілі шығар деп, бұл да күле жауап қайтаратын. Жоқ, әзіл болмай шықты. Кей-кейде үйден безе қашады, құлағына тыныштық іздеп. «Шай іш, Сұлтанбек, ау, Сұлтанбек, қайда жоғалып кетті-ей мынау?» Қайда жоғалсын Сұлтанбек, қора тасасында жеңге дауысын жақтырмай, мұрны салбырап отыр. «Құлағым тыныш болса екен». Қарны қатты шұрылдаса да шыдап бағуда, үйге беттей алар емес. «Үйге кірсем, тағы сол жаттанды гөй-гөйіне басады, дұрыстап тамақ та іше алмайсың».

          Ақыры шыдамады, сүйретіле басып үйге келді. Ыстық тамақты қомағайлана асап, кеседегі шайға қол созғаны сол, ызың басталды. «Басталды… жегенімді желкемнен шығарады қазір», – деп мұрнын тыржитты Сұлтанбек.

          – Сұлтанбек, осы сенің не ойлағаның бар? – деп жұмбақ сұрақ тастады да, сыр аңдай қарады.

          – Жеңеше, нені айтып тұрсыз? – деді жорта, іші бәрін сезіп тұрса да.

          – Енді бір жылдан кейін мектеп бітіресің. Көздері мөлдіреп жанаса кеткен адамды токпен ұрғандай дір-р еткізетін кластас қыздарың пыр-р-р деп ұшады да кетеді. Сен қаласың, аспандағы алты қазға қарағандай аңырып, телміріп.

          – Не істеуім керек, сонда?

          – Қазірден солардың біреуіне ен тағып, өзіңе қарай икемдей бер.

          – Ой, жеңеше-ай, қайдағы жоқты айтады екенсіз. Жер бетінде не көп, қыз көп. Әуелі мектеп бітіріп алайын, одан кейін институт, содан кейін бұйырғаны болады да. Неге жаңбыр жаумай су болып, әбігерге түсіп жүрсіз?

          – Әй, сол жер бетіндегі қыздың бәрі сені күтіп отырады деген. Алақандай мына совхоз орталығында ауызға ілігер ажарлы, ақылды қыз саусақпен санарлық. Соның біріне осы бастан бұғалық таста.

          – Қойыңызшы, жеңеше, бұғалық салатын ол асау байтал ма?

          – Ө-ө-өй, қыз дегенің асау жылқыдан әрмен, ұстатпай кетеді, ұстатпай, – деп әңгімеге өзеурей кірісті жеңгесі. – Шү-ү-у деп кетеді де қалады. Қырымнан іздейсің бе, Қытайдан іздейсің бе?!

          – Ауылдың қызына қарап қалыппын ба? Алматыға бүкіл елдің әрі сұлу, әрі ақылды қыздары жиналады. Солардың біріне шертіп жүріп сөз салмаймын ба?!

          – Құдай тілеуіңді берсін. Ал түсе алмай қалсаң қайтесің? Ана бұлықсыған, асау тайдай тулаған қыздар Алматыда қалады, жігіт біткенді естерінен айырып. Сен болсаң күрең атыңмен тепеңдеп, жүргенің сол ауылда. Ана бұлқынған, бұлықсыған қыздарды Алматының аш қасқырдай жалаңдаған жігіттері «әп» деп қағады да кетеді.

          – Жеңеше ақы берейін, осы әңгімені доғарайықшы, – деп торсаң етті. – Әуелі оқуымды бітіріп алайын да.

          – Жарайды-ақ, бірақ есіңде болсын, тыңда. Ана Қапаштың үкілеп өсірген қызы Марфуға ма еді, оқуға түсе алмай қалды былтыр. Сып етіп күйеуге шықты да кетті. Сондай есті қыздан айырылып, сан соғып қалма дегенім ғой.

          – Есті қыз күйеуге шығуға асыға ма екен? – деп жағаласа кетті Сұлтанбек. – Есті қыз әуелі институтты ойлайды.

          – Не түскен институт жоқ, не күйеу жоқ болса ше, күйініштен күйіп кетпей ме!

          – Енді не істе дейсіз маған? – деді жеңгесінен оңай құтылмасын сезіп.

          – Сен ана Сайлаудың Гүлжан деген қызы бар ғой, соны үйге алып кел. Танысайық, тамырын бас. Мен саған бүгін үйлен деп жатқан жоқпын. Ойпыро-о-ой, «Сәлеметсіз бе!» деп тұсыңнан сызылып өткенде, әйел басыммен мен селтиіп тұрып қалам. Қандай әдепті, аққұбаның сұлуы.

          – Ойбай, жеңеше, оның жігіті бар ғой, – деп ыршып түсті Сұлтанбек. – Мақсат деген оныншының баласы меншіктеп алған.

          – Жамбасына мөр басып меншіктеп алатын ол совхоздың жылқысы ма? Мақсатың анау Тәліп сиыршының ұлы ма? Әдірем қалсын. Сен бригадир Тойлыбайдың баласысың. Ол малма тымақ сиыршының баласы.

          Үйде өлі тыныштық. Шай ішу қалды жайына. Жеңгесінің көру қабілеті нашар. Дүрбідей қалың әйнекті көзілдірігімен төне келіп қарайды қайнысына. Қайнысы тұманданып көріне бастады ма, дүрбі көзілдірігін орамал ұшымен сүрте бастады...

***

          – Сұлтанбек, әй, Сұлтанбек, басың салбырап кетіпті ғой, не болып қалды? – деп, мектеп алдында Бақыт ыржалаң қағып қарсы алды. – Асау тайдан құлағандай бүкшиіп қалыпсың ғой.

          – Сол тайдан құлағаным-ақ жақсы еді, – деді Сұлтанбекті ыза кернеп. – Жеңешем миымды жеп тауысты. Ызың-ызың, күнде айтатыны сол бір сөз. «Бір қызға бұғалық таста, үйге ертіп кел, таныстыр». «Сенің жасыңда ағаң мен деген мына мені шыр айналдырды емес пе!» «Ойбой, ауылдың жігіт біткені ізіме телміріп шұбырып жүрді». «Солардың арасынан қағып кетті-ау». Бар айтатын сөзі осы. Қызым жоқ болса, кімді апарып таныстырам? Айтшы өзің, кімді апарам?

          Үнсіздіктің өзі кейде үрей шақырады. Кімнің не ойлап тұрғаны белгісіз. Бір кезде Бақыттың екі көзі жарқ етті. Ыржиып бұған қарайды, көзі сығырайып. «Мынау несіне жетісіп мәз болады?» дегендей, Сұлтанбек жақтырмай, адырая қарады.

          – Таптым, – деді әлден уақытта екі санын шапалақтап. – Мынау деген қызды ертіп барасың, жеңешең ас қамдай берсін. Мынауский қуырдақ жасасын, қыздан ұят болады. Ертең, жоқ арғы күні ай десе аузы, күн десе көзі бар қараторының сұлуын таныстырасың.

          – Кімді, кімді? – деді Сұлтанбек дегбірі қаша, кеңірдегін созып. – Кімді апарамыз?

          – Шыда, ертең айтам, әуелі қызбен келісіп алайын, көндірейін, – деп, ыржалаң етті.

          – Баха, мен саған қарыздармын, сенің таппайтының жоқ-ау, – деп, жүзіне лап етіп қан жүгірді. – Құлағым тыныш табатын болды. Баха, ол қыз мені ұнатпаса ше, аттап баспайды ғой.

         – Ұнатқанда қандай, – деп тарқылдап күле бастады. – Қыздар кейде жақсы көргенін де сездірмейді ғой.

          Бақытты кластағылардың бәрі Баха дейді. Мына Баханың жұмбақтауы тегін емес, құрты бар сөз. Сұлтанбектің басы қата бастады. «Кім болды екен?!» «Қай қыз екен?» Өзі сырттай болса да ынтық болып жүрген қыздарды көз алдынан өткізе бастады...

          – «Тс-с», – деді әлден уақыттан кейін сұқ саусағымен ернін басқан Баха...

Күн өтпей Сұлтанбек үйге арсалаңдай кірді. Ентігіп тұр.

– Жеңеше, ертең кеш түспей бір қызды әкеп таныстырам, – дейді қос танауы делдиіп. – Қуырдақ немесе палау басып қоярсыз, қамдана беріңіз.

– Сұлтан деген атыңнан айналдым сенің, – деп, қалбалақтады да қалды. – Жеңешеңнің жүрегін жара жаздадың ғой. Әдірем қалғыр, сол жүрек қуаныштан жарылса, жарылып-ақ кетсін.

Алагеуім мезгіл. Сұлтанбек бірге оқитын Орал, Сәрсен деген екі досымен арсалаңдап кіріп келді. Орталарында бір қыз. Қысқа амандықтан кейін төрге оздырды. Биғайшада жан қалмады, сүрініп-қабынып құда күткеннен әрмен елпілдеді де қалды. Сол елпілдеген қалпы алдарына буын бұрқырата палау қойды. Ұлдар дәмді асқа обырлана кірісті. Бақыткүл де көсіп алып көмейге тастайды мұның көзін ала беріп. Ұрлана қарап та қояды.

«Неткен ибалы қыз, адамға тік қарамайды. Жүзін сәл көлегейлеп, бір қырын отырысын қарашы», – деп, күбірлей зыр жүгірді. Үйдегі бесінші класта оқитын Гүлайна деген қызы бағанадан үнсіз бақылап тұрған. Қадала қарап қатты да қалды. Бір кезде шешесінің құлағына келіп сыбырлай бастады.

– Қараңызшы, мына қыз қап-қара ғой, – деді шолақ мұрнын тыржитып. – Ұнамайды, бұл қызды танымаймын да.

– Өзі қара болса, жүрегі ақ шығар, – деді Биғайша. – Қап-қара емес, қараторы.

Гүлайна тұрды-тұрды да тағы кетті жаңалық ашуға. Ұнатпай-ақ тұр.

– Ана қыздың мұрны үлкен екен, – деп қайта келді.

– Тү-ү-үу, сен де бір жағаласып… мұрны үлкен болса, тынысы кең болады. Ақбөкен деген аң бар, мұрны қоңқақ, үлкен. Сол жануар тұяқтының жүйрігі.

– Біз бұл қызды жарысқа қоспаймыз ғой.

– Сен неге қақсап қалдың? – деді Биғайша жақтырмай. – Сұлтанбек дәл бүгін үйленейін деп жатқан жоқ. Бұл әшейін танысу ғана.

Құтылдым ба тақылдаған бұл қыздан деп тұрғанда, Гүлайна тағы келді. Тағы бір құпиясы бар сияқты. Жеңінен тартып, тағы бір сыбыр жүгіртті.

– Ана қыздың тырнағы өсіп кетіпті.

– Ой, қайдағыны айтпа, тырнағы өссе, үй шаруасынан қолы тимейді де.

Қақсауықтан құтылдым ба дегенде жетіп-ақ келгені. Қалайда Бақыткүлдің бар мінін ашуға қатты бекінгендей.

– Қара қыздың аяғы талтақ, бағана үйге кіргенде байқадым.

– Жоғаласың ба, жоқ па?! – деп, Биғайша оқтауға қол созды. – Енді келші осыдан, жаныңды шығарайын… Ойбай-ау, қонақ қыздан ұят болды-ау.

Гүлайна зыта жөнелді. Енді сөйлесе оңдырмауы мүмкін. Шешесін қатты ашуландырып алғанын сезді.

Биғайша күңкілдеп жүр. «Күзен бел емес, шомбалдау екен. Мұндайлар үй шаруасына мықты келеді. Иығына бір қап картопты лақтыра салып, белі қайыспай жүре беретіннің нағыз өзі. Белінің қылдырықтай болғанынан не пайда, ілмиіп жүргені сол қазан көтере алмай қиралаңдап. Мондыбастау қыз ба деймін. Мына көзілдірігі бар болғыр тұманданып дұрыс көрсетпейді. Көруім бұрынғыдан нашарлап кетті. Қалаға барып көзімді көрсетіп, жаңа көзілдірік алу керек деп құдайдың зарын қылдым. Ана қарағымның жүзін де анық көре алмай, сорлап тұрғанымды қарашы. Не де болса өте ибалы қыз екен, айырылмау керек». Осы ойға бекіген Биғайша төргі үйде сыбырласып алып, тырқылдап күлген қайнысын шақырды.

– Сұлтанбек, бері келіп кетші, – деді ауыз үйден мойнын созып.

– Жайшылық па, жеңеше, – деп арсалаңдай жетіп келді.

– Әй, Сұлтанбек, шайнам миың болса, мына қыздан айырылма, – деді сыбырлап. – Өте ұяң, тәрбиелі қыз екен. Ләм демей томпиып қана отыр. Күнде бірге қыдырыңдар, сонда бауыр басып кетесіңдер. Мұндай қыз таппайсың, ыржалаңдамай ұғып ал.

Сұлтанбек екі иығы селкілдеп, булыға күлді. Бір кезде тарқылдай жөнелді. Бір бүкшиіп, бір жазылып ал кеп күлсін...

– Әй, жын ұрды ма сені?! Адам жөн сөзге күле ме? Әйел адам қыз баланың әр қылығынан аңдайды. Мұндай қыздан айырылмайды, есі дұрыс адам.

Сұлтанбек күлкісін тияр емес. Екі көзінен жас ағып, жырқ-жырқ етеді. Биғайша мұның күлкісін өзара болған бір қызықты естеріне түсірген болар деп жорыды.

– Ей, саған не көрінді?! Несіне күлесің? Сен осылай жырқылдап жүргенде, біреу қағады да кетеді. Осыдан айырылып қал осы қыздан, оқтау жейсің. Бар-бар, аналардан ұят болады. О несі-ей… Жырқылдап… біреу бір жерін ашып тұрғандай...

– Өзі ұнады ма, сізге? – деп, ыржың етті де күлкісін тыйды.

– Ұнағанда қандай, үлбіреп үзілейін деп тұр-ау, үзілейін деп тұр. Мұндай ұяң, тәрбиелі қызды итпен іздеп таба алмайсың. Тек дауысы кішкене тарғылдау екен. Қара жұмысқа жегіп қойған-ау. Ұяты бетінде тұр, бетінде… Қазіргі қыздар өзіңді басып кете жаздайды тапырақтап. Айырылма бұл қыздан… айырылма...

Сөйтіп жүріп Биғайша балалардың аяқ киімдерін реттей бастаған. Көзі қыздың етігіне түскенде, состиып қалды. Етжеңді әйелдер киетін-ақ етік. «Мына қыздың аяғы неткен үлкен?!»

Биғайша тізе бүгіп шай құя бастады.

– Алыңдар, қарақтарым, қысылмай еркін отырыңдар, – деді бар ықыласымен. – Ағаларың да келіп қалар.

«Ағаларың да келіп қалар» деген сөз Сұлтанбек көзін бағжаң еткізді. Көзі алара достарына қарады. Олар да шоқ басқандай, ытырылып қалды.

– Ныспың кім, қалқам, кімнің қызысың?

– Бақыткүл, – деді жүзін төмен салған ибалы қыз. – Бейсенбайдың қызымын.

Ибалы қыздың дауысы біртүрлі тарғылданып шыққандай. «Қайтсын-ай, қобалжып отыр-ау» деген ой түйді Биғайша.

– Үй-іштерің аман болар, сабағың да жақсы шығар?

Осы кезде мырс-мырс етіп қалды Сұлтанбек достары. «Бұларға не көрінген, бірақ жас қой бұлар, жыбырламаса отыра алмайды».

– Иә, жақсы, – деді именшектене.

– Бейсенбайда да Бақыткүл деген қыз бар екен-ау, – деді сәл таңданыспен. – Бірақ ол үйде бала көп, қайсының аты есте қалған. Алсаңдаршы, қалқам-ау, сен тіптен тамақ жемей отырсың ғой.

Биғайша шолақ ой шырмауында отыр. «Ойпырай, неткен ибалы қыз. Осынша ұялшақ боларсың ба?! Керемет келін болайын деп тұрған-ақ қыз екен. Айырылмау керек. Маған тура осы қыздай абысын керек. Ұялшағын-ай, басын бір көтермейді. Жаңа түскен келіндей… Неткен биязы жан...».

Балалар өзара жымыңдасқандай. Бір кезде Сұлтанбек «болашақ абысынның» бүйірінен нұқып қалды. Биғайша аң-таң. «Мына Сұлтанбекті сайтан түртті ме?! Үйіне ертіп келген қонақ қызын нұқығаны не?! Әй, осы Сұлтанбекте шайнам ми жоқ-ау...»

«Кету керек, кету керек тезірек» деп, қыпылықтап отырған  Сұлтанбек. Енді тұрамыз, енді тұрамыз деп бір-біріне ым қағып отырғанда, сайтандай сарт ете қалғаны Орынбайдың. Кіші бесін еді. Жалпылама амандасып алды да, Бақыткүлге қадалып тұрып қалды. Ана отырған Орал мен Сәрсен Сұлтанбектің достары. Оларда үн жоқ, тілдерін жұтып қойғандай тымырая қалыпты. Таныс емесі мына қыз ғана. «Құдай-ау, бұл кімнің қызы?»

– Кімнің қызысың, қарағым? – деді Орынбай қызға қадала.

– Бейсенбайдың, – деді күмілжіп. Бақыткүлдің басы салбырап кеткен.

– Бейсенбайда сендей қыз бар ма еді?! – деді Орынбай таңданыспен. – Атың кім?

– Бақыткүл, – деді қыз одан сайын именшектене.

– Орынбай, саған не болды, келмей жатып тергеп-тексеріп, онсыз да ұялып әрең отыр еді, – деді Биғайша отағасына ренжи. – Тамақ ішкіз.

– Бақыткүл, – деп қалды отырып-отырып шаншыла қадалған Орынбай.

Бақыткүл жалт қарады. Бағанағы ұяңдықтың ізі де қалмаған «болашақ абысында», көзінде үрей басым. Орынбайдың қоңыз мұрты жыбыр етті. Артынша қос жанары от шаша суық жымиды.

– Ей, ей, кәні бері қарашы. Мынау Баха ғой, Баха… қыз болған түрін… Қані, мен сені...

Биғайша абдырап түк түсінер емес. Бұл кезде Бақыткүл ұзын көйлегінің етегіне сүрініп, сыртқа ата жөнелді. Табалдырықтан аттай бере Орынбайдың керзі етігі Бақыткүлдің май құйрығына кеп сарт етті. «Мына Орынбайды қандай жын ұрды, қызды тепкені несі, Бақыткүл неге қашты?!» – деп, есеңгірей сөйлеп Биғайша тұр.

Бақыткүлді өкшелей қуған Орынбай есік алдына шыққан бетте Бақыткүлді құйрықтата тағы тепті. Бақыткүл бұл жолы қашпады. Тұра қалып қарсы шабуылға шықты. Көрші үйдің балалары көздері бақырайып, тосын тамашаға қарық болды да қалды. Естері кете тамашалауда.

– Мә, ана қара, Орынбай ағамен қара қыз төбелесіп жатыр.

– Қара қыз қатты төбелеседі екен. Көйлегі шұбатылып жүріп қалай тебеді-ей!

– Бұл қыз төбелесті қайдан үйренген?!

– Қара, қара...

Биғайша мәңгіріп тұрып-тұрып, есін енді жиғандай. Сылқ етіп табалдырыққа отыра кетті. Қан ойнаған нұрлы жүзі бір сәтте қуарып сала берді. «Мен болсам күні бойы шырқырап, жүгіріп жүрмін. «Бақыткүл, Бақыткүл, айналайын, ішіп-же» деп өбектегенім сайтан ұрғыр, қылжақбас Баха жынды екен ғой. «Неткен ибалы, биязы жан» деп қоям. Әй, өзіме де обал жоқ-ау...»

Биғайша бір кезде ақ борандай долданып атып тұрды. Іштегі алай-түлей ашу бұрқ етті. «Ой, көксоққан, шешек келгір, мені мазақ қылып… Мазақ қылармын!.. Табалдырықтан аттап көр, сирағыңды сындырайын! Қағынғырлар-ай, адамның ойына келмейтін нәрсені ойлап тапқандарын қарашы. Қазір ғой жырқ-жырқ отырған шығар, мәз болып. Күлдіремін сендерді...»

Зеңіп ұзағырақ отырып қалды. Сосын ауыр күрсініп алып, түңіле күңк етті. «Ұл мен қызды ажырата алмай, не қара басты мені? Алжиын дедім бе?..»

***

Жеңгесінің «қыз әкеліп таныстыр» деп ызыңдап шаршатқанын айтқан сол күні, Бахаға бір сайтан ой сумаң ете қалған.

– Давай, мен қыз болып киінейін, алып бар жеңгеңе, – деген Баха Сұлтанбекке. – Ой, бір керемет қызық болсын.

– Кет әрі, танып қояды, мені мазақ қылдың деп жанымды шығарсын.

– Танымайды, сенің жеңгеңнің көзі нашар көреді.

– Ал дауысыңды қайтесің? Ұл мен қыздың дауысын ажырата алмайтын жарым дейсің бе?!

– Барынша сөйлемеуге тырысам, была-а-ай сызылып… – Бақыт жынды жылмия қалды. – Кешкілік апақ-сапақта жетіп барамыз. Қуырдақ пісіріп қойсын. Болашақ келін келеді деп есі қалмас, бар дәмдісін үстелге қояр. Тыңқиып тойып аламыз да тайып тұрамыз.

– Ал Орынбай ағам келіп қалса ше?

– Ой, ол келгенше табан жалтыратамыз.

– Тек ағам келгенше кетіп үлгеру керек, – деп Баха перінің жетегінде кете бастағанын өзі де сезбей қалған Сұлтанбек. – Ал қыздың киімін қайтеміз, қайдан аламыз?

– Сол да сөз болып па? Жеңгемнің бойы ұзын болғанмен арық, денесі мен шамалас, қаптаған көйлегінің бірін алам да сөмкеге тығам.

– Ал етік ше, етік… Бас орамал, камзол тағы бар.

– Екеуміздің аяғымыз бір размер, отыз тоғыз.

– Аяғы неткен дәу?

Содан Баха үйдегі жеңгесінің көйлегін, орамалын, етігін, камзолын жасырып алып шыққан еді. Қорада тұрып киініп алды. Бәрі де ойдағыдай еді-ау...

Жеңгесі бар болғыр жібергісі келмей бөгеп қалды ғой… Ағасының сап ете түскені де… Әйтпегенде...

Тегтер: