Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:08, 18 Желтоқсан 2021

«Қара сөздің қаймағын қалқыған қаламгер»

None
None

«Ақиқаттың алдаспаны» байқауы

Қазақ әдебиетінің проза жанрында жанқиярлықпен өзін тек әдебиетке ғана арнаған санаулы, саусақпен санарлықтай суреткерлердің бірі, жазушы Рахымжан Отарбаев. Қаламгердің әрбір туындысы жүрекпен жазылған, академик Зейнолла Қабдоловша айтқанда, нағыз «ардың ісі» екені оның шығармашылығымен таныс әр оқырманға айқын.

Бірде белгілі әдебиеттанушы ғалым ұстазымыз С.Ғ.Шарабасов «Қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанры» атты монографиясында Евг.Винокуровтың «Легко быть Бгом, легко быть зверем. Быть человеком, вот это не легко!» деген сөзі қатты ұнады. Өйткені атам қазақ айтқан «мал аласы – сыртында, адам аласы- ішінде», 99 құлыптың біріне тыққан анықты қалай табарсыз? Сондықтан ба біз білетін қоғамдық формация «мың өліп, мың тірілген». Қазақ және оның қоғамдық ой дамуындағы қазақ характері мәселесі әлі толық шешімін таба қойған жоқ. Неге? Негесі сол – суреткердің жанр тануындағы селкеулік бар. Көлемнен де, ойдан да, образ оюдан да қатты ықшамдық тілейтін әңгіме жанры көп жазушыға қол емес, — деп жазады.

Өз заманына үн қосып, сол бір діттеген тақырыпты көркемдік әлеміне арқау еткен қазақ жазушыларының бірі – Рахымжан Отарбаев. Осы бір күрделі тақырыпты қозғап, өзінің басты нысанасы ретінде адам мен табиғатты  ала отырып, өзінің көркемдік әлемі арқылы Рахымжан Қасымғалиұлы иісі адамзатқа ортақ «мәңгілік мәселелерді» де көтеруге ұмтылады.  Жазушы шығармаларының бәрінде дерлік кейіпкерлердің жан-дүниесі айнала қоршаған ортамен, тылсым табиғатпен тұтастықта алынады. Мәселен, «Бесқасқа беріштің хикаясы» повесінде Жүсіптің өлмелі анасын тағдыр тәлкегіне тастап, өзіне де белгісіз өңірге ат басын тіреуі, сол кездегі көңіл-күй өзгерістері туралы суреттеген кезде де айнала қоршаған ортамен үндестікке нақыштаған. Жазушының «Жайық жыры» туындысын алсақ, Жайық өзенінде таңертеңнен кешке дейін ылдида, кештен таң сібірлегенге дейін өрге қарай толқынға қақпақыл болып, жолаушыдан бір танбайтын адамның қу басы, оны көріп, сол арқылы өз өмірін де көңіл сүзгісінен өткізген Теңгемұрт қарияның тәубеге келуі өте бір нанымды суреттелген. Осының бәрінде де бір суреткердің өзіне ғана тән, қайталанбас қолтаңбасы бар. Ол – кеңістік, уақыт, табиғат құбылыстары және кейіпкерлердің жан-дүние иірімдері. Жұбатып тұрып жылатқан, биікке көтеріп тұрып құлатқан екіесті өмірдің баянсыздығы мен тұрлаусыздығы жазушы Рахымжан  Отарбаевтың «Тоқтышақ» әңгімесінде де кеңінен ашылған. Бес күндік опасыз фәнидің көзді арбаған әлекей-шүлекейіне малданып, жалғанды жалпағынан басатынымыз өтірік емес. «Ескі сарай бұл дүниеге кім келіп, кім кетпеді?» деген  жалған пәлсапаны жаттап алып, ұлт қамын ойлағансып, көлгір сөздермен жүректі айнытатын «ұлылар» көбейіп кетті бүгінде. Жазушы осы мәселені аталмыш әңгімеде сәтті көтерген.

Әңгімеге тереңірек тоқталатын болсақ, бас кейіпкері Тоқтышақтың  жаңа ашылған ақ парақтай көңілін мұздай суық бетімен қайтарған тасжүрек дүниенің кім-кімнің де қабырғасын сөгіп, өзіне  құл ететін мейірімсіз қалпын да осы бір  сөйлемнен  айқын  аңғарта алған. Бар әлемнен тек жақсылық күтіп, өмір мөлдірліктен ғана тұрады деп сенген бала көңілдің  аспаннан жерге түсіп, күлпарша боп сынуы оқырманға үлкен философиялық ой аңғартады. Әңгіме ашөзек түлкінің ауыл жаққа тұмсығын төсеп, иіс аулауынан басталады. Қарға аунап, терісі өрттей құлпырған түлкіні Тоқтышақ қана аңғарады. Түлкі – бұл жерде жалған дүние, бес күндік фәни символы іспеттес. Ол енді өзіне жан сарайы аппақ қардай таза Тоқтышақты баурап алмақ… Шығармадағы философиялық тереңдік – түлкі-жалғанның алдағанына ермейтін пенде атаулы жоқ екенін мегзеуі. Аспан астында әділдік пен адалдық бар деп сенген жас балаға өзінің әлемішке толы сайқал бетін туғаннан көрсетіп келе жатқан тағдырдың  әділетсіздігі де түлкі арқылы көрініп тұрғандай. Мынау жер бетінің алдау-арбауға толы тірлігінен бейхабар, жаны әлі кірлемеген бір ғана сол еді.

Адам бәрібір табиғатқа тәуелді, табиғаттан өзіне үндестік іздейтіні де рас. Тасбауыр тағдырдың талай теперішін басынан өткізген кейуананың жанындағы жұбанышы болған жалғыз қара да осы бала. Бір қызынан өлідей, бір қызынан тірілей айырылып, көкірегін күйік шалған нағашы әжесінің зар-запыранын үнсіз тыңдап бөлісетін, Жаратқанға айтатын назы мен ренішін де түсініп, кешіретін жалғанда бір адам болса, сол – осы  Тоқтышақ. Ересектердің жанын түсініп болмайтын шым-шытырық жұмбақ өміріне сын көзбен қарап, өзінше баға беріп тұратын, әр қылықтарына талдау жасап, «Неліктен ересектер қателеседі екен?» деген сұраққа жауап іздеп, өз жасынан ертелеу ересек тартқан баланың жан дүниесіне тереңірек бойлауы жазушы шеберлігінің айғағы іспетті.

 Барлық пенде де тірлікте алдына мақсат-мұрат қойып, бір арманға асығады, үмітін үкілейді. Алайда көлгір өмірдің қиямет-қайымы сол армандарды күл қылып, жан сарайындағы таза әлемді былғанышқа орайтынын да ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Әңгіменің соңында Тоқтышақтың ауылға алыстан көз тігіп, өзіне шақырып тұрған түлкіні тағы байқап қалуы оның мынау жалғанның сиқынан алдамшылықты тануын байқатқандай. Алданып, түңіліп, опық жеп өмір сүретін пенделердің күйбең тірлігін, жалған дүниені меңзеп тұрған сыңайлы. Әңгіме шешімі де осы болса керек. Жазушы табиғат пен адам көңіл күйін егіздеп, алдамшы тірліктің жан түршігерлік қалпын суреттейді.

Рахымжан Қасымғалиұлы бүгінгі заманның тақырыбын ашық жазды, жағымпаздану дегенді білмеді. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бүгінгі күннің шындығын ашып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біздің әдебиетке жетпей жүргені де осы болатын. Оның тілі де ерекше, Оның бай да, айшықты тілі, әсіресе, табиғатты суреттегенде айқын көрінеді. Ол нені жазса да ішіне ене алады, адамның бойындағы бар қасиетті оқырманға көркем сөзбен жеткізу қабілетіне де ие болатын. Рахымжан Отарбаев — нағыз қара сөздің қаймағын қалқыған қаламгер еді...

Мақсотова Ләйлі Науайқызы

Атырау қаласы, жалпы білім беретін

Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

педагогика ғылымдарының магистрі

Тегтер: