Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 27 Желтоқсан 2021

Қара сөздің қаймағын қалқыған қаламгер

None
None

Ақиқаттың алдаспаны байқауына 

Бұйра шашын салалап тарап қойып, желпіген желге қарсы қарап, көк теңіздің жағасында қасқиып тұрған Рахымжан Отарбаевтың сұхбаттарын «Ютубтан» талай қайталап рет көргенмін. Жазушымен алғашқы таныстығым осылай басталды. Таныстық дегенім сыралғысы ғой. Сонау бір жылы Таразға келгенінде кітабын апарып, қолтаңбасын алып қалуға батылым жетпеген-ді. Өйткені қолға тиген туындысын тұтас оқып бітпеген едім. Әңгімелерін түгел оқып болғанда тағы бір кездесудің сәті түсер дегенмін… Адамның дегені бола бермейтінін түсінуге ұзақ уақыт та қажет болмай қалды.

Рахымжан Отарбаевтың сұхбаттарын талай мәрте қайталап көрдім ғой. Көкейге қонғаны – шындықты шырылдатып тұрып айтатын тік мінезі болды. Тиген жерін тіліп түсетіндей-ақ. Әр айтқаны – нақылға бергісіз. Әрі десе, бірден жатталып қалатындай тілге жеңіл. Бірақ соның ішінде таңдай қақтырғаны – «Қазақтың қара сөзін қойша өргіземін» деген сөзі! Ойпырмай қандай батылдық. Не деген сенімділік! Ал сонда қара сөзді қалай өрді екен деген қызығушылық – Отарбаевтың кітаптарынан бас алдырмады!

– Мынау кім өзі? – деді кетерінде Мона Лизаны нұсқап.

– Болашақ келініңіз. Ата-енеме баптап шәй құйып берем деп отыр.

Әзілдей салдым. Апам сол тұрған орнында сылқ етіп отыра кетті. Лекцияға асығып тұрғам. Мән бергенім жоқ. Артынша курс боп алыс сапарға аттандық.

Менің аңқау апам. Жіңішке уәйімін жетектеп ауылға жылап қайтыпты-ау…»

Жазушының қара сөзден қалай өрнек салатынын ә дегенде «Моно Лиза» ұқтырды. Сірескен сөз тіркестері жоқ, әр абзац та бояуы төгіліп тұрған нақыл да кездеспейді. Бірақ соған қарамастан, ауыл адамының боямасыз болмысы соншалықты дәл, соншалықты нақты. Қара сөздің өзі қарапайым болған сайын соншалықты биіктей түсе ме, қалай?!

 – Әлгі қияли бала қатын алам, депті. Құдамыз Қырымның қырында ма, Қазанның ойында ма, білмеймін. Қайда болса да алдарынан өтуге өздерің барасыңдар, – деп әкем Қияқбай бастаған екі-үш ағайынның басын қосыпты.

– Өзі Мәскеу асыпты. Ұялғаны шығар. Бір күні тыз етіп хабар берсе, дайын отырыңдар.

Қызылсырап жүргенде ормарқаның басын мүжіп, диланып алған ағайын үйден, құда, қайдасың деп шығыпты.

Ауыл әңгімесі асықпай аяңмен қыдырады. Және ерінбей есік соғып еніп, терезе қағып кіріп бәрін түгендеп бітпей тынбайды.

Алты ай бойы білгіштердің аузын бағып, қамсыз жүріппін. Артынша Моншақтан хат алғам.

– Енді менің суретімді салып әуре болмай-ақ қой. Есіт­тім. Құсың құтты болсын! Бағы ашылмаған мен бейбақты қайтесің…

Оқушы дәптерінің жарты бетіне сиған жазу құмырсқа құсап жан-жаққа жыбырлап қашып ұстатар емес. Көзім екен жасқа толып кеткен.

– Әлдекімнің өсегі шығар. Мүмкін емес, – деймін кеудем күйіп, – Мүмкін емес!»

«Ауыл әңгімесі асықпай аяңмен қыдырады». Қазір ғой тез жететіні. Әйтсе де, әлі күнге тас қаладағыдай қақмаңдайға салып қалғандай жаңғырып жетпейді. Жайбағыстап, ерніңді үнсіз тістеп отырып қалатындай, ұялтып жетеді. Қандай сөз жетсе де, аттан сап, атып тұрмайды ауылда ешкім. «Е-е-е», дегізеді, есіңді жиғызады. Міне, сондықтан, ауыл жұртының болмысын осылай бір-ақ ауыз сөзбен түйіп айтады жазушы.

Ал «Жалғыздығында» ше… Жазушы осы әңгімесінде табиғаттың суретін боямасыз өте дәл бейнелеген: «Көктем қуатына мінгесін қысыр бұлттар саяқтың үйіріндей бұлтыңдап қашып байыз таппайды. Қос жағалауын толқын тілімен жалап, шымырлап Шора өзені кетіп барады».

Арындап ағатын, күркіреп ағатын, көбік шашып бара жататын өзендердің барын білеміз. Ал қос жағалауын толқын тілімен жалап, шымырлап ағатын өзенді алғаш кезіктіргем. Қандай дәл сурет. Екі жағалауға кезек соқтығысып, бара жатқан толқындар көз алдыңа келе қалады.

«Арғы жағалауда жарбиып қаннен-қаперсіз жалғыз үй тұр. Үй іргесінде қабырғасын санап алғандай жетім құлын жүр. Онысы күншуақ жалғыздап суырып берген көгораймен қоймай тістесіп жатты. Қозыкөш жерде қыр басынан, жапырық інгеннің жабуындай боп, күн жеп тоздырған молалар қарауытты»...

Аузы көкке ілінбеген құлынның ет ала қоймағанын осылай жеткізеді жазушы. Жалғыз үйдің жанындағы жалғыз құлынның бейнесі. Жалғыздықтың көрер көзге сұрықсыз, суық екенін сезіндіре түседі. Пәлсапа соғып, кейіпкердің ішкі психологиясын ақтарып, аяушылық туғызбайды. Маңдайға жазғаны, бәлкім жаза басқаны – әйтеуір жалғыздықтың әсіре боясыз сүреңсіз көрінісі. Ешкімге мүсіркетпейді, қалың ойға шомдырғаны болмаса.

Қазір ғой, сөз ұстағандардың қара сөздің қаймағын қалқыған Рахымжан Отарбаевтың қазақ әдебиетіне қайталанбас құбылыс болып келгенін айтып жүргені. Қаламгердің қалам ұстағанның бәрін бауырына тартқаны да кейін ғой көп айтыла бастағаны. «Есті екен, еске алып жатыр екен» десін дей ме, «дархан көңілді, кең пейілді көркем сөздің көрнекті зергері, әсіресе, жастарға ерекше қамқор болатын» дейтін де естеліктер бар.

Бұл енді, рас сөз болса керек! Қолдауын көрдім, сөз демеуін сездім дейтіндер көп. Тіпті, қаламгер өзі өмірден өтсе де, талантты жастарға деген кең пейілін жер бетіне қалдырып кеткендей көрінеді кейде. Жыл сайын жазушы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби сын байқауының ұйымдастырылып, осы сөз додасында жастардың топ жарып жатқаны – соның дәлеліндей. Басқасын былай қойғанда, жазушының әңгімелерінің өзі жас ұрпаққа мол рухани азық екенін айтқан жөн.

Жадыра Мырзабай,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 4-курс студенті.

Тегтер: