Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:51, 14 Шілде 2022

Қарабақ шайқасы: Ерекше тапсырмалар орындаған қазақ кім?

None
None

Ербол Төреханұлы Барынбетов. Көпке беймәлім есім. Бірақ ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі болатын ер.

Есімі осы уақытқа дейін белгісіз болып келген ер Ербол 1974 жылы Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан өңіріндегі Қорағаты ауылында дүниеге келіпті. Ауылдан орта мектепті бітірген. 18 жасқа толар-толмас 1992 жылы армия қатарына алынып, Қапшағайдағы әскери бөлімге түседі. Табиғаты қағылез, іс-әрекеті ширақ, денесі шымыр, спортқа жақын Ербол әскери өмірге бірден бейімделіп, қатарынан оза шауып, тетік, самдағай жауынгерлердің қатарына өтеді. Әскердегі кезінде көзге түсіп, десанттыққа таңдалып, барлаушылыққа алынып, санаттағы сарбаз болған.

Сол жылдары Тәжікстанда ішкі соғыс болып жатқан кез еді, әрі көршілес Ауғанстанмен де арасы тыныш болмай ұрыс-соғыс жүріп жатқан. Ербол бітімгершілік батальонының құрамында Тәжікстанға екі мәрте барып, арнаулы тапсырма орындап қайтады. Міндетін ерекше жауапкершілікпен орындағаны үшін бөлімшенің шешімімен демалыс алып, ауылына келіп кеткен. Ол әскери борышын өтеп болып, әне-міне ауылына қайтқалы жатқанда аяқастынан жоғалып кетеді. Кенеттен хабарсыз кеткендіктен ата-анасы әскери бөлімге барып, Ерболдың із-дерегін сұрайды. Алайда олардан мардымды жауап болмайды. Сонымен оның өлі-тірісі белгісіз жұмбақ күйде қалады.

Арада біраз жыл өтеді. Ауылдағы інісі Нұрболға Ерболдан телефон келеді. Әңгімесі шоп-шолақ. «Әзербайжанның Баку қаласындамын. Жеңіл жарақат алдым, аман-есенмін, алаңдамаңдар!» деген екі ауыз сөз. Телефон үзіледі… Әзербайжанға неге барды, қалай барды, ол жағы беймәлім. Өзі сұранып кетті ме? Біреулер алып кетті ме? Нақты мәлімет жоқ.

Біз жоғарыдағы ақпаратты Құландағы оның жақындарынан естідік. Ал Әзербайжаннан келген екі қонақтан естігеніміз басқа әңгіме. Қысқасы, Қапшағайда дерегі белгісіз болып кеткен Ербол Барынбетов 1993 жылдың соңы мен 1994 жылдың басына қарай Бакуден бірақ шығыпты. Ол –Әзербайжан армиясына қосылып, Арменияға қарсы І Қарабақ соғысына қатысқан.

Ерболдың әскердегі командирі эамполит Салех Әлиев пен жауынгер серігі Мехман Мамедовтың айтуынша, Е.Төреханұлы Бакуге барып, Әзербайжанды қорғау үшін Қарабақ соғысына өз еркімен қатысуға өтініш беріпті. Әскери комитет оның арызын қабылдап, әскер қатарына алыпты. Сонымен, батыр ұл Қарабақтағы барлық отты шайқастарда болып, өзінің десанттық шеберлігі мен барлаушылық қабілетінің арқасында бөлімше командирі болады. Он адамдық топты басқарып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған. Соңғы рет ерекше міндетпен жаудың күшті артиллериясын жойып, елу адамды жер жастандырған. Сол жолғы майданнан қайтып келе жатқан жолында жаудың тұйықсыз шабуылына тап болып, оқ нөсерінің астында қалады. Шайқаста Ербол бастаған 8 жауынгер мерт болған. Төрт жеріне оқ тиіп ауыр жараланған Мехман Мамедов қана тірі қалыпты. Ертесі жауынгерлердің денесін майданнан алып шыққанда, Ерболдың да ерлікпен қаза болғаны анықталады. Бұл 1994 жыл екенін айттық. Батыр бауырымыз Ербол набәрі 20 жасында осылай ерлікпен қаза болыпты. Әңгіменің ұзын-ырғасы осы.

Біз Алматыдан ақындар – Саят Қамшыгер, Ерғали Бақаш үшеуміз шақыру бойынша Құланға барып, Ербол Барынбетовке арналған еске алу кешінде болып, марқұмға арнап жайылған дастарханынан ауыз тидік. Құлан халқы өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанды. Ерболдың дерегі биыл наурыз айынан кейін ғана шыққан. Бакуге бауыры Нұрбол бір жамағайын-жақынымен бірге барып қайтыпты. Осы істің жария болуына, көпшілікке таралуына себеп болып жүрген журналист Кенжина Насиха Гумаровна деген қайраткер әйел арт-артынан мақала жазып, Әзербайжан жағында, Қазақстан жағында аздап қозғалыс жасаған. Әзербайжан этно-мәдени орталығы Хатым Құран жасап, шараның жүзеге асуына да сол қаламгер Насиханың ықпалы болған. Насихан ханым Ерболдың зиратының басына бірнеше рет барып, екі жақтан да деректер жинап, ең бірінші болып мақала жазған адам. Осыдан біраз бұрын қызметтік сапармен Бакуге барған астаналық ғалым Амантай Шәріп пен алматылық ақын Саят Қамшыгер екеуі «Шейіттер қабіріне» барып зиярат етіп, Ерболға бағыштап Құран оқып қайтыпты.

1994 жылдан бері 28 жыл өтті. Ерболдан нақты дерек, шынайы ақпарат жетпеген. Батырдың әкесі мен шешесі тұңғыш ұлдарының хабар-ошарын ала алмай, екі көздерінен жасы сорғалап, аңсап жүріп, армандап жүріп, жылап еңіреп, жүрегі дертті, көңілі күпті күйінде өмірден өтіпті. Олар мынау кездесуге, Ерболдың Қарабақта батырларша шейіт болғанын естіген жоқ. Әзtрбайжаннан арнайы келіп, еске алуға қатысып сөз алған екі жауынгер серігі Салех және  Мехманның әңгімесіне қарағанда, 1994 жылы Ербол ерлікпен қаза болған соң, оны сол «Шаһиттер мазары» деп аталатын даңқ аллеясына құрбандардың қатарына жерлепті. Сонымен бірге, Қазақстан тарапына хат жазып, Ербол туралы мәлімет бергендерін айтты. Алайда бұл жақтан еш жауап болмаған. Ерболдың отбасы да бұл жағдайлардан мүлде бейхабар өтіпті.

Әзербайжан мемлекеті Ербол Барынбетовтың атына бір мектепті, тағы бір көшенің атын берген. Әр жылы оның туған күні 1 шілдеде зиратының басына барып Құран оқып, еске алып тұратындарын айтып отыр. Қазірге дейін Қазақстан қорғаныс министрлігі тарапынан ресми мәлімдеме, немесе нақты шешім, тұжырымды кесім болмай отырған көрінеді. Оның қандай сыры бар екенін ешкім білмейді. Дегенмен, осы жолғы Құландағы кездесуге астанадан екі депутат келіп қатысты. Аудан әкімінің орынбасары тыңдап, көзімен көріп қайтты. Бұл оқиғалардың бергі беті, ал арғы беті де бар шығар. Оны біз білмейміз. Тиісті мекемелердің басындағы жауапты адамдар мен билік өз жауабын айтар.

Біздің білетініміз Ербол Барынбетов ержүрек жауынгер болыпты. Ол десантшылардың қатарында ерекше тапсырмалар орындап көзге түскен. Қарабақта топ бастаған командир, ер бастаған батыр болыпты. Түбі бір түркі, діні бір ислам әзербайжандар үшін жанын оққа байлап, түбі түркінің тұтастығы, елдің бүтіндігі үшін бабасы Бауыржан Момышұлы секілді ерлерше алысып, ерекше жағдайда шейіт болған. Жауынгер серіктері батырды тебірене отырып еске алып, толқып тұрып сөйледі. Ерболдай ұл тәрбиелеген Қазақ халқына үлкен құрмет білдіріп, алғыс жаудырып қайтты. Олар әзербайжан халқының: «Отан бөлінбейді, шейіттер өлмейді» деген сөзімен Ерболды еске алуға арналған кешті бір толқытып тастады.

Тегтер: