Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 20 Шілде 2023

«Қарағанды-Балқаш» жолы биыл да бітпейтін болды

None
None

Жаймашуақ жазда айдын көлге назар тіккен мыңдаған туристің көңілін күптендіретін жағымсыз жаңалықты аймақтың  жолаушылар  көлігі  және автомобиль  жолдары  басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов мәлімдеді.

–  «Қаз АвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдерімен жақында тілдестім. Мердігерлер жыл соңына дейін төрт жолақты пайдалануға беру керек-тін. Алайда тасжолды толықтай жаңғыру мерзімі 2024 жылға ысырылып отыр, – деді инстаграмм желісі арқылы тікелей эфирге шыққан ведомство жетекшісі. Ал істі тиянақтауға жауапты «ҚазАвтоЖол» АҚ істің сөзбұйдаға салынуының бірнеше себептерін алға тартып отыр.

Олардың айтуларына сенсек, жұмысқа бас қойған бетте әлемді шарпыған COVІD басталып, берекені қашырған. Қытай вирусы бас көтерген кезеңде  жұмыс бірнеше айлап тоқтап тұрған. Кейін Индустрия және инфрақұрылымдық  даму министрлігімен жобаны үйлестіру жоспарын бекітерде тағы біраз кедергіге тап болған. Аталған министрлік құжатты тек  биылғы жылдың желтоқсан айында мақұлданыпты. Жол жөндеу кезіндегі қолбайлау мұнымен шектелсе жақсы. Мердігер жұмысына жаңа қарқынмен кірісе бастағанда әлдеқандай бюрократиялық кедергіге киліккен.

– Ковидтің салдарынан құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есеге аспандап кеткені айқын. Осындай қаржылық қиындыққа тірелген сәтте мердігерлер шабан қимылдады. Сондықтан жобаға қосымша қаржы салу үшін сметалық құжатқа түзету енгізуге тура келді. 2022 жылдың сәуір айында аталған жобаға толықтыру кірді. Осы кезде мемлекеттік аудиттің тексерісі қоса қабаттасты. Соның алдында ғана республикалық бюджеттік комиссияның алғашқы  нәтижесін қолға алған едік. Мердігерлер енді бақылаудың екінші қорытындысын күтіп отыр – деп мәлімдеді облыстық «Индустральная Караганда» газетінің кешегі санында сұхбат берген «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі.

Осындай оспадар олқылықтың салдарынан бүгінде асфальтбетон жабындысының астыңғы бөлігінің 83 пайызы ғана төселіп біткен. Ұзындығы 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш» күрежолындағы жөндеу жұмысы 2019 жылы басталған болатын. Жалпы, 8 жол аумаққа өңдеу жасау жоспарланған. Жобаның мердігері тап қазіргі мердігері – Қытайдың «CITIC ConstructionCo.Ltd» компаниясы. Айтпақшы, «істің басындағы өзге мердігерлер кім, қайда кетті» деген сауалымызға жартылай жауап қайтарған  «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның аты-жөнін жасырған ресми өкілі бар-жоғы «CITIC» компаниясы әу баста «консорциум» деп аталғанын, оның құрамына кірген екінші компания жұмысына салғырт қарағандықтан, қатардан шеттетілгенін және қытайлық бас мердігер компания қазір субмердігер ұйымдармен бірлесіп жол құрылысын жалғастырып жатқанын баяндады. Осы орайда, тындырылған жол бөлігінің сапасы қандай деген сауал көкейге оралады. Бұл тұрғыда жауап дайын. Маусым айының ортасында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК аймақтық бөлімшесі республикалық маңызы бар тас жолына бақылау жүргізген. Соңғы өткізілген шара барысында «Қарағанды-Балқаш» жолының асфальтбетон жабындысынан алынған сынама нәтижесі бойынша 11 ақау айқындалған.  

– Оның ішінде жол көлік оқиғасына тікелей әсер ететін кемшілік кеткенін ескерген жөн. Атап айтар болсақ, жол белгілері дұрыс тазартылмаған. Орындаушыларға ескерту айтылды. Олар жол инспекторлары көрсеткен ақауды дер кезінде орындады. Бірақ анау айтқандай, зор сорақылықтарды жолықтырмадық. Алайда дәл осы жолдан қыста 202 сынама алғанымызда, 179 нормативтік құжаттың  23-і сапаға сай болмай шыққан еді. Сол жолы аталған кемшіліктерге байланысты «ҚазАвтоЖол» компаниясына хаттама жолдады. Қатаң қадағалаудың арқасында кеткен кемшіліктер бүгінде толық жойылды, – деп баяндады бізге «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» жергілікті жердегі басшысы Тұрар Манас. «Жол активтерінің  ұлттық сапа орталығына» тексеріс жүргізуге тапсырыс беретін және қажет кезде қаржылай жазалауға құқы бар «Қаз АвтоЖол» АҚ «Балқаш-Қарағанды» жолына қатысты айыппұл төлеу фактісін тіркемегенін мойындады. Компанияның өкілі келесі жылы жолды тапсырар алдында 5 сатылы талап бойынша сапа сүзгіден өткізіледі. Сол кезде қандай да бір ақау тіркелсе, мердігердің мойнына айыппұл ілінеді, – дейді.

Біресе – пандемия, біресе – бюрократтардың езгісіне түсіп, енді жөнсіз тексерістің шырмауынан қайраңдап жатқан «Қарағанды-Балқаш» тас жолы биыл пайдалануға берілмейтін болды. Осылайша, қарағандылықтардың үміті тағы шайылды. Бұған дейін мердігерлер президенттен бастап, үкімет басшысына дейін жөндеу жұмысы 2023 жылы бітеді деп ант-су ішіп сендірген еді. Енді 2024 жылы тиянақталатынын меңзеп отыр. Тақтайдай жолды күтіп, төзімі таусылып, жүйкесі жұқарған жергілікті туристер болса, амалсыздан Жерорта теңіздің жағасына жайғасып, қайсібірі тәуекелге бел буып, Қара теңізге аттанып жатыр.

Тегтер: