Қарағанды көшелері мұз айдынға айналды
Қарағанды жұрты қатпарланған мұз құрсауынан шыға алмай отыр. Күннің күрт жылып, жердің жіпсуі тұрғындардың жаппай мертігуіне әкеп соғуда.
Сондай-ақ жол қатынасына да әсерін тигізуде. Синоптиктер елдің Батысы мен біздің өңірдегі бірі жылы, бірі суық ауа қабаттасып, ауа райын ушықтырды деп отыр. Әлбетте, табиғатқа адамның әмірі жүрмейді.
— Көктайғаққа қаланың коммуналдық шаруашылығындағы жауапты мамандар кінәлі. Қаңтарда жаңбыр аралас жауған қарды дер кезінде тазаланғанда, мұндай зәрезап күйде болмас едік. Үйден аттап шығу қорқыныш тудырады. Сенсеңіз, дала бетін көрмегелі 22 күн болды. Балаларым бір аптаға жететін азық-түлік, дәрі-дәрмегімізді алып беріп кетеді, – дейді қала тұрғыны Зәмзәгүл әже.
Қарағандының жаяу жүргіншілер жолы мұз айдынынан кем емес. Жауаптылар қиыршық тасты үнемдеуге көшкен бе, бұрынғы қалдықтары ескі қардың астына көміліп, ғайып болған.
– Қалбалақтап жүру жүйкені тоздырады екен. Аулада сіресіп қатып қалған мұздан аяғыңыз сәл тайып кетсе, оңбай омақата құлайсың. Өткен аптада мектепке бара жатқан қызым арқасына асынған зілдей сөмекесімен мұзға екі рет құлап, қолын ауыртты. Үйде жақпа май жағып, ем жасадым. Сыныптарындағы бірнеше бала осындай жағдайға душар болған. Көктем келгенше әлі қанша адам мертігетінін ойлаудың өзі ауыр, – дейді Оңтүстік-шығыс ауданының тұрғыны Ақжарқын Асылжанқызы.
Өңір дәрігерлері жарақат алушылардың саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда 3-4 есеге артқанын айтып отыр. Қаңтар айында 4574 адам көшеде құлап мертіккен. Бұл тек дәрігердің көмегіне жүгінгендердің саны. Оқыс оқиғаға ұшырап, өз бетінше емделгендер бұдан да көп болуы әбден ықтимал.
Көктайғақ жол қатынасына да кері әсерін тигізіп тұр. Жүргізушілерге көлік жолында темір тұлпарды тоқтату қиынға соғуда. Сырттағы тас жолдардағы жағдай осындай. Аймақтағы төтенше жағдайлар басқармасынан алынған ақпаратқа жүгінсек, жыл басынан бері облысты басып өтетін республикалық жолдарда ауыр жүк және дизельді отынмен жүретін көліктерге 39 рет шектеу қойылған. Көктайғақ орнағаннан бері қала ішіндегі жолдарда 10 көлік апаты тіркелген.
Кеншілер шаhары тұрғындарының «Қала көшелеріндегі мұз қашан жойылады?» деген сауалына, Қарағанды әкімі Мейрам Қожұхов инстаграм парақшасы арқылы «Жақын арада қалаға қардан тазалайтын әрі құм себетін 16 шағы және 20 орташа габаритті тракторлар келеді» деген жаңалық айтып ақталды. Бұдан бұрын әкімдік қызметкерлері ауладағы мұзды ою атқарушы органның міндеті емес екенін көлденең тартқан-тын. Олардың пайымдауынша, тұрғындар бұл мәселені тек «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда көрсетілгендей, мүлік иелері бірлестігін құрып немесе серіктестік ашу арқылы шешуіне болады.
Бұдан соң, біз «ҚР-сы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі» туралы Заңды ашып қарадық. Бұл құжатта «Кондоминумға жатпайтын тұрғын үйлердің жер аумағы қала әкімдігінің меншігіне жатады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ол аз десеңіз, облыстық мәслихаттың 2022-жылдың 21 маусымында осы заң аясында қабылдаған «Қарағанды облысының қалалары мен елді мекендерін абаттандыру» туралы ережеде көп қабатты үйлердің аулалары мен жаяу жүргіншілер жолын тазарту жергілікті биліктің құзырындағы шаруа екені айқын көрсетілген. Әдетте, ауланы мезгілімен тазартпаған Пик-тер мен кәсіпкерлік нысандағы ғимараттар ақшалай айып арқалап жатады. Ал парыздарын орындаудан тайсақтайтын өкілетті органдарға неге айып жүрмейді?
Қалай болғанда да қарағандылықтардың қазіргі арманы – мұздан арылу. Бірақ көптің мұң-мұқтажы жақын арада шешіле қояр ма екен? Елдің көкейінде үміттен гөрі, күдік басым.