Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:56, 05 Сәуір 2023

Қарағанды мұғалімдердің ақшасын есептей алмай жатыр

None
None

Ұстаздар қауымы қазіргі қоғамда қыңқ деп үн шығара алмайтын, бас қайғысын базына қылып айтудан жасқанатын маман иесі.

Дегенмен бүгінгі қоғам мектеп пен мұғалім шындығын елу пайыз ғана біледі десек артық айтқанымыз емес. Қарағандыда шыдамның соңғы шегіне жеттік деген бірнеше мұғалім бір мектепке жиылып, жалақы мәселесіне қатысты шағым айтты.

Қарағандының кей мектептерінде ұстаздар соңғы екі жылда жалақыларын уақытымен ала алмайтын келеді. Зейнетақы қорына аударымдары кеш түскендіктен банктер мұғалімдерге несие бермей қойған. Сонымен қатар сарылып күткен жалақыны кеш аудару салдарынан ипотекалық қарыздарын жабу барысында да қиындықтар туындаған көрінеді.

«Бізге зейнетақы қорының мамандары екі миллион теңгедей қарыз бар екенін айтты. Кейбір мұғалімдердің зейнетақы қорына осы ақша түспей қалғандықтан, оларға банктер несие бермеген болып шықты. Әрі мұғалімдерге екі пайызбен берілетін автокөлікті де рәсімдете алмадық. Ай сайын жалақыны әртүрлі уақытта аламыз, жалақыға қарап отырған соң бұл бізге ыңғайсыз, несиені де кеш төлеп жүреміз», – дейді қарағандылық мұғалім Лилия Зарубаева.

Даудың басы Қарағанды мектептерінде жалақыны есептеп аударып отыратын бухгалтер мамандардың жетіспеуінен шығып отыр. Мектептерде әр мұғалімнің алатын жалақысы бір деңгейде емес, санатқа, еңбек өтіліне, сағат санына қатысты еңбекақы көлемі әртүрлі болады. Қалалық білім бөлімінің мамандары мектептерде ақша есептеу оңай емес, әрі есепшілердің алатын жалақысы жүз мыңнан аспайды деп отыр. Яғни мұндай қағаз бен есепке шұқшиған, жұмысқа келгісі келетін есепшілердің саны өте аз. Мұғалімдер зейнетақыға түспеген қаражатымыз екі ортада қолды болып кетпесін деп шырылдайды. Ұстаздардың өкпе-назын тыңдауға келген білім басқармасының бастығы Гүлсім Қожахметова зейнетақы қорына қаражаттың аударылатынын жеткізді. Алайда басшылық есепші кадрлардың жетіспей отырған мәселесін қалай шешетінін айта алмады. Қарағанды мектептерінде жиырма шақты есепші мамандары жетіспейді екен. Осылайша ұстаздар әрең дегенде шулап жүріп мәселесін басшылыққа жеткізген еді. Одан да қайран жоқ, білім саласының басшылығы әзірге бұл проблемадан қалай шығудың жолын таппай отыр.

Тегтер: