Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің бөлшек салық мөлшерлемесі 4-тен 2%-ға дейін төмендейді
Президент тапсырмасы аясында, бөлшек салықтың арнайы режиміне қатысты және жергілікті өкілді органдарға төлемнің базалық мөлшерлемесін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік беретін салық заңнамасына енгізілген түзетулер 2023 жылғы 30 мамырда күшіне енгізілгені аян.
Қарағанды облысының, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері депутаттық корпуспен уағдаласа, бөлшек салықтың арнайы режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Жаңа ереже бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге тиісті. Бұл кәсіпкерлерге салық жүктемесін жеңілдетуге және аймақтың бизнес-ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Елімізде кәсіпкерлер үшін бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін ең алғаш төмендетуді Шет ауданы қолға алды. Абай ауданында да, БСМ мөлшерлемесін азайту жөнінде шешім қабылданды. Биыл 1 шілдесіне дейін облыстың барлық аумағында бөлшек салық мөлшерлемесін осы деңгейге жеткізу жоспарланып отыр, – деді облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев.Бизнесті қолдаудың мұндай мүмкіндігін қызметтің 190 түрі бойынша 35 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілер пайдалана алады. Бұл ретте, онда жұмыс істейтін қызметкерлерінің саны 200 -ден, жылдық табыс 600 мың АЕК-тен аспауы қажет деген талап ескеріледі. Айта кеткен жөн, бөлшек салықтың төмендетілген ставкаларын қолдану 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ретроспективті түрде енгізіледі.