Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:15, 17 Мамыр 2022

Қарағанды облысында азық-түлік бағасы шарықтап тұр

None
None

Ел бойынша жасалған мониторинг бойынша Қарағанды облысында азық-түлік бағасы қатты қымбаттаған.

Кенді өлке қымбатшылық өсімі бойынша алғашқы орыннан көрінді. Халық күннен күнге бағасы өсіп жатқан азық-түлікті көріп бір күрсініп амалсыз көнеді.Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша жақында премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде азық-түліктің бағынудан кеткен бағасын тұрақтандыруға қатысты жиын өткізген.

Мұнда Қазақстанда Қарағанды облысында азық-түлік бағасының ерекше шырқап тұрғаны айтылған. Қарағанды өңірінде азық-түлікке қатысты қымбатшылық деңгейі 0,4 пайызды құраса, тағы 11 өңірде Астана мен Шымкент қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы мен Түркістан облыстарында бағаның өсімі 0,3 пайызды құраған. Елімізде өткен аптада  33,6 мың дүкенді қамтыған рейдтік жұмыстар жүргізілген. Рейд барысында бағаны негізсіз өсірген 424 жағдай тіркелді. Нәтижесінде, бағаның өсімін 15 пайызға түсірген. Алайда Қарағанды өңірі тұрғындары бағаның түскенін байқамай отыр керісінше, күннен-күнге баға қосылып, жұрттың қалтасын қағуда. Тіпті нанның өзіне орта есеппен 30-40 теңге қосылған. Қанттың бағасы бес жүзден асса, еттің бір келісі 4-5 мыңға жеткен. Санамалап айта берсе, халық көп тұтынатын тауарлардың басым бөлігінің бағасы шарықтап тұр.

«Сүттің бағасы литріне 400-500 теңге, астананың бағасынан асып кеттік. Масқара ғой, биліктегілер жұртпен кездестік ана ауданға бардық,  мұнда барып кездестік деп мәз. Бір шара қолдана алмаса ондай кездесуді халық қайтеді? Бағаны тұрақты қыламыз деп өтірік есеп береді. Әбден ығыр қылды нарықтың бағасы»,  – деп қынжылады Қарағанды тұрғыны Сарқыт Шырынова.

Алайда Қарағанды өңірінің билігі бағаны қадағалайтын мониторингтік топ құрудан әріге бара алмай отырған тәрізді. Өйткені жұрт бағаны тұрақтандыруға әрекет жасаймыз деген биліктің сөзін естігенімен, нақты нәтижесін көрмей отыр. «Баяғы жартас – сол жартас».

Тегтер: