Қарағанды облысында газ тартуға пайызсыз несие беріле бастады
Қарағанды облысында орталықтандырған газ жүйесіне қосылушыларға жеңілдік қарастырылған.
Үйіне көгілдір отын кіргізуге бейілді тұрғындарға тұрғын үй қорын жаңғырту орталығынан 5 жылға пайызсыз несие беріле бастады. Несиені рәсімдеудің жолы жеңілдетілген. Қарағанды қаласының тұрғыны Сәния Нығматуллина осы бағдарлама арқылы алғашқы болып үйіне газ тартты.
-Үйімізге газ кіргеніне екі күн болды. Біз газ енгізуді көктемнің басына қалдырған едік. Мына бағдарлама үлкен мүмкіндікке жол ашты. Бағдарлама жайлы әлеуметтік желіден оқып, бірден «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС-не барып, техникалық шарттарға отырдым. Менің несиемнің жалпы сомасы- 749 мың теңгеге бағаланды. Ал оның ай сайынғы көлемі -12500 теңге боп шықты. Қажетті құжаттар қысқа уақыттың ішінде жылдам рәсімделді. Енді барлық қиындық артта қалды. Бұрынғыдай пештегі отынға алаңдамаймын, жұмысыма да алаңсыз баратын болдым,-дейді есте қалар әсерімен бөліскен қала тұрғыны.
Биыл бағдарлама бойынша 300 үйге осындай несие беріледі. Келесі жылы 500 тұрғын үй осындай жеңілдікті иеленеді.
— Бағдарламаның операторы біздің орталық. Халыққа айтарым, жұмыстың сапалы жүруіне мемлекет кепілдік беріледі. Бұл республикалық пилоттық бағдарлама екенін тағы еске сала кеткен ләзім. Осы бастаманы жүзеге асыруға облыстық бюджеттен арнайы қаражат бөлінген,-дейді аймақтық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев.
Мамандардың айтуынша, несиені рәсімдеу жұмысы небары 10 күнді алады. Құжат әзірлеудің жолы қарапайым. Қалған шаруалар тұрғындардың белсенділігіне байланысты. Айтпақшы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қолдау жасау ұмыт қалмаған. Кейбір санаттағыларға 300 мың теңгеге дейін біржолғы төлем қарастырылған.
Қарғанды облысын газдандыру науқаны 6 кезең бойынша жүргізіледі. Қазірдің өзінде, аталған қызмет 4 мың абонентке жеткілікті. Бүгінде кеншілер қаласындағы елдің төрттен бір бөлігі аталған қызмет түрін пайдаланып отыр. Мұнымен қатар, газ тарту желілерінің құрлысы кідіріссіз жүріп жатыр. Биыл қыркүйек айында тұрғын үйлердің ауласына газ құбырын тартудың үшінші кезең аяқталады. Бұл 2057 баспананы газбен қамтуға мүмкіндік береді.