Қарағанды облысында көмек беру тәсілдерін өзгерту үшін табысы төмен отбасылар есептеледі
Өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобалар пулын қалыптастыру. Жол жөндеу жұмыстарын тездетіп, мердігерлерден жұмыс сапасы қатаң сұралуы тиіс.
14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған Президенттің тапсырмалары Қарағанды облысының әкімдігінде қалай орындалатыны талқыланды.
Облыста Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша бес жыл ішінде 122 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру міндеті тұр, оның 38 мыңы тұрақты. Биылғы жылға жоспар – 32 мың, жартысы жұмыспен қамтамасыз етілген. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту ерекше назарда.
– Жұмыспен қамтуды үйлестіру, жастар саясаты басқармаларына қалалар және аудандармен бірлесіп жастарды белсенді жұмыспен қамтамасыз ету шараларымен қамту мәселесі бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Отбасының цифрлық картасына келетін болсақ, аймақ басшысы табысы күнкөріс деңгейінен төмен барлық отбасыларды анықтап, нақты көмек көрсетуді тапсырды.
Жеңіс Қасымбек өнеркәсіп саласындағы жаңа жобалардың жетіспейтіндігіне назар аударды. "Қазақинвест" өңірлік филиалы сынға ұшырады. Облыс әкімі барлық жобалар бойынша мониторинг жүргізуді және экономиканы әртараптандыруға бағытталған жаңа жобалар пулын әзірлеуді тапсырды.
– Шетелдік компаниялар үшін бізде «Сарыарқа» АЭА және Saran индустриялық аймағы аумағында жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік алаңдар түріндегі инфрақұрылым бар, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы жол жөндеу жұмыстарының сапасы туралы да айтты. Биыл облыста 1200 шақырымнан астам республикалық және жергілікті трассалар қамтылды. Барлық қалалар мен аудандардың әкімдері жол жөндеу сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ал "Қазавтожол" филиалына жол бойындағы қызмет көрсету деңгейін арттыру бойынша жоспар ұсыну қажет.
– Біз екі есе күш-жігермен жұмыс жасауымыз керек. Негізгі міндеттер – жұмыс орындары, халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.