Қарағанды облысында нан қымбаттап кетті
Қарағандыда әлеуметтік ұн наубайханашыларға таңдап жеткізілген. Осының салдарынан наубайхана қожайындары нан бағасын шамамен 25 пайызға өсіріп жіберген.
Әлемді шарпып тұрған қымбатшылық нан бағасына да кері әсерін тигізіп тұр.
Қарағанды облысының аудан, қалаларында қант бағасы 900-1000 теңгеге дейін жетті. Тіпті жұрт дүкеннен-дүкенге жүгіріп, құмшекер таба алмай, әуре сарсаңға түскен. Ірі дүкендердің сөресіне шығарылған қантқа таласқан да осы қарағандылықтар. Алайда шенеуніктер «тұрақтандыру қорынан дүкендерге қант жеткізіледі, шетелден де құмшекер келіп жатыр», деп жұртты сабырға шақыруда. Біреу тойып, біреу тоңып секіретін заманда қанттың әуресіне нанның мәселесі де қосылды. Соңғы бірер айда нанның бағасы шамамен 25 пайызға қымбаттап, нанның бөлкесі 180 теңгеге дейін жетті. Бағаны өсірген наубайханашылар мәселенің мәнісі мемлекеттен арзан бағамен бөлінетін ұнның барлық наубайханаға жеткізілмеуінен шықты деп отыр. Әлеуметтік нан бағасын ұстап тұру үшін жасалған меморандум аясында 1-ші сұрыпты ұн наубайханашыларға арзан бағамен таратылуы тиіс. Алайда Қарағанды қаласында сәуірден бері бір ғана диірмен арқылы «Сарыарқа нан» мен «Қарағанды нан», ЖШС наубайханаларына ғана ұн таратылған. Қарағанды қаласында оннан астам наубайхана бар. Соның ішінде бесеуі сәуірден бері ауыл шаруашылық басқармасы сұраған бірнеше құжаттарын уақытында өткізгендеріне қарамастан, ұнға қол жеткізе алмағанына шағым білдірді.
Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдин 1 шілдеде наубайханашылар мен ауыл шаруашылық басқармасы өкілдері бас қосқан дөңгелек үстелде талқылаған. Нанмен қаланы қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер «ұнды әлі алмадық, құжат өткіздік» деген өкпесін билік өкілдеріне жеткізді. Нарықтағы ұнның бір келісінің бағасы 210 теңге болса, азық-түлік корпорациясынан меморандумға сай ұнның келісі 110 теңгемен беріледі. Наубайханашылар арзан бағамен осы ұнды ала алмаған соң, нан бағасын өсіріп жіберіп отыр. Қарағанды қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Абзал Рахымбаев «құжат сұратып әуре-сарсаңға салу бізде жоқ. Өтініш бергендердің барлығын меморандумға қосамыз. Кейін олар ауыл шаруашылық басқармасы арқылы өндірушілердің мақұлдауын алуы керек. Бұл мәселе шешімін табады», – деп мәлімдеді.
Ермек Әбілдин бүгінде наубайханашылар арзандатылған ұнға қол жеткізетін болды дейді. Дегенмен қымбаттап кеткен нан бағасын барлық кәсіпкерлер бірдей түсірген жоқ. Билік пен кәсіпкерлік арасындағы жұмыстың жүйелі болмауы салдарынан тағы да қарапайым халық зардап шегіп, қалтасы қағылды.