Қарағанды облысында өршіп тұр
Жаз келіп, тұрғындардың табиғат аясына демалуы басталғалы бері облыста 22 орман, 80 дала өрті оқиғасы тіркелген.
Өрттің қаулап кетуіне серуендеушілердің тікелей кінәсі бар. Күні кеше, Қарағандының іргесінде екі оқиға орын алды. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, «Қарағанды орманын қорғау және жануарлар дүниесіне» қарасты 70 гектар аумақ тілсіз жаудың құрсауына қалды. Оның 40 гектары орманды алқап. Екпінді желмен күшейген өрттен 7 саяжай мен сол маңдағы 15 шаруашылық ғимараттары жартылай зардап шекті. Ошақтың ортасында қалған бір саяжай күлге айналды. Құрылымдық күштердің қарқынды көмегі арқасында, саяжайда болған 5 адам құтқарылып, 25 кісі қауіпсіз жерге көшірілді. Ал, «Мичурин» саяжай қауымдастығына қарасты 3 гектар аумақты алып жатқан орман өртінен тұрғындар мен ғимараттарға ешқандай қауіп келген жоқ.
— Қарағандының іргесіндегі алғашқы орман өрті 17:45-те оқшауланды. Өрт сөндіру жұмысына ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылып, әуеден 12 дүркін су шашу жұмысы атқарылды. Қазіргі кезде жағдай тұрақты бақылауға алынды,-дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Екі апта бұрын Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында найзағай отынан тұтанған дала өрті он күнге ұласқанда сөнді. Бірақ, қауіпсіздікті алдын алу құрылымдары елді мекеннен толық кеткен жоқ. Олар оқиғаны әлі де қадағалау үстінде.
— Өрттің барлық ошақтары сөндірілді. Әзірге өңірдегі жағдай қалыпты ,-деп мәлімдеді бізге Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов.