Қарағанды облысында суармалы жердің ұлғаюы өнім түсімін артуда
Өңірде суармалы жерлердің көлемі ұлғайып келеді. Бұл түйткілге мемлекет шығындардың жартысын өтеу арқылы қол жеткізілген.
Бес ауданда инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Есесіне, биыл шаруалардың өсімі шамамен 4 мың гектарды құрап отыр.
— Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жол картасы жасалған болатын. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер 30,2 мың га егістік алқапты суаруда. Бірақ фермерлердің әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Өсім жылда ұлғаюда. Мәселен, 2022 жылы 3,8 мың га болса, биылғы жоспар – 3,9 мың га жеткізу, 2024 жылға – 4 мың га дайын өнім алу көзделуде – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының «Өсімдік шаруашылығы және техникалық жарақтандыру» бөлімінің басшысы Болат Омарбаев.
Абай ауданына қарасты, Құлайғыр ауылының маңындағы қараусыз қалған жерлер жанданды. Бұл аймақта су көзі тапшы еді. Абырой болғанда, жақын маңдағы Жаманжол бөгеті сақталған екен. Алайда, су құбырын металл бөлшектері тонауға түскен көрінеді. Он бір жыл бұрын осы жерлерде «Acker KZ» ЖШС егіншілікпен айналысуға бел буған. Шаруашылық алғашқы жылы 7 гектарға картоп және 20 гектарға арпа отырғызған. Содан бері егістік көлемі 2,3 мың гектарға дейін өскен. Биыл шаруашылық австриялық суару машинасын сатып алып, су құбырын қалпына келтірген.
— Жобаның құны – 250 млн теңге. Біз оны екі кезеңге бөлдік. Алдымен ұзындығы 2,5 км құбыр төселді. Жылжымалы суару машинасы маусым айында орнатылды. Арпа егілген жерді биыл бірінші рет суарып отырмыз, алайда қазірдің өзінде нәтижеге көңілден шығуда. Түсім 30ц/га дейін өсті. Келесі кезеңде осыншама құбырлар саламыз, алдағы көктемде екінші құрылғыны сатып алуды жоспарлап отырмыз. Шаруамызды ілгерлету мақсатында біз мемелекеттен ұзақ мерзімге 5 пайыздық жеңілдікпен 50 пайыздық субсидия алдық. Әлбетте, мемлекеттің көмегінсіз бізге өте қиын болар еді,- деді «Acker KZ» ЖШС -нің директоры Максим Велинский.
Суармалы жерлерде кәсіпорын болашақта бұршақ пен жасымық отырғызуды жоспарлап отыр. Айтпақшы, маңайда қалыпқа келтіруді сұранып тұрған бірнеше бөгеттер бар.Ол жерлерді кезең-кезеңмен қалпына келтіру жоспарлары да құрылған. Мұндағы мамандардың айтуынша, күрделі жөндеуден кейін егістікті суарудың қосымша көздері пайда болады.
Абай ауданының, Көксу ауылдық округінде «ДеМАСагро» ЖШС суару әдісін алғашқылардың бірі болып енгізді.
— Картоп пен арпаны ауыспалы егісте өсіреміз. Өткен жылы шетелден гидравликалы әрі жылжымалы типті суару машинасын сатып алдық. Техника оң нәтиже көрсетті. Алда уақытта тағы осындай құрылғы сатып алмақшымыз, — деді фермер Владимир Гергелюк.
Абай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батыржан Оразбековтың айтуынша, осындай тың бастамалар Құрма ауылдық округінде де жүріп жатыр, Аудан бойынша алдағы үш жылда суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша бірқатар инвестициялық жобалар игеріледі.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы