Қарағанды облысында табиғи өрт шықты
Еліміздегі аптап ыстықтан ауаның температурасы 37, кей жерлерде 43 градусқа дейін көтеріліп жатыр.
Шілденің шіліңгір ыстығы дала өртінің қаулауына әкеп соғуда. Төтенше жағдай өңірде кешеден бері қылаң берді. Шет ауданың Талды ауылдық округіндегі тау жоталарында шықты. Бұл арада көлемі 33,9 га аумақты құрайтын өрт ауыздықталды.
Осы арада басталған тілсіз жау «Ақтоғай орман қорғау» КММ қарасты орамынына жеткен. Болжам бойынша жалын 150 гектар жерге шарпыған. Өрт сөндірушілер 120 гектарды сөндіріп, қалған 20-30 гектар аумақтағы оттың бетін қайтарумен күресіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру орманда қураған ағаштар мен күрделі тау жоталарының көптігі, сонымен қатар өрт орнына кіру жолдардың болмауы жұмысты қиындатып тұр. Осы маңда табиғи су көздері тапшы, бәрінен қиыны- желдің екпіні өрттің ұшқынын өршітуде.
Осынау түйткілдерге қарамастан, өрттің шеті толық сөнді, ашық жану жоқ, тек шағын аумақтарда бықсу орын алуда. Қазір арнайы күштер жартастар арасындағы қалың қураған жерлерді сөндіріп жатыр.
Тілсіз жауды жоюға «Қазавиаспас» АҚ су төгетін құрылғысы бар тікұшағы жұмылдырылды. Дала өртін сөндіруге ТЖД, Ақтоғай орман және жануарлар дүниесін қорғау басқармасының, Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының және ерікті өрт сөндіру бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың барлығы 139 адам мен 20 бірлік техника жұмылдырылды.
Ал, өткен тәулікте Қарағанды облысының ТЖД мен ерікті өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен 3 дала өрті жойылды.
Атап айтқанда, Осакаров ауданына қарасты Озерное ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4 шақырым жердегі 10 гектар құрғақ шөп өртенді. Кеше Бұқар-Жырау ауданындағы Көкпекті ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде құрғақ шөптің жануы орын алды. Сондай-ақ Ботақара ауылдық округінен солтүстік-батысындағы 5 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді.
Қарағанды облысының ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады. Ауа райының өрт қауіпті кезеңінде құрғақ шөптер мен қоқыстарды ашық жерде, ғимараттардың жанында және қалың тоғайларда, ағаштардың түбінде от жағуға болмайды. Сөндірлімген сіріңкенің шиы мен шылымды жасыл желек пен шөптің үстіне тастамаған жөн.