Қарағанды облысының ауылдарында 92 медициналық нысан салынады
Бұл өңірдің денсаулық сақтау саласы бойынша жақын арада атқарылатын ауқымды міндет.
Жоспар екі жылдың ішінде игеріледі. Аймақтың 92 елді мекендерінде тұрғызылатын емдеу мекемелеріне 69 дәрігер жұмысқа орналасады. Олардың барлығы «Дипломмен-ауыл!» бағдарламасы аясында еңбекке қамтылатын жас мамандар.
- Еңбек өтілін ауылдық жерде бастайтын дәрігерлерге биылдан бастап, мемлекеттің міндетті көтерме қаржысынан бөлек 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін тағы қосымша ақша төленеді. Бұл орайда, ауылға аса тапшы болып отырған жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатор, анестезиолог, реаниматолог секілді жоғары сұранысқа ие мамандар үшін көтерме қаражат көлемі 5 млн теңге болады. Ал, кардиолог, невропатолог, хирург сияқты бейінді дәрігерлерге 3,5 млн теңге, сондай-ақ медбикелер мен фармацевтерге 1,5 млн теңге беріледі-деп мәлімдеді, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Аймақта ауыл тұрғындарына шұғыл қызмет көрсететін денсаулық сақтау кешендерінің жетіспеушілігін шешуге де көңіл бөліне бастады. Осы қажеттілікті жою мақсатында биыл Теміртау мен Балқаштағы медициналық мекемесінің жанынан көпсалалы орталық аудандық аурухана пайдалануға беріледі.