Қарағанды қар құрсауында...
Жарты миллионнан астам тұрғыны бар кеншілер астанасы – Қарағанды қалың қар құрсауында қалды.
Шаhар тұрғындары жаңа жыл басталғалы ақ ұлпамен арпалысып жатыр. Бойында қуаты барлар қонышы қарға толып көшеде омбылап әрең жүрсе, тысқа шығуға дәрменсіз жандар үйде отыруға мәжбүр. Жүргізушілер болса, күре жолға сіресіп қатқан қалың мұздан көлік тізгінін бағындыра алмай әлек. Облыстық жол полициясы жыл басталғалы ұйытқи соққан боран мен қар құрсауында қалған 200 адам құтарылды деп отыр. Ауа райы тосын мінез танытқалы Қарағанды жолдарында 27 көлік апаты орын алған. Байырғы тұрғындардың айтуынша, қалада мұндай нәубет соңғы 30 жылдан бері болмаған. Тұрғын үйлер мен ауладағы жолдар мүлдем ескерусіз қалып жатыр. Халықтың әсіресе мердігерлерге өкпе-назы өршіп тұр.
– Кейінгі түскен қар біраз жайдың бетін ашып берді. Қаладағы көлік жолдарында жеңіл көлік тұрмақ, зілбатпан техниканың өзі тұралап жатыр. Көлікпен жүреміз деп өзіміз қайраңдап қалдық. Жол апаты өз алдына жеке тақырып. Қарқын қимыл танытуға тиісті коммуналдық сала қызметі тұралап тұр. Мердігерлерде жігер жоқ. Әдеттегідей, еріктілер жәрдем беруде. Әрбірден соң, халықтың мойнына жүк артуды доғару керек! – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ерғанат Кеңесбеков.
– Қала басшылығы аяр мердігерлермен аяусыз күресті бастау қажет. Қағаз жүзінде техникасы сіресіп тұрады, ал іс жүзінде соқа басы сүмпиіп жүреді. Бұлар құрылыста да, басқа да салаларда қаптап кеткен. Ал бюжеттің ақшасын опыруға келгенде алдарына жан салмайды. Мал табудың оңай жолын тапқан мердігерлерді жазалап, қатаң талап қоятын кез келді, – деп отыр Қайрат Әбілдә.
- Менің пайымдауымша, облыстық мәслихаттың депутаттары мен парламент мәжілісінің депутаттары мердігер фирмаларға қатысты заңға өзгерістер енгізбесе, мәселе сөзбұйдадан аспай қалады. Күре жолдың бойындағы қарға көміліп қалған ауылдарға бармақ түгілі, ондағы жұртқа хабарласқан депутаттар бар ма екен? Олардың әдеті аян, тек сайлау жақындағанда жапатармағай жүгіреді, – дейді Сәкен Келдібаев.
Тығырықтан шығар жол бар ма?
Қазыбек би ауданының әкімдігі апта соңында қол қусырып отырмағандарын, Қарағандының орталық көшелерін қардан тазалау жұмысына екі аусымда 120 техника мен 110 адам жұмылдырылуда. Алайда, қолайсыз ауа райы сарқылған күшке дес бермей жатыр деп ақталуда. Бірақ аумағы ат шаптырым облыс орталығына осыншама техника мен адам күші аздық етіп отыр. Қаңтар қиқар мінезін енді бастады. Алда қандай «тосын сый» күтіп тұр? Ендеше, қайтіп қам жасау керек?
— 15-20 жылғы қалыптасқан жағдайды саралай келе түйгенім, аудан орталықтарында бұрынғыдай арнайы техникамен қамтамасыз етілген бір коммуналдық жол пайдалану кәсіпорындары мен коммуналдық құрылысы кәсіпорнын ашпасақ, тұралап тынарымыз анық. Ол үшін әуелі осы саланың міндетін мемлекеттік сатып алу рәсімінен бүтіндей босату қажет! Бүгінгідей пиғылы теріс, ісі кері кеткен мердігерлер тендерді басқа облыстардан ұтып алып, қарасын батырмасына кім кепіл? Мұндай дауасыз мердігерлермен соттасу да көп уақыт алады. Солардың кесірінен мемлекет қаржысы игерілмей, жұмыс жарты жолда жайрап қалғалы тұр. Айналып келгенде, олардың зардабын халық тартады, – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ниқанбай Омарханов.
Қазір көптің көңілі күпті. Халық: «Нағыз сойқан қардың көбесі сөгілетін шақта басталмаса игі» деп уайым кешуде. Айсбергтің еруін тамашалағыңыз келсе, көктемде Қарағандыға келіңіздер.