Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:45, 09 Қараша 2022

Қарағанды қашанғы қасірет шегеді

None
None

Қарағандыда соңғы жылдары адам шығынына әкелетін дүлей дүмпу үдеп кетті. «АрселорМитталТеміртау» компаниясының шахталары шынымен елді ерекше үркітіп тұр.

Жүрегі шайылған жұрт әлеуметтік желіде алып өндірісті ажал аждаhанына теңеп қойған. Олай демеске лаж жоқ. Алдыңғы аптада бес кеншінің өмірін жалмап кеткен Ленин шахтасында 16 жылдың ішінде 44 кенші шейіт болған. Өлім дерегінің  шегін тоқтату қиынға түсуде. Бұдан бұрынғы қасірет тізімін сөйлетсек, компанияға тиісті «Ақтас» шахтасы қайғыға жол ашқан. Ол жерде – 11 адам, одан кейін «Казахстанская» шахтасында – 14 кенші, 2017 жылы дәл осындай жағдай қайталанып, салдарынан 3 кеншіні өлім құшқан. Ірі апат 2008 жылы Абай кенішінде шығып, бір күнде 30 кенші мерт болған. Бұл аздай, 2016 «Саран» шахтасының басына қара бұлт төніп, 4 жұмысшы жан тапсырған. Бәрі метан газының жарылысынан опат болды. Бұл нәубет емей немене? Алда қандай қасірет күтіп тұрғаны беймәлім. Қауіптің алдын алмаса, арылмасымыз анық. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, соңғы жарылыс техногендік сипатта болуы мүмкін. Мұны кеншілердің тілімен айтқанда «метан мен көмірдің ұшқындалуы, лақтырылуы» дейді. Дегенмен «Ленин» атындағы шахтадағы дүмпудің нақты себебі әлі белгісіз. Оқиға болған жерде үкіметтік комиссия мүшелері зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр.

Қауіп қайдан?

Мамандар кеніштердегі апаттардың дені «АрселорМиттал Теміртаудың» кеншілерінің тағдырына салғырттықпен қараудан туындап жатқанын айтады. Ұзақ жыл Қарағанды көмір департаментінде, одан бұрын өңірдегі шахталарда басшылық қызмет істеген Қабдығали Оспанов көпшіліктің пікірін жоққа шығармады.

–  «Ленин» және «Қазақстан» шахталарында метан газының шоғыры жоғары қалыптасқан. Бұл кеніштерге бұрын «тұтқиылдан метан газын лақыру қауіпі бар» деген анықтама берілген. Метан газы көмірдің ішінде болады. Ал тазарту жұмысын жүргізу үшін алдымен забойларда бұрғылау қондырғыларды көптеп орнату керек.  Әлемнің озық технологиясын енгізген күннің өзінде, дегализацияны құнттамасақ, шахталар пәледен құтылмайды. Бір ескерерлік жайт, дегализацияға, яғни газды залалсыздандыру шарасына қомақты қаржы кетеді. Оны компанияның басшылары жақсы біледі.   Өкінішке қарай, ақша үнемдеудің салдары қаншама құрбандыққа әкеп соқтырып жатқанын көріп отырмыз. Ең әділетсіздігі сол, зардабын жазықсыз кеншілер тартып келеді. Кезінде бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты шахталардан дегализациялау шарасын қатаң талап ететін. Міндеттейтін мекеме жабылғаннан бері ол жұмыс компанияның құзырына берілді. Нәтижесі қандай болып жатқанына сіз бен біз куә болып жатырмыз, – деп қынжылысын білдірді кәсіби маман.

Сынақ алаңына айналдыруды тоқтату керек!

Данышпан «Википедияға» жүгінсек, әлемде маталл мен кен өндіруден екінші орынға шыққан «АрселорМитталТеміртау» компаниясының кәсіпорны дүниежүзінің 18 елінде бар. Дайын өнімдерін төрт континентіне жөнелтетін магнат 160 мемлекеттен пайда тауып отыр. Асқан дәулетімен жаhанды жаулап жатқан «Арселор» Еуропа мен Батыстың заңымен санасатыны шүбәсіз. Олай дейтініміз, Қазақстаннан басқа қай өңір сынақ алаңына айналып отыр? Төрткіл дүниеде жалғыз Қарағанды шахталарында жанартаудай жарылыс бітпей тұр. Енді қанша кеншіні жалмайды екен? Жүректі сыздататыны, шетелдік инвесторлар жарылыс тұтанған сайын ақтық сөздерін айтып, айласын асырып келеді.

– Компания кеншілердің жалақысын жоспарға байлап қойған. Ұзақ жыл кеніште істеген маман ретінде мұны жақсы білемін. Шахта айына 10 мың тонна көмір шығару жөнінде жоспар құрса, басшылық орындаушылардан 13 мың тоннаға жеткізуді табандап сұрайды. Инвесторға басыбайлы кеншілер бұл талапқа еріксіз мойынсынады. Бұдан кейін техникалық қауіпсіздікті сақтауды қадағалау қисынсыз. Егер техникалық ақауды ескерсе, Қарағанды шахталары айына 5 мың тонна көмір игеруге мүмкіндігі бар. Жоспарды межеден асырса, оқыс оқиғаға жол ашылады. Солай болып жатыр. Бізде «маржиналдық» әдіс басым. Енді «АрселорМитталдың» Еуропадағы шахталарына қараңыз, ол жақта сол елдің заңын қалтқысыз бағынады. Темірдей қатаң талапты бұзса, қатал жаза күтіп тұрғанына иланады. Мен Испанияның шахталарында болдым. Олар елдегі заңнан ешқашан  ауытқымайды. Кеніштер «техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, осыншама өнім аламыз» деген қасаң қағидадан аттап шықпайды. Ал біз 2000 жылдары бес мың тоннаны місе тұтпай, мың тоннаға дейін көмір алып, айды аспанға шығарған күніміз болды. Кеншілердің басын әлі де қатерге тігіп келеміз. Компания қаусап тұрған құрал-жабдықтарды жартылай жаңартуға бейілдік танытпай келді. Қызыл тілмен қарық қылады, іс жүзінде ештеңе көрінбейді. Түскен табыс қайда кетіп жатыр? Түскен табыстың 3 пайызын кеншілердің жалақысына жұмсайды. Өндірісті жарақтандыруға айына қанша ақша бөліп отыр? Бұл – жұмбақ. Мұның сыртында, қоршаған ортаны ластағаны үшін халыққа төлем төлеу ойларына кіріп шықпайды. Еліміздегі талапты орындататын барлық құрылымдарда, министрліктерде компанияның жасырын өкілдері бар. Олар алпауыт компанияның мүддесіне жұмыс істейді. Тоқетерін айтқанда, барлық проблема осыған айналып келіп тірелуде, – деді кенші мамандығын басқа кәсіпке ауыстырған қарағандылық Аманжол Оразалинов.

Төл ұлтты неге төрге оздырмайды?

«АрселорМитталдың» құрылтайшыларынан бастап, азулы қызметкерлері индустар мен өзге ұлт өкілдері. Азулы инвестор Қазақстанның байлығын игеріп отырып, жауапты тұлғалардың қатарына қазақ азаматтарын неге алмайды деген заңды сауал туындайды. Әлде, қазақ қызмет қылуға жарамай ма? Бұл ұлтына құрметпен қарайтын қарағандылықтарды ойланта бастағандай.

— Еуропа мен Батыстағы, іргедегі Ресейдегі компанияның кеніштерінен жергілікті ұлттың өкілдерін басшылық қызметтен кездестіресіз. Бізде неге бұлай емес? «АрселорМитталдан» құзыретті қызметтің тұтқасын ұстаған бір қазақты таппайсыз. Мұны нементүсіндіруге болады? Бұл ұлтаралық алауыздықты маздатудың көрінісі емес. Әр бірден соң, магнаттар қазақтың жомарт жерін еміп отырған елмен санасып, сыйлауы керек. Ілгеріде, тап осы «АрселорМитталда» Әлішер Әденов деген талантты, талапты қазақ жігіт жауапты кадрлардың бірі болды. Әлішер маңайына төл ұлттың білімді мамандарын тарта бастағаны сол еді, айналасындағы іші тар басқа ұлттың өкілдері оның сыртынан жала жауып, ақыры шыдатпай айдап шықты. Үкімет «АрселорМиттал» тағдырын қолға алатын уақыт келді деп ойлаймын, – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Түсіпов.

Елді ұлардай шулатқан «АрселорМитталдың» кезекті апатынан соң, экология министрлігі тілшілер сынына ұшырайтынын сезді ме екен, жеделдетіп, журналистерді жинап ақталды. Баспасөз конференциясында министрлік өкілдері балағынан байлығы төгілетін «АрселорМитталға» қоршаған орта заңын орындамағаны үшін 6 млрд теңге төлеттіреміз. Бұдан сорақысы, миллиардтың үстінде айыппұл салуға дайындалып жатырмыз, лимиттерін 210 мыңға дейін азайтуды межелеп қойдық деп аттандап мәлімдеді. Бұдан шығатын қорытынды, күні бүгінге дейін мешелдің мехнатын, мылқаудың  күйін кешіп келген министрлікке батылдық қайдан келген? Экологтар кезінде неге осылай деп дабыл қақпаған? Компанияның бұдан бірнеше жылғы қордаланған қарыздарын қалайша кешіріп келген? Журналистерден мұндай сауал, орындаушылардан жауап болмады.

Тегтер: