Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:32, 27 Қаңтар 2023

Қарағанды қою түтіннен қашан құтылады?

None
None

Қарағандылықтар қаңтардың басында қалың жауған қардың құрсауынан әлі де құтыла алмай келеді.

Жол жиегімен үй-үйдің арасында үйіліп қалған қар адымыңды аштырмайды. Омбы қарға көндігіп, ит сілікпесі шыққан жұрт енді таза ауа жұта алмай әуре болып жүр.

Өйткені желсіз тымық күндері Қарағанды аспанын қою қара түтін басып қалады. Улы газы бар түтінмен демалу қарағандылықтар үшін азап болып тұр. Кей күндері түтін қаптағанда тұман тәрізді болып жарты шақырым әрі қарайғы жердің сұлбасын көрсетпей қояды. Мұндай жағдай әсіресе Майқұдықта жиі қайталанған болатын. Жұрт түтін басып кеткен ауамен әзер демалғанда, денсаулығымыз қандай күйге түсер екен деп алаңдауда. Әсіресе мұндай қолайсыз ауа райы демікпе және жүрек сырқатына шалдыққандар үшін қауіпті болуы мүмкін.

— Желсіз күндері Қарағандының ауасы шамадан тыс бұзылып кетті. Кейде тіпті түтіннің көптігі сонша көлікпен келе жатқанда, алдыңдағы дүние көрінбей кетеді. Неше жыл болды Қарағанды қаласына газ тартады деп айтып келе жатқанына, сол жұмыс баяу жүріп келе жатыр. Түтін жер үйлер мен кәсіпорындардан шығып, әбден берекені алды. Таза ауаны аңсайтын болдық, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Марат Жұмабек.

«Қазгидромет» өткен аптада Қарағанды және Теміртау қалаларында бірнеше күн температуралық инверсия есебінен атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеожағдайлар күтілетінін хабарлаған болатын. Жалпы кез келген қарағандылық ауа райын болжайтын мамандарсыз-ақ тымық күні ауа қабатының қолайсыз болатынын баяғыдан біледі. Мұндай жағдай Арқаға қылышын сүйретіп қыс келгенде жылда қайталанады. Қарағандыға газ тарту, сөйтіп жер үй аумақтарын газ арқылы жылыту жұмыстары қолға алынып жатыр. Алайда бұл жұмыс «митыңдаған көк есектің» жүрісіндей тиісті қарқын алмай тұрған тәрізді. Экологтар ауаға зиянды түтін шығаратын жер үй секторларын жылумен қамтамасыз ету орталығына қосуды және газбен жылыту жұмыстарын тездету керек деп есептейді. Тұрғындардан зиянды ауа қабатына қатысты шағымдар көп түскен соң Экология департаменті қаланың бірнеше аумағында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Экологтар зерттеу барысында ауа қабатында ластаушы зиянды қалдықтардың бірнеше есе өсіп кеткенін мәлімдеді. Жер үй секторы маңайында мұндай қалдықтар тіптен көбейген екен. Қарағанды аспанынан түтіннің кетпеуіне бірінші кезекте жер үйлердің будақтатып пеш жағуы себеп болса, екінші бір себеп жолаушы тасымалдайтын автопарктерде ескі автобустардың көбейіп кетуі. Бұр әрине күнделікті көзбен көріп жүрген шынайы көрініс. Аялдамада тұрғанда соңынан қара түтінді будақтатып қозғалып бара жатқан автобусқа еріксіз көзіңіз түседі. Қыстың тымық желсіз күндері көмірлі Қарағандының көрінісі осындай. Жол шетінде үйіліп жатқан қардың қара түске айналуы да тіршіліктің қара қамытын еріксіз еске түсіріп, жаныңды тағы бір қынжылтады...

Тегтер: