Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 02 Ақпан 2023

Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда

None
None

Тап қазір жаhан жұртын зардапқа ұшыратқан әлем экологиясын қалай сақтап қалуға болады және табиғи ресурстар қорын қайта өңдеудің мүмкіндіктері қандай деген мәселе толғандырып отыр.

Адамзаттың бұлайша алаңдауының жөні бар. Осы күні дүниежүзінде қоқысқа тасталып жатқан бір тонна баспа платалардың қалдығында, орта есеппен, 130 келі мыс, 1,38 келі алтын және 0,21 келі палладий бар. Қарағандылық зерттеушілер ойлап тапқан технология осы бағалы металлдардың 95 пайызын қайта өңдеп, пайдалануға мүмкіндік береді.

– Бұл еңбек электронды баспа платасы деп аталады. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап, үйдегі тұрмыстық техникаларға ғана емес, өндірістердегі электронды станоктарға, көлікке, ұялы телефондарға, қан қысымын өлшейтін тонометр дейсіз бе, тіпті ақылды шаңсорғышқа да электроникалық баспа платасы орнатыла бастады. Біле білсек, осындай түймедей аспаптың қауіпі де күшті. Жыл сайын әлемде 7 млн тонна осындай технологиялар қоқысқа төгіледі. Қисапсыз зиян. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, баспа платасынан жерге сіңген химиялық қалдықтар сол аумақтағы тұрғындардың жер суына орасан зор зардап тигізіп, халық арасында қатерлі ісік ауруын көбейту үстінде. Оның залалдығы соншалық, улы қалдық жер қабатында бірнеше мың жыл сақталады. Басқа мемлекеттерге қарағанда, Еуропа қоқыстың осы түрін жинап, тек жартысын қайта өңдеп, қалдықтарын өртейді. Ал ауаға таралатын түтінді арнайы құралмен тазартып отырады. Есесіне, қатқан қалдықтан мыс, алтын секілді қымбат элементтерді алады. Бірақ оның қайтымы аз мөлшерде ғана. Біздің топ игерген полилактикалық қышқылдан жасалған электронды баспа плата биологиялық тұрғыда ыдырайды. Оны қоршаған ортаға тастағанда топыраққа еш зиян келтірмейді. Екіншіден, мұндай платаны қайта өңдеу ешқандай қиындық туғызбайды. Ізденіс барысында оны тәжірибеге асырып, бірнеше рет сынақтан өткіздік. Нәтижесінде 95 пайыз мыс пен 95 пайыз электрониканы, сонымен қатар құрылғының ішіндегі барлық материалдарды қайта алып, одан басқа плата істедік. Механикалық және электрофизикалық, төзімділік тұрғысынан тыңғылықты зерттелген құрылғы әбден дайын болған соң ғылыми мақала жаздық, – дейді бірегей еңбек авторының бірі Азамат Едрисов.

Ғылыми еңбек былтыр желтоқсан айында «Scientific Reports» журналында жарияланды. Бұл басылым материалдарды қайта өңдеу саласындағы жетекші еуропалық журнал екенін еске салған жөн. Айтулы ашылуға қызығушылық танытқан Францияның «Profession Recycleur-L'officiel Des Déchet» және Ұлыбританияның «Recycling International», «Newsbase», «Resource magazine» журналдары қазақ ғалымдарының тың әрі түрен жаңалығы жайында репортаж басып, қатты резонансқа теңеген. Жоба авторлары: Қарағанды медицина университетінің химия ғылымының докторы Дмитрий Хрусталев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Азамат Едрисов, Қазақтұтыну одағы Қарағанды экономика университетінің докторанты Арман Тіржанов, магистрі Анастасия Хрусталева мен Марлен Мұстафин.

Талантты ғалымдар тобының үш жылғы үзіліссіз ізденісінің  арқасында дүниеге келген еңбек келешекте жалғасын таппақ.

Тегтер: