Қарағандыда еттің бағасы ерекше қымбат
Қысы қытымыр, көктемі ызғарлы арқа өңірінде мал асырау қып-қызыл бейнетке айналып отыр.
Әсіресе шалғай ауылдардағы шаруалар қымбатшылықтың қыспағына төтеп бере алмай барады. Мал басы көбейгенмен, оның азығын табу шаш етектен шығынға ұрындыруда. Адал еңбектен береке тапқан орта деңгейлі шаруашылықтар төл өнімдерін өткізе алмай зар қағуда.
Біздің шаруашылық облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта жатыр. Тірлігіміз тақырға таянып барады. Малдың рахатын бағып-қаққан емес, делдалдар көріп жатыр. Қаладағы тұтынушыларға біз сиыр етінің келісін 1450 теңгеге беруге бейілдіміз. Ет іздеген қалалықтар ит арқасы қияндағы ауылдарға келмесі анық. Мұны жақсы білетін делдалдар бізден әлгіндей бағамен сатып алып, облыс орталығында үш мың теңгеден өткізіп жатыр. Бұл оңбай ұтылып жатқан тұтынушылар мен пайдадан қағылып отырған бізге үлкен соққы екені даусыз. Мал азығы болса, күйіп тұр. Жем-шөптің құны биыл ерекше аспандап кетті. Менің иелігімдегі жүз ірі қара малға қыстан қысылмай шығу үшін 30 мың түк шөп қажет. Бұл дегеніңіз- 30 млн теңге қаражат. Құрғақшылықтың салдарынан биыл шөп іздеп талай тау-тасты шарладық. Айта берсең, проблемалар көп. Жасыратын несі бар, қазір олиграхтардың иелігіндегі ірі қожалықтардың жағдайы жақсы, ал шағын шаруашылықтар банкроттың алдында тұр,- дейді Қарқаралы ауданындағы «Атамекен» шаруа қожалықтың жетекшісі Қинаят Сламбек.
Ауыл тұрғындары қазір жаппай мал сойып, ет өткізу қарбаласы үстінде. Қырдағы қауырт науқанның лебі қалаға жеткенмен, ет бағасы арзандамай тұр. Оны қарапайым тұтынушы ретінде күнде көріп жүрміз. Бүгінде облыс орталығындағы ірі сауда орындарында сиыр етінің келісі 3300 теңге болса, тартылған ет 3100 теңге тұрады. Дүкен сөрелерінде жылқы етінің орташа бағасы 3700-4 000 теңгеден тұр. Ұлттық статистика бюросының қыркүйек айындағы мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылдың осы айымен салыстырғанда биылғы он айдың ішінде еттің бағасы 15 пайызға қымбаттаған. Бірақ салыстырмалы кезеңмен алып қарасақ, бұл айда кеншілер шаhарында еттің құны өзге өңірден 30-40 пайызға өскенін аңғаруға болады. Қаладағы ірі супермаркетте осы жылдың қыркүйек айында сиыр етінің келесі 2387 теңге болса, жылқы еті 2932 теңгеге сатылды. Базардағы нарық әрқилы. Әйткенмен, ауылшаруашылық саласының кәсіби мамандары мен бұрынғы аудан әкімдерінің айтысына қарағанда, қаладағы қымбатшылықты ішкі нарықта ретке келтіруге болады. Ендеше, оның көзін қайтіп тапқан жөн?
-Бүгінде еттің бағасын жарты құнынан асырып сатып жатқан алыпсатарлар. Барлығымызға белгілі, ауыл тұрғындарының тоқсан пайызында жекеменшік көлігі жоқ. Алыпсатарлар халықтың осынау ұрымтал тұсын жақсы пайдаланып отыр. Ал амалын тауып, адал еңбегін қалаға әкеп сатам деушілердің алдында бөгет көп. Біріншіден, сататын орын табу қиын. Одан қалды, сыныққа сылтау іздейтін мал дәрігерлері үнемі шаруалардың аяғын шалады,- дейді ауылшаруашылық саласы бойынша тұрақты спикеріміз Ниқанбай Омарханов.
Ауыл, аудан, облыс тізбегі қымбатшылықтан құтқарады
Ел аумағы бойынша бұл тізбек іске аспай, бағаны бұғаттау мүмкін емес. Бұл ауыл проблемасын бес саусағындай білетін тәжірибелі маманның пайымы. Оның ойын одан әрі өрбітсек:
-Әсіресе Қарағандыда еттің бағасы әр кез толқып тұрады. Оны тоқтатудың бір ғана жолы бар. Ол үшін алдымен, ауылда кооперативтер, қалада ет комбинаттарын құру керек. Кооперативтер мал өнімдерін ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары тағайындаған бағаға сатып алып, ет комбинаттарына сол нарықта өткізсе болғаны. Үкімет енді субсидияны кім көрінгенге үлестірмей, кооперативтерге беру қажет. Сонда делдалдар мен алыпсатарлар өздігінен жойылады. Әрі еттің бағасы тұрақтайды. Бұл орайда талайдан айтып, орындата алмай келе жатқан ауыл, аудан, облыс тізбегін іске асыру керек, -дейді ауылшаруашылық саласының үздік қызметкері, қоғам қайраткері Н. Омарханов.
Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайлов елдегі инфляцияны еркінге жіберген сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатты. Бұған қоса, премьер-министр азық-түлік бағасы 20 пайыздан, 22 пайызға шарықтап кеткен алты облыстың әкіміне сөгіс берді. Көріп отырғанымыздай, шенеуніктерді жазалаумен нәтиже шықпайды. Министрлер кабинетінің жетекшісіне жоғарыдағы тізбектелген жүйені іске асыруға не кедергі? Әлде, одан хабарсыз ба? Ендігі жерде ауылдағылар кімге арқа сүйемек? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қазан айындағы жолдауында: «7 жыл ішінде елдегі ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңге қаржы бөлінеді» деді. Мемлекет басшысының осы бір сөзі қарағандылық шаруалардың келешекке деген үмітін отын жаққандай.