Қарағандыда киберқылмыс тыйылмай тұр
Ғаламтор қызметін пайдаланушылардың қатары артқан сайын аймақта киберқылмыс артып, айла-тәсілі де түрленуде.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне жүгінсек, биылғы жарты жылда 868 тұрғын ұялы телефон және ғаламтор алаяқтарының тұзағына түсіп, 1 жарым млрд теңгеге шығынға батқан. Криминалдық полиция басқарма бастығының орынбасары Аслан Өскенбаевтың айтуынша, интернет хаккерлерін қолға түсіру оңай емес. Оған біліктілік пен қырағылық қажет. Таяуда Қарағанды қаласында киберқылмысқа қатысты мынадай дерек тіркелген. Телефон алаяғы тұрғынға «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп телефон шалған. Аңғал әйел шектеулі уақыт ішінде әлгі баукеспенің шотына 500 мың теңге аударып жіберіп, опық жеп қалған. Мұндайлар көптеп кездеседі. Тәртіп сақшылары тәркілеген фактілердің арасында 15 миллион теңгеге дейін шығынға батқандар бар дейді.
Дәл осындай тәсілмен олжа табамын дегендер банктен 10 млн теңгеге дейін несие алып, жер сипап қалған. Мұндай тәуекелге бас тіккендердің саны 276 адамға жетіп жығылады.
Тағы бір алаңдаушылық туғызып отырған жайт, өңірде жалған шағын несиелік ұйымдардан онлайн несие алу белең алып отыр. Беті ашылған деректердің дені түрлі жобаларға тиімді инвестиция саламыз деген арбауға түскен. Жұрттың көбі қазір «Тенгри», «ютуб», «инстаграм» парақшаларын қарайды. Мәселен, инстаграмдағы «Таргет» жарнама парақшасына кіріп, өзіне қажетті инвестиция түрін таңдаған тұтынушы жүктемені басқанда, оған бірден парақша ашылып, логин және құпия сөз таңдауға мүмкіндік беріледі. Сол сәтте инвестициялық компанияның атынан төменгі деңгейде тұрған қызметкер қоңырау шалып: «Сіздің бастапқы жарнаңыз 500 доллар болуы керек (жобалап айтқанда). Салынатын қаржы тоқтаусыз жұмыс жасайды, оған ағаш сатып аламыз, тіпті мұнай да аламыз, сөйтіп, 2-3 күнде түсіміңіз артады» деп сендіреді.
Бұл ұсынысқа сенген әлгі адам айтылған соманы ұзатпай аударады. Келесі күні анау айтқандай, салынған ақша екі-үш есеге өсіп, инвестиция 200 мың долларға табан тірейді. Одан кейін компанияның екінші өкілі хабарласып, «ірі саудаға кірсеңіз пайдаңыз екі есе өседі» деп, үміткерді еліктіре түседі. Арада 3 тәулік өткен соң, тұтынушыға өзін «сауда-саттық бөлімінің бастығымын» деп таныстырған үшінші тұлға хабарласып, жиналған 2 мың доллардың үстіне тағы осыншама қаржы құйсаңыз, бір аптада табысыңыз бұдан да шарықтай береді деп сендіреді. Аңғал келіншек қылмыскер ұсынған шоттан ақшасын шешейін десе, көк тиын жоқ. Сонда ғана жәбірленуші «аh» ұрып, аза бойы қаза болады. «Іс бітті, қу кетті» деген – осы.
— Инвестициялық жобаларға кіргендердің арасында 50 млн теңгеге дейін тақырға отырғандар бар. Былтыр 59 адам осылай сан соғып қалса, биыл 15 дерек тіркелді. Осы жылдан бастап шағын несие беру талабына верификациялық жүйесі енгізілгеннен кейін, дерек саябырлай бастады, – дейді криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Аслан Өскенбаев.
Киберқылмыс тәуекеліне баратындар кәнігі хаккер емес. Мамандардың айтуынша, компьютердің қағидалары мен ғаламторды бір кісідей меңгерушілер киберқылмыс ұясына қиналмастан кіре алады.
— Көпшілікке мәлім, IT технологиясында SAA (Sofware as a Service), Iaas (Infastructure), Paas (Platform) деген қызмет түрі бар. Оны IT cаласынан алыс адамдар да меңгере алады. Айласы алты қырдан асатын киберқылмыскерлерге «Caas», Maas» деген термин кеңінен мәлім. Осы жүйемен кәнігі хаккердің туындысын жалға алып, айласын асырып жатқан алаяқтар бар. Ескеретін бір жағдай, соңғы уақытта қылмыскерлер озық технологияларға машықтанып алды. Ал бұл киберқылмыскерлердің IT әлеміне тіс батыра бастағанын аңғартады, – дейді IT маманы Талғат Ондаш.
Қалай болғанда да киберхаккерлер тұзағын алысқа құра бастады. Қоғам белсендісі Өзбек Бимендин виртуалды алаяқтардың тонауына түсіп жатқан қарапайым халық құқықтық сауатын көтермейінше, ақпараттық шабуылдың шырмауынан шыға алмайтынын айтады.
– Киберқылмыскердің қармағына оңай ілінетін адамдарға қайран қаламын. Былай қарағанда, бейтаныс адамға ересектер жеке басын айғақтайтын құжат пен банктің есепшотын оңай бере салуы санаға симайтын жайт. Көшедегі бөгде кісіге жайдан-жай амандаспайтынымыз бесенеден белгілі. Ал айдаладағы қоңырау соққан біреуге жеке басыңызды куәландыратын деректі ұсынып, айтқанын екі етпей істеу –сауатты адамға тән әдет емес. Тіпті мұндай хаккерлермен бір минуттан артық сөйлесу –өз-өзіңді тұзаққа түсірумен пара-пар. Ендеше, жұрт аңғалдықтан арылып, құқықтық сауатын көтеруді қолға алмаса, тонауға түсуін тоқтатпайды – деп кесіп айтты Ө. Бимендин.
Жетілген компьютерлік қылмыс жаhан жұртын алаңдатып отыр. Адамзаттың алаңдатушылығын тудырған қатерге тосқауыл қою – құқық қорғаушылардың нәтижелі жұмысына, елдің интеллектуалдық деңгейіне байланысты. Қалай айтсақ та өркениеттің көшінде тұрған мемлекеттерде киберхаккерлердің тұзағына түсетіндердің қатары анағұрлым аз. Өйткені ұлы философ Хантингтон айтқандай, XXI ғасыр – ақпараттық, идеологиялық күресі басталатын дәуір. Ал интеллектуалды ұлттар бұл шайқастың бетін оңай қайтара алады.