Қарағандыда көктем мен жаңару мерекесі - Наурыз тойланды
Сарыарқа төсінде " Самарқанның көк тасы жібіген " ұлыстың ұлы күнінде ауа райы құбылмалы болып, боран соқты.
Дегенмен Арқа жұрты боранға қарамастан Наурыз мерекесін көтеріңкі көңіл күймен тойлады. Қарағанды облысының барлық қала мен аудандарында мерекелік концерттермен спорттық бағдарламалар өткізілді.

Басты салтанатты іс-шара Қарағандының орталық саябағында өткізілген болатын. Таңертеңнен мұнда әсем әуендер ойнап, әндер шырқала бастады. "Қош келдің, әз Наурыз!" атты шараға шығармашылық ұжымдар мен арнайы шақырылған қонақ – «МузАрт» тобының солисі Кенжебек Жанәбілов қатысты.Саябақтың аллеясында облыстық басқармалар, жоғары оқу орындары, банктер және ірі кәсіпорындар ұлттық нақышта әсем етіп киіз үйлерін тікті.Киіз үй қалашығы мен мерекелік концертке облыс әкімі Жеңіс Қасымбек келді.Ол іс-шараларды ұйымдастыруға қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады.
Саябақта жастардың жақсы көретін алтыбақандар орнатылған. Ал балалар пони мен атқа мініп, қуаныштарын жасырмады. Сондай-ақ, жұрттың тамашалауына үй жануарларымен бірге жеті қазынаның бірі саналатын тазы мен қыран бүркіт ұсынылды.Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін сауда шатырлары жұмыс істеді. Сондай — ақ қолөнершілер өз тауарларын сатылымға шығарды.Саябаққа құрылған киіз үйдің бірінде тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша жарыс ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығынан қалған спорттық жарыстарды «Жастар» спорт кешеніне ауыстыруға тура келді. Мұнда карате, кикбоксинг, бокс, дзюдо, самбо және семсерлесумен айналысатын жас спортшылар өнер көрсетті. Спорт әуесқойлары гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату бойынша жарыстарға қатысып, өз шеберліктерін көрсетіп бақтарын сынады. Осылайша Сарыарқа төсіндегі Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара кешке дейін жалғасын тапты.