Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:21, 11 Қаңтар 2023

Қарағандыда көп қабатты үйден өрт шығып, үш адамның өмірін қиды

None
None

Айтып келмейтін апат Қарағанды қаласының  Республика даңғылындағы 16 қабатты үй тұрғындарын әбігерге салды.

10 қаңтар күні түнгі сағат 21.29 — да  көп қабатты үйдің  8 -ші  қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Пәтердегі қабат аралық  плиталар мен қалқалар опырылып түскен. Бастапқыда төтенше жағдайлар қызметі  пәтерде газ балоны жарылуы мүмкін деген болжам жасаған болатын. Артынша бірер сағаттан соң оқиға орнында газ балоны құрылғысы табылған жоқ деп мәлімдеме жасады. Өкініштісі сол, үш адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Өрт сөндірушілер  пәтерге барған кезде екі ер адаммен бір әйелдің мүрдесін тапқан. Құтқарушылар  16 қабатты тұрғын үйден 110 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Өрт сөндіру қызметі келіп жеткенше үйдің сегізінші қабатындағы терезеден бір адам  секіріп кеткен. Ол өзі секірді ме, әлде жарылған газдың дүмпуімен құлады ма, бұл жағы әлі беймәлім. Оны жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кеткен. Төтенше жағдайлар қызметі апаттың себеп салдарын алдағы уақытта анықтаймыз деп отыр.  Аталмыш тұрғын үйде орталықтанған газ жүйесі жоқ көрінеді.

" Өрт сөндірілді, тұрғындар үшін автобус даярлап қойдық. Өрт шыққан үйдің тұрғындарын осы автобуспен дайындап қойған қонақ үйлерге орналастырамыз. Негізінен үйде жылу жүйесі жұмыс жасап тұр, тек тоқты уақытша сөндіріп тастадық. Жағдайды бақылауда ұстаймыз",- деді оқиға орнына жеткен облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев.

Шенеуніктердің айтуынша сегіз тұрғын ғана қонақ үйге барған. Қалған тұрғындар туыстарының үйіне қонуға кетіпті. Осылайша сақылдаған сары аяздың күшіне енген кезінде 16 қабатты тұрғын үйдің халқы қиын жағдайға тап болды. Биліктегілер оқиғаның шығу себебі анықталған соң, көп қабатты тұрғын үйдің қауіпсіздігін тексереміз деп отыр.

Тегтер: