Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:13, 13 Сәуір 2022

Қарағандыда көп қабатты үш үй сүрілуі мүмкін

None
None

Бірден айта кетейік, өткен аптада Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс ықшам ауданындағы тұрғын үйлер мен көлік жолдарын тасқын су шайып, мұқым елді әбігерге салды.

Жоғарыдағы тосын хабарды оқиға ортасына жеделдетіп жеткен шаhар әкімі Ермағанбет Бөлекбаев БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

– Үйлерінен аттап шыға алмай қалған жұртты трактордың қалағына отырғызып, тысқа шығаруға мәжбүр болдық. Бұқпа өзенінің жағасында тұрған көп қабатты осы үш үй апатқа төтеп бере алмайтын түрі бар. Бірақ бұл баспаналарды ысырар алдында құқық қорғау органдары заңдылық жағын егжей-тегжейлі тексеретін болады. Содан кейін шешім қабылдаймыз. Негізінен үш үйге де қатер бар, – деді кеншілер қаласының  бірінші басшысы.

 Бұқпа өзенінің сағасына салынған үйде 60-қа жуық адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша, тасқынның алғашқы толқыны баспаналарына лап қойған.  

– Бұл үй 2017 жылы пайдалануға берілген. Соны ести сала, банктен 18 млн теңгеге ипотека рәсімдеп екі бөлмелі пәтер алдым. Екі ай бұрын қуанышым қойныма симай шаттанған едім. Енді төбемнен жай түскендей күйге еніп тұрмын, – дейді зар илеген Төлеутай Нығметжанова.

— Әлгіде,  К-700 тракторы көз алдымызда суға батып кетті. Өзен ағыны өтетін жерге тұрғын үй қалай салынған? Кім рұқсат берген?  Соны ойлап, қайраң қалудамын. Қазір қайда барып, кімнің босағасын жағаларымызды білмей дел-сал болып тұрмын. Оның үстіне, жағдайым ауыр. Екі балам бар, үшінші перзентке аяғым ауыр, – деп кемсеңдеді апатты үйдің тұрғыны – Назгүл Досжанова.

Тосын оқиға орын алған кезде өзен жағасындағы 11 пәтерлі бір үй ағын өтінде қалып, құтқарушылар пұшайман жағдайға килікті. Мамандар келешекте дәл осындай төтенше жағдай қайталанса, аталған баспана ендігісіне шыдас бермейтінін ескертті. Ал айтпай келген апат күні пәтер иелерінің біразы қонақ үйлерге жайғастырылып, кейбіреулері туыстарының үйін сағалап кеткен.

Тегтер: