Қарағандыда мешіт жанынан бүгін «Ақсақалдар мектебі» ашылды
Білім алу қашан да кеш емес. Ислам дінің ізгілікке бастайтын қағидасының бірі- адамды өмір бойы ғылым -білім үйренуге үндейді.
Асыл қасиетті мұрат еткен Қарағанды қаласындағы «Бала қажы» атындағы мешіттінің жанынан бүгін «Ақсақалдар мектебі» ашылды. Төл мектептің миссиясы-қариялардың діни сауатын ашып, жастардың жүрегіне жол салудың тетігін табуды мақсат еткен.
-Жас ерекшелігіне қарамастан, Құранды түпнұсқадан тәжуидпен оқу қарияларға үлкен мүмкіндік әрі оны меңгеру қуаныш болып отыр. Біз ағалар буынына дәріс беру барысында мүфтияттан шыққан кітаптардың ерекшелігін кеңінен түсіндіріп, оқытамыз. Себебі, осы арадан ілім меңгерген ақсақалдар келешекте көпшілікке тағылымдық насихат айтады. Ақсақалдарға арналған мектепті ашудың тағы бір ерекшелігі, жастарға қалай және қандай тәрбие беру керек?, ел ертеңдерінің бойына отанды сүюді қалай сіңірген дұрыс? деген мәселелер төңірегінде де, арнайы дәрістер оқимыз. Осы бағытта қария шәкірттер өз өмір тәжірибесіне сүйене отырып, шығарма жазып, қорғайды. Біз алдағы уақытта үздік жұмыстарды іріктеп арнайы кітап етіп шығаруды көздеп отырмыз,-дейді мешіттің бас имамы Махммұд Нұрұлы.
Сауат ашу курсында үш ұстаз дәріс береді. Оқу мерзімі 6 ай. Алғашқы дәріске 20 қария келіп қатысты. Имандылық үйіндегілердің айтуынша, келушілердің санына шектеу қойылмайды. Ниет білдірушілердің қатары көбейсе, басқа мешіттің ұстаздары тартылмақ. Айтпақшы, ақсақалдардың өтінішіне қарай, сауат ашу мектебінің білім алу мерзімі ұзартылуы мүмкін.