Қарағандыда Мұхтар Әуезовке бюст қойылды
Әлемге ғұлама Абайды танытқан сөз зергері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толу құрметіне арналған бюст кеншілер шаhарындағы орталық кітапхананың алдына орнатылды.
Әдебиет алыбын ардақтау сәтінде жас ақын Мәди Ұлағатұлы «Әуезовке арнау» өлеңін оқыса, С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының жас актер Ақай Жұмамұрат « Жас Абай» монологын тебірене жырлады.
Мүсін авторы-Ербосын Бағыбаевтың айтуынша, классиктің бейнесін ол небары 1 айдың ішінде сомдап шыққан.
-Жазушының бейнесін ашу оңайға соқпады. Ұлы Әуезовтың ішкі толғанысын айқындайтын ойлы көзін, ақылдың нұры ұялаған келбетін суреттеу үшін ұзақ уақыт ойландым. Ішкі дайындығым піскен соң, оны кескіндеп шығу еш қиынға соқпады,- дейді мүсінші.
Айтулы шара өткен күні жазушының шығармашылығына арналған «Заманының заңғары-Мұхтар Әуезов» атты ғылыми конференция өтіп, кітапханада М.Әуезов залы ашылды. Тағылымды басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен қоғам белсенділері рухани ордада әдебиет әлеміне сапар шексе, аймақтағы филолог ғалымдар Әуезовтың шығармаларының желісі бойынша баяндамалар жасады.Классик жазушының 125 жылдығы бүгінде ел көлемінде атап өтіле бастады. Айта кеткен жөн, қазақтан озған қаламгер Мұхтар Омарханұлының 100 жылдығы 1997 жылы ЮНЕСКО көлемінде «Әуезов жылы» деп жарияланып, алдымен Парижде, одан әрі дүниежүзінде тойланды.