Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:32, 10 Қазан 2020

Қарағандыда театр карантиннен шықты

None
None

Алты айлық үзілістен кейін Қарағандыдағы театр көрермендерімен қайта көрісті. Биылғы  Қытай індеті  қара шаңырақтың шаңырағын шайқап өтті.

Ұрымтал жерден соққан қауіпті  кесел  өнер ордасының қос тұлғасы ҚР мәдениет қайраткері Сламбек Жұмағалиев пен театр директоры, ҚР  мәдениет қайраткері Сансызбай Бекболатовтың өмірін жалмап кетті.

Осы күнге аман жеткен актерлер өткенге салауат айтып, келер күнге үміт артты. Театрдың 89-шы жаңа маусымы  «Жас Абай» спектаклімен ашылды.  Көңілге түйген  әсерін бізбен бөліскен ҚР құрметті журналисі, С. Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының баспасөз хатшысы Сағат Батырхан: «Алты айға созылған мәжбүрлі үзілістен кейін киелі сахнаға жан бітті, көрермен залына сән кірді» деп толғанысын ынтазарлықпен  ақтарды.

Қойылымға талантты актерлер тартылды. Ақылдың кені Құнанбайдың ролін — Бекмұхаммед Мұқатаев, зейінді Зере әженің бейнесін Нұржібек Жансүгірова сомдады. Саханалық драма Төкен Ибрагимовтың пьеасының  желісімен жазылған. Қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұрлан Жұманиязовтың айтуынша, бұл маусым бұрынғыдан ерекше. Өзгешелігі сол, ұлы ақынның 175 жылдығымен және Сәкен театрының 90 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Руханият әлеміндегі   әдемі байланыс сирек құбылыс екені аян. Жас Абайдың образында дарынды  жас актер Ақай Жұмамұратов ойнады. Саханада дара әрі бала Абайдың даналыққа бастайтын қадамы әдемі иіріммен өріліп, бозбала шақта бастан кешкен баянды шақтарымен өріліп, ғашығы Тоғжанға деген мөлдір  махаббаты көркем көрініс тапты. Бұл қойылым бас кейіпкерге  тәрбие мектебі болған.

— Сүбелі қойылым  менің қауысын қанатымды қатайтып, шабытымды шыңдады,- дейді Ақай Жұмамұратов.    

 Айта кету керек, «Жас Абай» премьерасын сахнада көруге бейілдік танытушылар қарасы көп болған. Бірақ санитарлық шектеуге байланысты  сатылымға 50 билет қана шығарылған. Керім кешке келген  көрермен кең тыныстады. Сахна саңылақтары көптен күткен  көрерменімен қауышқандарын  бақытқа  балап  жатты. 

Тегтер: