Қарағандыда жолақыны көтеру кімге тиімді?
Қазан айының 15-де кеншілер қаласында қоғамдық көліктің бағасы екі есеге, яғни 150 теңгеге өседі.
Көлік ақысының көтерілуі қымбатшылықтың қамытын киген қарапайым тұрғындарға жығылғанның үстіне жұдырық болғалы тұр. Жағымсыз хабарды журналистер қауымына мәлімдеген қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Дүйсембеков: «тарифтің өсімі «оңай» бойынша емес, тек ақшалай есеп айрылысатындарға қатысты», – деп жұртты сабасына түсірмек болып ақталды.
«Көтеремге» көлденең әрекет
Ресми дерекке сүйенсек, облыс орталығында 200 мыңнан астам адам қоғамдық көлікпен жүреді. Шаhар халқының тек 60 пайызы электрондық картаны қолданса, қалған 40 пайыз қарағандылық «оңайды» тиімсіз деп шешкен. Қалаішіндегі жолақының себепсіз өсуі, әсіресе облыстың қанаттас қалалары мен ауыл-аймақтардан келетін жолаушыларды тақырға отырғызбақ.
– Денсаулығыма байланысты облыс орталығына жиі барамын. Қалада жүріп тұру ақысы екі есеге көтеріледі дегенді теледидардан естігенде, сары уайымға салындым. Енді қалаға келуді доғарамын. Науқасымыз күшейсе, көре жатармыз. Амал қайсы? Себебі, ауылда ақша тапшы, жұмыссыздар көп, дерті дендеп қалаға келе алмай жүргендер қаншама? Өзім 50 мыңға жетер-жетпес жалақыға қарап отырмын, – дейді жабырқау көңілді Ақтоғай ауданының тұрғыны Қалима Амандық.
— Қала ішінде жүретін қоғамдық көліктердің дені №3 автопаркке тиісті автобустар. Жекеменшік болғанмен, оларға дотацияны әкімдік төлеп отыр емес пе? Демек, автопарк өзіне тиісті кірістен ешқашан қағылған емес. Сөйте тұра, серіктес жылда автопаркті жаңарту үшін жолақыны қымбаттатуға мәжбүр болып отырмыз деп сылтауратады. Алайда тариф өскенімен, халыққа қайтарымы жоқ. Сол баяғы, қара түтіні алқымды қабатын тозығы жеткен қытайлық автобустардан әлі арыла алмай келеді, – дейді Сәтжан есімді Қарағанды тұрғыны.
Жұмысшылардың мүддесі ескерусіз қалып отыр
Автопарк өкілдері бұл жолы мұндай қадамға автобустағы жүктемені бақылап, тасымалдаушыларға субсидия бөлу үшін осындай шешім қабылдадық деп ағынан ақтарылды. Айтпақшы, жаңа тарифпен бірге келетін тағы бір жаңалық, жолаушылар көлігінде енді жолсерік болмайды.
— Біздің №3 автопаркте 300 кондуктор бар. Серіктестік 56 адамды жол бойында жүріп билет тексеретін қызметке алып қалды. Қалғанымыз далада қалмақпыз. Менің жолсерік болып жүргеніме 20 жылға жуықтады, зейнеткерлік демалысқа шығуыма небәрі 1,5 жыл уақыт қалды. Қартайған шағымда, кім мені жұмысқа алады? Осыны ойласам, шақшадай басым шарадай болады. Бүгінде мен қатарлы әріптестерім де, дел-сал күйде жүр, – деді Бақыт есімді жолсерік.
Кондуктордың қысқаруына көлік жүргізушілері де наразы.
— Автобусқа валидаторды орнатқаннан не пайда? Жүргізушінің алдына ақпараттық табло жоқ. Автопарк басшылары қондырғының қашан қойылатынын ашып айтпайды. Жолсеріктер қысқарғанда, ауыртпашылық бізге түскелі тұр. Тізгінде отырған жүргізушіге қанша адам кіріп шыққанын, оның қаншасы валидаторға картасын соққан, соқпағанын білу мүмкін емес. Сонда, жолға қараймын ба, әлде санақ жүргіземін бе? – дейді №3 автопарктің жүргізушісі Болат ағай.
Инфляцияға бағынбайтын тариф
Экономист Айым Аспандияр Қарағандыдағы жолақы құнының шарықтауын негізсіз деп бағалады.
— Қызмет түрімен айналысатын автопарк жекеменшік болғанмен, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына жататын мекеме саналады. Дейтұрғанмен олар қала тұрғындарын тасымалдау арқылы күн көріп отыр. Экономикалық заңдылыққа бағынатын барлық шетелдерде кез келген қызмет түрі елдегі инфляция деңгейіне қарай көтеріледі. Мәселен, Қазақстанда биылғы жылдық инфляция деңгейі 16,1 пайызды құраған. Осы көрсеткішке қарасақ, жолаушы тасымалдаушылар жолақы құнын 5,4 пайызға көтерген. Бұл халыққа өте ауыр салмақ болмақ. Себебі, елдегі халықтың еңбекақысы төмен. Былтырғы жылмен салыстырғанда, осы жылы тұрғындардың орташа жалақысының нақты өсімі 8,9 пайыз болған. Ендеше, Қарағандыдағы жолақы тарифі қай мемлекеттің цифрына сәйкес көтерілген? – деп қайран қалды экономист маман.
Осындайда, қоғамдық көлік қызметінің негізсіз өсіміне қаланың экономистері мен депутаттары неге жол беріп отыр деген сұрақ өздігінен туындайды. Біз бұл сауалды қалалық мәслихаттың белсенді депутаты Төлеген Әшімовке қойдық. Ол: «Қала депутаттары негізінен қарсы деп кібіртіктеп, артынша оны қала әкімдігінен сұрағандарыңыз жөн», – деп нақты жауап беруден қашқақтады.
Кім-кімді билеп отыр?
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ниқан Омарханов күш алған автопарктің бетін қайтаруға биліктің қауқары жетпей отырғанын меңзейді.
— Манукяннің автопаркі өткен жазда автобустарын тоқтатып қыр көрсетіп, мұқым қарағандылықтарды дүр сілкінтті. Ақырында билік жалынған соң, райларынан қайтып, транспорт қозғалысын қайта жүргізді. Сол кезде, біз әкімдіктегілерге Пришахтинск, Михайловкі, Майқұдықтағы автобаздарды бәсекелес етіп неге қатарға қоспасқа деген ұсыныс тастаған едік. Бірақ жергілікті жердегі жауаптылар Пришахтинскідегі автопаркке Алматыдан серіктестер келеді деп айтқан. Айналып келгенде, ол құр далбаса сөз болып қалды. Егер қалада оған тетелес 4-5 автопарк болса, Манукян басқарған автопарк жым болар еді. Айтпақшы, одан кейініректе, биліктегілерге муниципалды автопарк құру туралы пікір де айтқан болатынбыз. Мәселен, Майқұдықта бұрынғы автопарктің базасы бос тұр. Ғимаратты иесі әлі күнге дейін сата алмай отыр. Тым болмағанда, сол базадан коммуналдық автомаршруттар базасын ашуға болады. Тоқетерін айтқанда, кеншілер өлкесінде жолаушы тасымалы мен тарифіне қатысты даудан құтылудың бір-ақ төте жолы бар. Ол – автопарктердің санын көбейту, – дейді қоғам белсендісі.
Қала тұрғындарын тасымалдаумен айналысатын Қарағандыдағы №3 автопарк монополист мекемеге айналған. Бір себептен, жергілікті билікке осындай монополист тиімді секілді. Бір анығы, жағдай жақын уақытта өзгермесе, жекенің жемтігіне айналуымыз мүмкін. Ал елдің мүддесін көксеуге тиісті монополияға қарсы департаменттен қайыр жоқ. Сонда үш бірдей ведомство халықтың жағдайын емес, монополистің қалтасының қамын ойлап отыр ма?