Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:49, 21 Қазан 2022

Қарағандыда жолаушы тасымалдау қызметі қашан жақсарады?

None
None

Қарағандыда жолақы құны 80 теңгеден 150 теңгеге қымбаттады. Дегенмен «Оңай» картасы бар жолаушылар үшін жолақысы бұрынғы қалыпта қалып отыр.

Қарағанды қаласында жолаушы тасымалындағы автопарктердің қожайындары қалталарының қалыңдағанын ойлағанмен қызмет сапасын жақсартуға асығар емес.

— Автобустарға қатысты жолаушылардан түсетін шағым бұрынғыдан азайған жоқ. Жолаушылар автобустардың бағытқа аз шығатынына, кондукторлар мен жүргізушілердің дөрекі қылықтарына көп шағымданады. Қала ішіндегі жолдарға шығатын автобустар саны аз. Осының салдарынан автобустарда әсіресе таңертең және кешкі уақыттарда адам қарасы қалың болады. Аялдамада автобусты көп күтіп тұратын жолаушылар таласып-тармасып, келген автобусқа жүгіреді. Көліктің ішінде ине шаншар орын қалмаса да халықты сонда тығыздап салып алуда кондукторлар шебер болып алған. Кондукторлардың  жолаушыларды автобус ішіне тықпалаған «жанкешті» әрекетін тұрғындар бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге сан рет таратқан болатын. Мемлекеттің қаржысы есебінен субсидияны жылда алып отыратын автопарк қожайындарына «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Олар жолаушы тасымалы қызметін жақсарту үшін автобус санын көбейтуге асықпайды. Бұл үшін қыруар қаражатын қимайды. Қала тұрғындары кешкі сегізден кейін автобустардың көбінесе тоқтап қалатынын айтып, зар қағып келеді. Ал биліктің автопарктерді жөнге салуға қауқары жетпейді. Жолаушыларды толтырып алып, бір-бірімен жарысуды автобус жүргізушілері де қойған жоқ. Олардың кейбірі  автобустағы жолаушылар қауіпсіздігін мүлдем естен шығарып алады. Жақында қарағандылықтың бірі – 43-ші автобус жүргізушісінің қылығын ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген.

Мұнда ол автобусты жолда жүргізіп келе жатып, ұялы телефонда ойын ойнап отырған. Жолаушылар ойынға алданған автобус жүргізушісінің салдарынан апатқа ұшырасақ қайтеміз деп алаңдайды. Полиция  автобус жүргізушісін осы шудан кейін тауып алып, оған әкімшілік хаттама толтыртқызып, материалды сотқа жіберген. Осы оқиғаның алдында жолаушылар 53-ші автобус жүргізушісінің ұялы телефонмен сөйлесіп отырғанын және шемішке шаққанын түсіріп алған. Жолаушылар «келесі жолғы роликте автобус жүргізушілері рөлді аяғымен бұрып басқарып отыратын шығар» деп қалжыңдайды. Жолақысы қымбаттаған соң қызмет көрсету сервисі де жақсаруы тиіс қой, – дейді қарағандылық тұрғындар.

Тегтер: