Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:49, 27 Қыркүйек 2022

Қарағандыдағы мектепке ұлт қайраткері Тәшеновтің аты берілді

None
None

Кеншілер қаласының қалың қазақ  мекендейтін Әлихан Бөкейхан атындағы ауданындағы бұрынғы №54- жалпы білім беретін орта мектеп енді  аяулы Жұмабек Тәшеновтың есімімен аталатын болады.

Жағымды хабарды білім ордасының ұжымы зор қуанышпен әрі жүгі ауыр жауапкершілікпен қабылдады. Жаңа оқу жылындағы сыныптық тәрбие сағатында сынып жетекшілері оқушыларға өңірдегі тарихшы ғалымдар мен  қаламгерлерді шақырып, Тәшеновтің тағылымын тәптіштеп жеткізді.

— Мемлекет қайраткерінің есімі біздің мектепке тамыз айының соңында берілді. Сол күні мектебімізде тау тұлғаның егемен елдің болашағы жолында жасаған ұланқайыр еңбегін насихаттаған аймақтық конференция өтті. Бұл басқосуға аймаңдай азаматтың баласы- техника ғылымдарының  профессоры Саят Тәшенов, аймақ зиялылары және  ұстаздар қауымы  сондай-ақ, Астана, Аршалы, Ақтөбе, Павлодар, Түркістандағы Тәшенов атындағы мектептің ұжымы зум арқылы байланысқа шығып, тарихи  сәтіміздің куәсі болды. Айта кетерлігі, сол күні ел аумағындағы Тәшенов мектептерінің республикалық алянсы құрылды. Бұдан былай қарай, осы тектес ағарту мекемелері оқу-тәрбие үрдісіндегі жаңашылдықтар мен озық тәжіребиелерін бір-бірімен  «онлайн» және  «зум» арқылы байланысқа шығып  бөліседі.  Жаңа тәсілінің ұтымды тұсы-білім беру жүйесіне жаңа серпін әкелетіні сөзсіз,-дейді Ә. Бөкейхан ауданындағы  Ж. Тәшенов атындағы мектептің директоры Бекбай Смағұлов.

Мектеп басшысының айтуынша, ақпан айында мектепішілік «Тәшенов оқулары», ал наурыз айында қала мектептері оқушыларының арасында ұлт қайраткері атындағы спартакияда өткізу жоспарланып отыр. Екі жылдан кейін аталған  мектеп ұжымы саңлақ саяткердің 110 жылдығына орай аймақтық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастыруды ойға алып отыр.  

Жұмабек Тәшенов- қазақтың қастерлі перзенті. Ол туған елінің аумақтық тұтастығын бөтенге бөлшектеп беруден қорғап қалған қайсар тұлға. Атап айтқанда, Солтүстік облыстарды-Ресейге, Оңтүстік аймақтың мақталы аумағын Өзбекстанның еншісіне өткізуге араша түсіп, сол үшін «ұлтшыл» деп айыпталды және  кеңес одағының басшысы Н. Хрущевтің нұсқауымен қызметінен қуылды. Арда азамат  кеңес одағының дәурені дүркіреп тұрған шақта қазақ руханиятына араша болған. Тәшенов ана тілімізде шығатын «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан, «Социалистік Қазақстан» басылымын орыс үнқағазының қолжаулығы болудан аман алып қалды.

Тегтер: