Қарағандылық өңдеуші кәсіпорындар экспорт көлемін ұлғайтуға үлес қосуда
Қарағанды облысының экономикалық әлеуеті кеңейіп келеді. Алдағы 5 жылда өңірде 55 инвест-жоба игеріледі.
Донор қала межесіне жетуді көксеген аймақ шикізат өндірумен шектеліп қалмай, енді өңдеуші салаға икемделуге қадам басуда.
Соңғы жылдары қатарға қосылған жаңа жобалар өндірісті өлкенің экономикалық қарқынын еселетуге едәуір сеп тигізіп жатыр. Қарағанды облысының «2021-2025-жылға арналған даму жоспары» аясында 2022-2025 жылдарға барлығы 1,5 трлн. теңге бөлінді. Қомақы соманың 834,6 млрд. теңгесін- жекелеген инвестор салса, қалған 646 млрд теңге-бюджеттің еншісіндегі ақша. Бұл барлық саланы қамтитын 126 индикаторлық жоспар болып табылады. Экономистердің айтуынша, межелі индикаторға жету- облыстың бәскеге қабілеттік деңгейін артып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етеді. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1-қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, алдағы бес жылда (2029 жылға қарай) экономиканың жылдық орташа өсімін 6-7 пайызға жеткізу көзделген.
Өндіріс саласында өркендеу бар
Өндірісті аймақта өнім өндіру көрсеткіші жылдан-жылға ұлғайып келеді. Цифр тілін сөйлетсек, 2023 жылдың 8 айлық қорытынды бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі2,2 трлн. теңгеден асқан. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,7 трлн теңгені құрап отыр. Аталған өндірістік көрсеткіштердің өсуі машина жасау бойынша 54,2 пайыз, жеңіл өнеркәсіп саласында 24,4% пайызды, фармацевтикада 16 пайыз, ал қара металлургия саласы бойынша 1,3 пайыз көрсеткішті құрап отыр. Өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне көз жүгіртсек, инвестиция көлемі 451 млрд. теңгеге жетіп 16,9% — ға көбейген. Бұл орайда негізгі үлес жеке инвестицияларға тиесілі болып отыр. Үлес- 88 пайыз. Мұның барлығы бір ғана аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар. Өңірде биылғы жылы 125 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны еңсеру міндеті тұр. Бұл жобалардың игілігі сол, қосымша 2301 жаңа жұмыс орынын жасақтайды. Бірінші жартыжылдықтың өзінде облыста 3 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, «Kazakhmys Progress» кәсіпорын алаңында «Драгметалды шлагты қайта өңдеу учаскесі бар цех құрылысы» және «Селенді тазарту цехының құрылысы» жүзеге асырылды. Мұның сыртында, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақ аумағында «LITEYSHIK» ЖШС полимерлі материалдардан жасалған құбырлар, профильдер, фитингтер өндіру зауыты ашылды.
Жыл соңына дейін Осакаров ауданындағы «Сары опан» кен орнында 1-сұрыпты әк өндіретін зауыттың құрылысы аяқталады. Кен орнының жобалық қуаты жылына 300 мың тонна әк өндіру мүмкіндігіне ие. Одан кейінгі кезеңде «Шұбаркөл Көмір» АҚ кәсіпорны арнайы кокс өндірісі бойынша жобасын қатарға қосу межеленіп отыр. Өңірдегі өнеркәсіпті дамыту арқылы моноқалалардыі әлеуетін көтеруге және ондағы тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыруға да назар аударылмақ. Мәселен, Саран қаласындағы бұрынғы резина техникалық бұйымдар шығаратын зауытының инфрақұрылымын ескере отырып, өнеркәсіптік алаңдар мен дайын өндірістік үй-жайлар кешендерін құрылу ісі қарқын алуда. Дәл осы шаhарда тағы бір ілкімді жоба жүзеге асырып жатыр. Ол «Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника зауытының құрылысы. Зауыттың жобалық қуаттылығы 1 млн-нан астам өнім бірлігін құрайды. Бұл арада теледидарлар, шаңсорғыштар, қысқатолқынды пештер, ас үй сорғыштары, су жылытқыштар және кір жуатын машиналар шығарылады. Жалпы аталған жобаны іске асыру арқылы халықтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартуға маңыз беріліп отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта 1200-ге жуық адамға қосымша жұмыс орны ашуды жоспарлап отыр.