Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:21, 20 Сәуір 2023

Қарағандылық саяжайшылар неге өкпелі?

None
None

Жүз шақты қарағандылық саяжайшылар бау-бақша өнімдерін өсіру қиын болып кетті деп қапаланады.

Саяжайшылар жобалаушы мамандардың қате әрекеті салдарынан биылғы жылы бау-бақша өнімдерінен құр қаламыз деседі. Саяжай ұстап отырғандардың басым бөлігі – мардымсыз зейнетақыға қарап отырған қарттар. Су тасқынынан қорғаған биліктің әрекеті саяжайшыларды су тоғанынан айырды.

Қарағанды маңайындағы Солонка өзені жанындағы ауылдарды көктемгі су тасқынынан құтқару үшін өзенге санация жұмыстары жасалған. Бұл жұмыстар аясында өзеннің арнасын кеңейткен және оны қоқыстардан тазартқан. Саяжайшылар осы жұмыстарды жасаған жобалаушы мамандар дұрыс әрекет етпеді деп отыр. Екі саяжай бірлестігінің адамдары бұдан бірнеше жыл бұрын Солонка өзенінің ағысынан тоған жасап алған. Мұнда жиналған су екі саяжай бірлестігіндегі бау-бақша алқаптарына молынан жетіп отырған. Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары кезінде мамандар бұл тоғанды бұзып тастаған. Енді саяжайшылар үшін су дегеніңіз қат дүние болып шыға келді, тіпті қазып алған құдықтарының өзінен су кетіп қалған.

«Қазір бұл жерде су жоқ деп айтуға болады, көктемгі еріген қар суы да тоқтады. Өзеннің түп жағын тереңдету керек еді, егер солай жасаса дау жоқ, бірақ олар өзеннің арнасын кеңейтіп жіберді», – дейді саяжай бірлестігінің төрағасы Александр Пономарев.

Саяжайшылар су мәселесін шешіп беріңдер деп қала деңгейіндегі әкімқараларға бірнеше рет барыпты. Алайда бұдан қайран жоқ.

«Шынын айтқанда осы саяжайды еріккеннен ұстамаймыз ғой, дүкенде бір көк пияздың өзін қаншама қымбатқа сатып аласың. Азғантай зейнетақыға сеп болсын деп картоп, сәбіз тәрізді бірнеше түрлі көкөніс егеміз, бала-шағаға береміз, артылғанын күзде сатамыз. Енді су жоқ қалай өседі, өзі қазір айқайды еститін үкімет бар ма екен? – деп қынжылады саяжайшы Қалибек Жұман.

Гидротехник, сарапшы Бақыт Қаңтарбекова: «Санация барысында қоқыстар ғана тазартылуы тиіс, ал зияны келмейтін тоғанға тиіспеген дұрыс еді» деп есептейді. Осылайша, екі саяжай бірлестігі су болмағандықтан құрдымға кеткелі отыр. Ал биліктегі атқамінерлер «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дегенді меңзеп отыр. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Бақтияр Санбаев «Санация жасау керек деген шешімді біз шығармаймыз, көктемгі су тасқынына қарсы жасалатын шара баяғыдан бері жасалып келе жатқан жұмыс қой. Енді сол жерлерге барып қарап көреміз, су деңгейін көтеру үшін не істеу керектігін қараймыз» деді. Дегенмен шенеуніктер саяжайды құтқарып қалудың қандай амалы бар екенін нақты білмейді. Бәрі де уақыт шешеді деп жайбарақат отырған тәрізді. Бәлкім, саяжайы болмаған соң, бастықтар бас қатырғысы келмейтін шығар.

Тегтер: