Қарағандылық шаруалар қауырт қимыл үстінде
Облыс шаруалары көктемгі науқандық жұмысқа сәуір айының соңында кірісті. Биыл өңір шаруалары 1,1 млн гектарға өнім екпек.
Биыл ырызық отырғызылатын жердің көлемі былтырғыдан 45 мың гектарға ұлғайып отыр. Оның басым бөлігін астық, бұршақ және мал азығына арналған дақылдар құрады. Науқанға 11 мың трактор, 351 тұқым егетін кешен, 6078 тұқым сепкіш жұмылдырылған. Жыл басынан бері аймақтағы шаруашылықтар 637,8 млн теңгеге 30 трактор, 17 топырақ өңдейтін агрегат, 2 егіс кешенін сатып алған.
Тас түскен жеріне ауыр
Шетелден жоғары өнімді ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған шаруа қожалықтар қосалқы бөлшектің қымбаттағанына қынжылыс білдіруде.
— Меншігімде Америкадан шыққан «Джон-Дери» комбайны, Канадалық «Кэйс» егін себу кешені бар. Биыл соны4 соңғысына керекті қосалқы бөлшектің бағасы 3-4 есеге қымбаттап кетті. Жақында «Кэйс-тің» гидранасосы істен шығып қалды, нарқын сұрасам 4 есеге бір-ақ көтеріліпті. Қазіргі құны 2 млн 800 мың теңге тұрады. Бірақ, қат нәрсені қалайда алуым керек болған соң, жиған- терген қаржымды салып тапсырыс бердім. Қымбатшылық жермен күнін көріп отырған ауыл диқандарына ауыр тиіп жатыр. Бұл аздай, жерді тыңайтуға қолданылатын химиялық тыңайтқыштардың құны былтырғыдан тағы бір есе бағаға жоғарлады,-деген қынжылысын жеткізді Ұлытау ауданындағы «Бекет баба» шаруа қожалығының жетекшісі Бағдат Бекетаев.
«Осындай қиыншылыққа қарамастан, диқандар минералдық тыңайтқыштан тапшылыққа килікпейді,»- деп сендіруде сала мамандар.
-Қазіргі кезде 7,3 мың тонна тыңайтқыш ауылдық жерлерге жеткізілді. Тұқымды зиянды жәндіктер мен өсімдіктерден қорғайтын 300 000 литр пестицит сатып алынды. Ол үшін ауыл шаруашылық тауарларын жеткізушілермен келісім-шарт жасалған. Облыс бүгнгі күні 7,3 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды. Ол дәнді-дақылдардың 40 пайызына жететін қор,-деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Асқар Санаубаров.
Спикердің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы аймақтағы суармалы жердің көлемі 2390 гектарға ұлғайтылды. Бүгінде оның көлемі 25,3 гектарға жетті. Әдетте, науқанға шығатын еңбеккерлерді дизель отынның жәй-күйі алаңдататыны заңды. Дала майталмандары жылдағыдай «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 23,6 мың тонна арзан дизельге қол жеткізді. Атап айтқанда, Нұра, Осокаров аудандары-Осокаров кентіндегі мұнай базасынан, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары-Қарағандыдан, Ұлытау өңірі-Жезқазғаннан, ал Ақтоғай, Жаңаарқа және Шет аудандары-Жарық станциясынан дизель отынының литрін 198 теңгеге сатып алды.
Қазір аймақта көктемгі науқандық жұмысты қадағалайтын жедел штаб жұмыс істеуде.
-Штабтың ең әуелгі еңсеретін міндеті- агротехнологияларды сақтап, минералды тыңайтқыштардың тапшылығын алдын-алу, арзандатылған дизель отынының тапшылығына жол бермеу, суармалы егіншілікті молайтуды қадағалау. Мұнымен қатар, шаруашылықтардың проблемаларын дер кезінде шешуге көмектесіп, тұқым сапасын бақылауға алу-деп атап өтті, көктемгі егістік жұмыс талқыланған жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Облыс диқандары биылғы ауа-райы көктемгі дала жұмысына қолайлы болғанын айтып қуанып отыр. Олар «Көңіл-күйді тек нарықтағы баға бұзуда»- дейді. Дала жұмыстары мамырдың соңында аяқталады деп күтілуде.