Қарағандылықтар арзан көмірге неге жарымайды?

Қара алтынның үстінде отырып қарағандылықтар бағасы арзан көмірге жете алмай отыр.
Кезек күтіп көмір алғысы келетіндер саны өте көп. Жүк көлігі барлар көмір алу үшін күзге қарай бір апта бойы кезекте тұратынын айтады. Қазірдің өзінде көмір сатып алу үшін қарағандылықтар әуре-сарсаңға түсіп жүр. Сорақылығы сол, Қарағандыдағы он шахтаның тек біреуі ғана тұрғындарға көмір сатады. Бұл өз кезегінде қарапайым халықты тығырыққа тіреп, жағдайды ушықтыруда. Қазіргі уақытта Рапид шахтасы ғана халыққа көмір сатады. Оның өзі бағаны қымбаттатып жіберген. Рапид көмірінің тоннасы былтыр 17 мың теңге болса, биыл оның бағасы 20 мың теңгеге өскен.
— Көмір дегеніңіз шынымен де қара алтын болып тұр ғой, Қарағандының өзінде қымбат. Алыс аудан ауылдарға жеткенше бағасы удай болады. Биыл ауыл халқы мынандай қымбатшылықтың кесірінен отынсыз қалатын шығар деп ойлаймын. Қарағандыда тоннасы 20 мың болса, мұның ішіне тасымалдау бағасы кірмей тұр, ал енді осы көмірді алыс ауылдарға апаратындар қаншаға сатады оны ойлау қорқынышты. Былтыр ауылдарда көмірдің тоннасы 23 мың теңгеге сатылған. Ал биыл бұл баға тағы бірнеше есеге өседі. Ауылда кәрі әке-шешем тұрады, оларға мұндай бағамен көмір сатып алу қиын, – дейді қарағандылық Досым Жұмабек.
Халыққа көмір сатып отырған Рапид шахтасының басшылығы жер астынан бес шақырым тереңдіктен көмір алып, тер төгіп жүргендерін айтады. Сонымен қатар олар көмір өндіруге қажетті техника бағасының өскенін және электр энергияның қымбаттағанын алға тартады.
Ірі өндірістің бірі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына өңірдегі он шахтаның сегізі тиесілі. Алайда бұл алпауыт компанияның өндіретін көмірдің тұрғындарға тұтынуына жарамсыз екенін мәлімдейді. Олардың өндіретін көмірі металлургиялық комбинатта болат өндіру үшін қажет екен. Осылайша Рапид шахтасынан ғана қазіргі уақытта көмір тұтынушыларға сатылуда. Бұл шахта көмірінің өзі тұрғындар сұранысының екі пайызын ғана өтей алады. Өйткені басқа көмір түрлері сапасыз, жағуға келмейді. Бұдан басқа тұрғындар ашық түрде көмір өндіретін кеніштердің көмірін алады. Оның бағасы мен тасымалдау құнының өзі шарықтап тұр. Осылайша қара алтынның үстінде отырған халық көмірге де оңайлықпен қол жеткізе алмайды.