Қарағандылықтар қой өсіруді қойды. Неге?
Қарағанды облысында ата кәсіп атанған қой шаруашылығы бұрыннан тұралап тұр. Кейінгі жылдары Арқа жұрты ұсақ малға маңғаздана қарап, жылқы өсіруден өзара бәсекеге түскендей.
Жылқы етінің адам ағзасына пайдасы мол, сүті таптырмас ем екеніне шүбә жоқ. Бірақ алмақтың да салмағы бар секілді, ірі қараны шіле көбейтуден іргені аулақ салған абзал көрінеді. Малдың жайын жақсы білетін мамандар: «қамбар ата төлінің жайылым жерлерге кесірі көп тиеді», деп дабыл қағып отыр.
Сонымен, алты ай қысты аймақтың иен даласында өткізетін момын жануардың қатары неге селдіреп кетті? Цифрды сөйлетсек, 1999 жылы облыста 2 млн қой болса, биыл шопан ата төлі 1 млн 300 мың басқа дейін азайыпты. Өңірлік ауыл шаруашылық басқармасы таратқан жаңа дерек осындай. Кеңес кезеңі тұсында облыста қойдың бес түрлі тұқымын дамыту қолға алынды. Ақтоғайда – дегерес, Жаңаарқада – сарыарқа тұқымдары өсірілсе, Шет ауданында еділбай түрінің жүні мен терісі экспортқа жөнелтіліп, көл-көсір пайда әкелді.
Дегерес тұқымы құрудың алдында, қалғаны соның кебін кимек
Зәрузада Тәукев Ақтоғай ауданында тұрады. Ол еліміздегі қой басын асылдандырумен шұғылданған бірегей маман. Ұзақ жыл еті мол, жүні биязы дегерес тұқымын көбейтумен айналысты.
– Заманында біз дегерес қойын 200 мың басқа жеткіздік. Оның еті мен жүнін алушылар қолдан-қолға тигізбей, қармап бас салатын. Енді осы істі қайта қолға алмасақ, қойдың бұл түрі мүлдем жоғалып кетудің алдында тұр, – дейді маман.
Тәжірибиелі селекционердің уәжін қой өнімін ұқсатумен айналысқан кәсіпкер Абзал Әбдіғұлов өзі киліккен қиындықпен сабақтады:
– Кәсібіміз қаңтарлып қалды. 1998 жылға дейін жылына 120-130 тонна жүн қабылдадым. Дайын өнімдерімізді іркіліссіз өткізетін еді. Ол кезде бізге үкіметтен субсидия тұрақты бөлініп отырды. Цехымызда өңделген қойдың жүнін Алматыдағы кілем зауытына жөнелттік. Жеңіл өнеркәсіп тоқырауға ұшыраған соң, біз де солардың кебін кидік, – дейді кәсіпкер.
Министрлігі қалың ұйқыда: шаруалар өлместің күйін кешуде
Ауыл шаруашылығының майын ішкен маман, кезінде облыстың бірқатар аудандарын басқарған қоғам қайраткері Ниқанбай Омарханов әлеуметтік желіде кәсіби салаға қатысты өзекті мәселелерді белсенді көтеріп жүр. Ол өткір проблемаға қатысты сұрақтарымызға бұл жолы да тайсалмай жауап берді.
– Қазақстандағы сатылымға түсіп жатқан тондардың және былғарыдан тігілген киімдердің барлығы дерлік Түркия мен Италияда шығарылған. Осы екі елді қой терісімен бүгінде Өзбекстан мен Қырғызстан қамтамасыз етіп отыр. Айтпақшы, Өзбекстан Ресейге қой жүнін жіберіп, ондағы жеңіл өнеркәсіп нысандарын түгелдей қармап алды. Аракідік Түркиядан тапсырыс қабылдайды. Мұның сыртында, өздеріндегі тоқыма өнеркәсібі нысандары тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Біздің елдің қой терісі мен жүніне Италия, Израил, бауырлас Түркиядан тапсырыс бар. Жоспарды асыра орындауға Семейдің, Тараз бен Солтүстік Қазақстанның тері илеп, жүн жуатын кәсіпорындары бейілді. Алайда, ауыл шаруашылығы министрлігі олардың адымын аштырмай-ақ қойды. Жұмыстарын бір жүйеге келтірмей отыр. Мәселен, кәсіпкерлер жүннің келісін 200 теңгеден өткізсе, ол бұйым кеденнен өткенде, 400 теңгеге шарықтап кетеді. Сала министрлігі мұның мәніне үңіліп, кәсіпкерлерге тығырықтан шығатын жол тауып беруге қауқарсыздық танытуда. Шаруаларға берілуі тиіс субсидияны ың-шыңсыз жоқ қылды. Қой тұқымы жылдан-жылға азайып барады. Қой тұқымын асылданудыру ісі ескерусіз қалды. Еділбай тұқымы жоғалудың алдында тұр, дегерестің ақ жүнін еш жерден таппайсыз, – деген ауыл жанашыры көкейінде жүрген ащы шындықты жайып салды.