Қарағандылықтар жаңа жылды сырқат қалыпта қарсы алмақ па?
Тұла бойымызды тағы үрей басты. Аспан асты елінде ковид қаулап барады. Қытайдағы жағдайды күнара хабардар етіп жатқан халықаралық телеарналар әлем жұртына қауіпке қам жасауды ескертіп, дабыл қағып жатыр.
Іргеміздегі миллиардтар еліндегі індет саудагерлердің жолымен кешікпей бізге жетері анық. Қарағандыда «Омикрон» айналымда жүр. Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, жыл басынан бері ковидке шалдыққандар саны 51 879 адамға жеткен. Қараша айында 201 дерек тіркелсе, өткен аптада 168 кісі осы кеселге тап болған. Коронавируспен ауырғандардың арасында жағдайы ауыр және жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатқандар бар. Десек те отандық эпидемиологтар мен инфекция дәрігерлері тым бейқам. Әзірге аймақтағы тазалық індетті қадағалаушылар тұмау вирусын ауыздықтаумен әуреге түсуде. Олар тұмаумен ковид қабаттасып жатыр деп даурыққанмен, карантин жариялауға келгенде кері шегініп отыр. Айтуларынша, ауру көрсеткіші шектеулі пайызға жетпей жатыр. Үй жағдайындағы емделушілерді ешкім ескермейді. Қоғамдық көлікпен дүкендегі халықтың сөзіне құлақ салсақ, әр отбасында 2-3 адам жұқпалы дертке тап болған. Жыл аяғы әсіресе балаларға ауыр тиіп тұр. Ата-аналар сарсаңға салынуда.
Қазақстанға болашақ керек пе?
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас дәрігері Юрий Залыгин өңірде 15 мың адам тұмаумен ауырып жатқанын мәлімдеді. Тұмау жұқтырғандардың саны былтырғыдан 30 пайызға өскен. Биылғы жылы аймақта тұмаудың А (H1N2) және В штамы тіркелген. Елдің арасында шошқа тұмаумен сырқаттанып жатқандар да бар. Алаңдатарлық жайт, кеселге шалдыққандардың 53 пайызын 14-ке дейінгі балалар құрап отыр.
— Тұмаудың А штамы қауіпті саналады. Оны нәрестелер мен балалар, сондай-ақ жүкті әйелдер ауыр өткереді. Ауруханаға көп түсіп жатқандар да осылар. Тұмаудың бұл түрінде дене қызуы қатты көтеріліп, интоксикация белгілері аңғарылады. Вирус аз уақыттың ішінде вирусты пневмонияға ауысуы мүмкін. Сондықтан балалар арасындағы тұмауға жеңіл қарауға болмайды. Індет жас ағзаға залалын келтіріп, жүйке жүйесін зақымдап, кейде минингитке ұласады, дене тырысып қалуы әбден мүмкін. Реанимация бөліміне жатқан балалар бар. Кейде тұмау мен ротавирус араласып кетуі мүмкін. Тұмаудың асқынуына жол бермеудің амалы вакцина салдыру, – дейді жоғары санатты дәрігер Роза Бегайдарова.
Бүгінгідей бірнеше вирус қабаттасып келгенде, айырмашылықтарын ажырату қиын. Дәрігерлер баланы өз бетінше емдеу қауіпті екенін ескертеді. Аналардың уәжіне жүгінсек, оларды мұндай тәуекеге баруға көбіне әлеуметтік жағдай мен емханадағы қызмет көрсету сапасы мәжбүрлейтін көрінеді.
Алаң көңілдегі аналар
– Кішкентай қызымның үш күннен бері дене қызу басылмай тұр. Түн ортасында қызуы 40 градустан асып кетеді. Дене қызуын көтеретін дәрі, сироп бердім. Алайда алған дәрілердің ешқайсы әсер етпейді, ал бағасы үздіксіз өсіп жатыр. Мұны барлық тексеріс жүргізетін құзырлы органдар біліп отыр. Бірақ ешқайсы түбегейлі шара қолданбай жатыр, – дейді көпбалалы ана Саягүл Әбдікәрімова.
– Жұқпалы ауру бізді де айналдырып тұр. Балаларым сырқаттанғанда мен халық еміне жүгіндім. Дәрі алуға қалтамыз көтермейді, екіншіден ағзаларына әсер етпейді. Кеше емханада кезекте отырғанымызда баламның қызуы көтеріліп, қатты мазасызданған соң үйге қайтып кеттік, – дейді үш баланың анасы Маржан.
— Балабақша мен мектеп тұмаудың ошағы болып тұр ғой. Қанша емдегенімізбен, қайта жұқтырып әкеледі. Төрт балам бар. Біреуіне алған дәрімен үшеуін қатар емдедім. Өткен аптада құрбымның қызы тұмаумен ауырып, 15 мың теңгеге дәрі сатып алды. Ол дәрілердің бағасы ендігі өсіп кетті, – дейді көпбалалы ана Эльвира Баймырзаева.
Марғау қоғам
Үкімет биылғы балалар жылында қандай түйткілді шешіп, елеулі іс тындырды? Арзан сөз, жалған пафос. Айтпақшы, денсаулық сақтау министрлігінің алғышартына айналған «дені сау ұлт» бағдарламасындағы сауықтыру шарасын балалардан бастамаушы ма еді? Ел ертеңдерінің мүддесі әдеттегідей ескерусіз қалды ма?
Өркениеттің төрінде тұрған ұлыбританиялық балғындар «Біздің мүддемізді ұлы ағылшын империясы қорғайды!» деп ұрандатып атой салады екен. Біздің балалар кімге арқа сүйемек? Өрттей қаулап тұрған балалар арасындағы тұмауды жедел ауыздықтай алмай отырғанымыз мынау. Бұдан кейін жас ұрпақтың болашағы жайлы ойлаудың өзі қорқынышты.