Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:22, 03 Қараша 2020

Қарағандылықтардың күні аялдамада өтуде

None
None

Қарағандыда  қоғамдық көлікке қатысты кемшілік қай кезде де  өзектілігін жойған емес.

Кеніштердің дәуірі дүрілдеп тұрған кезде кеншілер шаһарында жауған қар қас-қағым сәтте  күйелеш күйге енетін. Кен өнеркәсібінің дәуірі  тоқырауға ұшырағанда, ел енді ақ ұлпаның  шынайы түсін  көретін болдық деп шаттанған еді. Алайда  дегендері болмады.  Оның орнын  Қытайдың арзанқол көліктері мен шағын газельдері басты. Содан бері  жолаушы тасып,  жүйткіп  жүргеніне жиырма жылға жуықтапты.  Темір-терсекке айналдыруға әлдеқашан уақыты келген, өңі қашып, күйі кеткен сапасыз көліктер  қарашаны  қолқаны қабатын қою  түтінге тұншықтырып келеді. «Жазған құлда жазық жоқ» демекші, олардың «қыңыр мінезіне» халықтың еті өліп, көзі үйренген.  Қарағандылықтардың  басын қатырған  мәселе мұнымен шектелсе, бір сәрі.  Жұрттың жанына батып тұрған қазіргі  басты қиындық – қаладағы көлік тапшылығы. Қарапайым  тұрғындар  күрмеуі қиын мәселеге күнде килігеді. Ал биліктегілер  осындай олқылыққа мойын бұрмай келеді.

— Қала орталығы мен Майқұдық елді мекенінің арасына  қатынайтын №44 автобус жолаушыларын  ұзақ күттіреді. Жылдам келгеннің өзінде,  сағаттап тостырып, тағатыңды тауысады. Осының кесірінен ақшұнақ аязда үсікке шалдығатындар көп.  Аялдама кестесінде көліктің  толық бір айналым жасау уақыты 20 минут  деп көрсетілген. Шындап келгенде, ақпарат ақиқатқа жанаспайды.  №3 автопаркте  әлгі  қоғамдық көлік небары  екеу ғана көрінеді. Дәл осындай қашықтыққа жүретін №53 автобустың   он шақты жұбы бар. Бұл бүгін ғана орын алған  проблема емес, бұрыннан келе жатқан кемшілік, – дейді қоғам белсендісі Айсұлтан Жақып.

     Қарағандылық жолаушылардың  тасымалдаушыларға  талап-шағымы  шаш етектен. Бұған қатысты «Тал бесік» көпбалалы аналар одағы»  қоғамдық бірлестігінің жетекшісі  Ләззат Қожахметова тың деректерді жіпке тізгендей баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, биылғы қыркүйек айында қаладағы мүгедектер мен көпбалалы отбасылар  көлікте  ақысыз  жүру құқынан  айырылды. Қызметтің осы түрін пайдаланған  тұрғындар бір ай бойы өз қаражатымен жүріп-тұрды. Жағдайы онсыз да ауыр жандар  нәпақасын бұрынғыдан  үнемдеуге көшті. Қаладағы қоғамдық көліктің басым бөлігіне иелік ететін №3 автопарк  басшылары сол сәтте «Нұр-Сұлтандағы жолақы жасайтын серіктестігіміз  банкротқа ұшырады» деген сылтау айтып, жауапкершіліктен  сытылып кетті.  Қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Тәліповамен хабарласқанымызда,  күзде орын алған жоғарыдағы  кемшілікке қатысты мардымды жауап айтпады.  «Кейбір топтағы тұлғаларға берілген анықтама мерзімінің бітуіне байланысты болған  уақытша қиындық»  деп жақауратты. Бізді алаңдатқаны,  қала қазынасынан   алдын ала  аударылған   қаржыны шаһар басшылары көлік тасымалдаушылардан неге талап етпеді?   Халық белсенділерінің мәлімдеуінше,  бұдан өзге де  дәлел   жеткілікті.  Мәселен, карантин жарияланған айларда қоғамдық көліктер қысқартылған кестемен жұмыс істеді. Кейбір бағыттарға көлік қатынасы мүлдем үзілді. Екшеп айтсақ,  есепке келгенде есесін жібермейтін  кәсіпкерлер  тұрғындар мүддесімен санасуға мүдделі.  Қалалық әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің сектор меңгерушісі Ескендір Қабидола «тегін жолақыға  қаражат шаһар бюджетінен бөлінбейді, қалалық жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінен  аударылады»  деп, баланың сөзін айтты. 

Мұның жарамайды, Манукян мырза!

Көпбалалы аналардың мұң-зарымен етене таныс, Ұлттық  қоғамдық сенім кеңесінің әлеуметтік жаңғыру тобының мүшесі Ләззат Қожахметованың   «Автопарк №3» АҚ-ның  жұмысына өкпесі қара қазандай. – Қаладағы №3 автопаркке  көпбалалы отбасылар мен мүгедектердің қоғамдық  көлікте тегін жүруіне  мемлекеттік   қазынадан  жыл сайын 2 млрд теңге  аударылып келеді. Қомақты ақшаға  көпбалалы 90 отбасына үй салып беруге болады.  Қарағандыдағы келбеті келіскен «Достық үйі»  2 млрд теңгеге тұрғызылған.  Автопарк қожайындарының  қитұрқы тірлігі мұнымен шектелмейді.  Тасымалдаушылар  осыдан 4-5 жыл бұрын  жұрттың көңілін аулап, автобустарына электронды  терминал орнатты. Темір қондырғылар жұмыс істемей  қаңырап  тұр.  Жолаушылар қолма-қол ақшамен есеп айырысып жүр.  Электрондық  билет атымен жоқ. Автобустардың   аздығынан  жұрт  діттеген жеріне  кешігіп жетеді. Көлікке қашан кірсең де, адам қарасы  қалың, санитарлық талап  сақталмайды. Иін тіресіп, жаға жыртысып жатқан елден тазалық талап етудің  өзі қисынсыз. Осылайша тәуекелге  бел буып жүрміз. Автопарктің  бас директоры Манукян мырза елдің  қаржысын қалай және қандай мақсатқа жұмсағанын айтып, есеп беретін кезі келген секілді, – дейді Ләззат Таймырқызы.

Облыс орталығындағы  қалаішілік қоғамдық көліктің 70 пайызын  Манукян мырзаның  автобустары қамтып отыр.  Бізге  автопарк  қожайынымен тілдесудің сәті түспеді.  Қала әкімдігінің өкілі күйлі кәсіпкердің  ұялы байланыс телефонын  пайдаланбайтынын мәлімдеді.  Түптеп келгенде, қарағандылықтар қауқарлы  көлік тасымалдаушының қызметіне  қанағаттанбайды.  Қазір  жапа-тармағай автобусқа кірген жұрт  «аяғымыз іліксе болғаны, денеміз қайда кетеді»  деп,  салонға  енгенін місе тұтып,  тәуекелге бел буып жүр. «Жаман айтпай – жақсы жоқ»,  көліктен тарыққан көптің бірі алда-жалда  төрт дөңгелектің астына түсіп, апат құрбанына айналмаса болғаны.

Тегтер: