Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:04, 08 Сәуір 2022

Қарағандының орталығын су басты неге?

Биыл Қарағандыға қар жылдағыдан аз түсті. Бірақ наурыздың соңына қарай төпелеп жауған ұлпа бір жылдық қардың мөлшерін төгіп тастады.

Кеншілер қаласының Оңтүстік-шығыс ауданында апта басынан бері «айсберг» еріп, елдің есін алуда. Сарыарқа көшесі мен республика алаңы қиылысатын жолда көліктер белуардан су кешіп өтуде. Тұрғындарға жолдың арғы бетіне өту мұң болып тұр.

Әкімдер қайда қарап отыр?

– Республика алаңы бойындағы терең толқын жеңіл машиналарға шыдас бермей жатыр. Бүгін екінші мәрте көлігімнің электр өткізгішіне су кетіп тоқтап қалды. Мен секілді зардап шегуші жандар көп. Кешеден бері олардың талайын көрдім. Түбі терең топан су зығырданымызды қайнатып тұр. Осы арадан әкімдердің өзін өткізу керек. Кабинеттерінде қасарысып қалай отыр екен? – дейді қала тұрғыны Абзал.

– Қазыбек би ауданы мен қалалық әкімдіктің коммуналдық шаруашылық құрылымдары мәселені нақты қадағаламаған. Істері салғырт. Ауа райы қысқа уақытта көтерілетіні интернетте бір ай жазылды емес пе? Жергілікті шенеуніктер осыған ерте қамданғанда, халық пен автокөлік жүргізушілер мұндай пұшайман халге түспес еді, – дейді шаhар тұрғыны Марат Ысқақ.

– Қарағанды қаласында су шайып кету қаупі бар бірнеше көше бар. Ол жерлерде қар еріп, нөсер жаңбыр жауғанда су алып кетеді. Әкімдік одан хабардар бола тұра бейқам отырған. Көктем келе жерасты құдықтарын ашып, қауіпті белдеулерге белгі қойып, сол аумақты қоршауға алмаған. Айналып келгенде, ауыртпашылықты ел тартып жатыр, – деді қарағандылық Дархан есімді тұрғын.

– Немеремді ертіп үйден шығып кетіп едім. Жолымызды қысқарту үшін, Республика алаңындағы мемлекеттік рәміз тұрған тұстағы жолдың келесі бетіне өтпек болдық. Теңіздей толқып жатқан терең суды көріп бойымды үрей басып кетті. Оған адам батып кетсе көрінбейді. Немерем шошығаннан «баж» ете қалды. Бұл арадан қалың нөпір адам жүреді. Талай бала осы араны кесіп өтіп, мектепке барады. Бүйткен биліктен не қайыр? – деп күйінішін жеткізді Шолпан әжей.

Оңтүстік-шығыс тұрғындарының есін алған топан су әлі күшін жинап тұр. Тұрғындар асфальт жолдың үстін басып қалған судан қорғанудың түрлі амалдарын жасап әуре-сарсаңға түсуде. Жол бойындағы төтенше оқиғаның орын алғанына үш күн өтті. Әкімдіктегілер халыққа ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Айтпақшы, Сұрыптау стансасында үйінің маңындағы суға кетіп ажал құшқан баланың өлімінен кейін де шенеуніктер ешқандай шара қолданбады. Жер үстіндегі суағардан қорғайтын құдықтар толықтай жабылмады, көшедегі жиналған су дер кезінде сорылмады. Тек бүгін ғана қалалық әкімдік тығырықтан шығатын жеңіл тапқан секілді. Қаладағы су басып жатқан көшелердің маңындағы мектептің 1-7 сынып оқушыларының сабағы онлайн форматқа ауыстырылды. 

Айналдырған жарты сағатта біздің спикерлер тығырықтан шығатын жол көрсетті. Халықтың қаражатымен жалақы алып отырған  қала мен Қазыбек би ауданы әкімдігіндегі ат төбеліндей шенеуніктері  шағын ауданның аядай аумақтарындағы суды ауыздықтай алмай ақ тер, көк тер болуда.

Тегтер: