Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 02 Ақпан 2022

Қарағандының құрылыс компаниялары елдегі заңға бағынбай ма?

None
None

Қарағандыда тұрғын үй құрылысы қарқын алғаннан бері, тұрғындардың баспана алуға сұранысы артып отыр.

Халықтың басым көпшілігі жаңа пәтерге қызығушылық танытуда. Алайда, елдің қалауын сезген құрылыс компаниялары өз өктемдігін орнатуды көксеуде. Билік құрылысшы бизнесмендерге батыл талап қоюға батылсыз. «Жекенің шаруасына араласуға құқымыз жоқ» деген ымыраны алға тартады. Сонда, үлескерлерден гөрі, елдің нәсібімен күн көретін кәсіпкерлердің мүддесі биік пе? Саяқ саясат орнатқан құрылыс салушылардың дегеніне көнген қараша өз күйігіне өзі өртенуде.

Бұғаусыз кеткендерді бұғаттау қиын ба?

– Ата-анам жекеменшік үйде тұрады. Екеуі де, қарт адамдар. Жыл өткен сайын күш-қуаттары азайып барады. Осыны ескере келе, біз әке-шешемізге көп қабатты үйден пәтер алуды шештік. Үш айдан бері қаладағы бірнеше құрылыс фирмаларды аралап шықтым. Өзім Астанада тұрамын. Мені Қарағандыдағы тұрғын үй салатын компаниялардың талабы қайраң қалдырды. Заң талабы бойынша алушы мен қызмет көрсетушінің арасында екіжақты келісімшарт болуы керек. Мұндағы әр құрылыс фирмалары клиенттерге «ерекше келісімшарттарын» ұсынады. Ал олардың дені салымшылармен инвестициялық келісімшартқа отырады. Дәл осындай жағдай осыдан он жыл бұрын Астанадағы құрылыс фирмаларында болған. Соның кесірінен көптеген компаниялар тұтынушылардың жинаған қаржысын жымқырып, сан соқтырып кеткен. Қарағандыда да, осындай жәйттің қайталанбайтына кім кепіл? Екіншіден, облыс орталығында қазығы қағылмаған қайсібір тұрғын үй нысандары әлден сатылымға қойылып жатыр. Неге олай? Жұрт айтып, жауыр болған «Орбита» ықшамауданындағы сиырқұйымшақталған «Британский орамының» жақын арада бітетін түрі көрінбейді. Міндетіне тиянақсызқұрылыскомпаниялардың кесіріүкімет қазынасына масыл болмай ма? Сары уайымға салынған салымшылардың ақшасын кім өтейді? Ендеше, жергілікті билік оларды неге жөнге салмайды? Заңның орындалысын прокуратура қадағалауы тиіс емес пе? –  деді бізге сұрақ жаудырған Айдос Мұқан. Күзден бері қаладағы құрылыс фирмаларын адақтаумен қажыған Ермек Мәліков, пәтер іздеп жүріп көптеген келеңсіздіктерге қаныққанын айтты.

 – Үлкен ұлыммен өткен аптада Оңтүстік-шығыс аудандағы, қала орталығындағы құрылыс компанияларын тағы шарлап шықтық. Сонда аңғарғаным, құрылыс қожайындары халықтың жағдайымен санасудан қалған. Қай мемлекетте тұрып жатқандарын естен шығарғандай. Мәселен, сатылымға қойған пәтер бағалары жарты жылда 30-40 пайызға өсіп кеткен. Қыркүйекте пәтерлердің шаршы метрі 200-220 мың теңгеге саудаланса, қазір 300-370 мың теңгеге табан тіреп тұр. Есепке салсақ, алты айда  елде доллардың бағасында өзгеріс болған жоқ.  Үй тұрғызуға қолданатын бетон, кірпіш, терезе, секілді құрылыс материалдары өзімізде шығарылады. Ендеше, етектен тартқан инфляцияға не жорық? Бүгінде Қарағандыдағы пәтерлердің бағасы Астанамен теңеліп тұр. Тағы бір маңызды мәселені айтпасқа болмас. Осындағы  құрылыс фирмалары көбіне еркін жобадағы (свободная планировка) яғни, қабырғалары қаланбаған, электр бағалары өткізілмеген пәтерлерді ұсынады. Жалпақ тілмен айтқанда, «Үй ішіне үй салу» үшін тағы қомақы қаржы керек, – дейді зәрезап болған қала тұрғыны.

Қадау-қадау түйткілдерді алға тартқан пәтер іздеушілердің шағымына орай облыстық құрылысшылар ассоциациясының директоры Найля Қайырбекова төмендегідей уәж қайтарды:

– Біздегі үлескерлердің келісімшартпен жұмыс істеу сауаты төмен. Олар аталған құжатқа жүрдім-бардым қарайды. Кейбір салымшылар шарттың бір-екі тармағымен танысып, қолтаңбасын қоя салады. Жеке тұлға әуелі басқаға жем болмаудың амалын ойлауы керек дегенді санаға тоқып алса деген кеңес айтар едім. Бұл –  өмірдің қарапайым қағидасы. Жоғарыдағыдай шалағайлықтың салдарынан көп үлескерлер опық жеп қалады. Егер келісімшартта өз мүддесіне қайшы келетін, яки бапта жазылған жағдайы көтермейтін сөйлемді кездестірсе, мамандардан сұрап, заңгерлерден кеңес алғаны абзал. Тұрғындар  білуі қажет келесі түйткіл,  елімізде үш жыл бұрын қабылданған «Ортақ құрылыс»  (долевое стройтельство) деген заңы аясында азаматтар өз талаптары бұзылған жағдайда, үшінші  жақ-атқарушы биліктен араша сұрауға құқылы. Ал  жоғарыда айтылған пәтер бағасының жыл аяғына жетпей салынып жатқан пәтерлердің  қымбаттауына келер болсақ, күздегі жанар-жағармай бағасының өсуі өз кезегінде құрылыс материалдарының құбылуына әсерін тигізді, – деп кесіп-пішті құрылыс маманы.

Кеншілер шаhарында баспана сатып алудың машақты осындай. Жеке үй салушы компаниялар олқылықты дер кезінде түзетпесе, үлескерлер тарапынан мәселе насырға шабары мүмкін. Басы ашық проблемаға қатысты атқарушы билік өкілдерінің айтары не деген оймен біз қалалық, облыстық сәулет және құрылыс бөлімінің жауапты мамандарымен тілдескенімізде олардан анық жауап алмадық. Кейбірі «құрылыс фирмалары жекеменшіктің құзырында, мемлекеттік мекеме емес!» деп дағдарды. Еске сала кетсек, былтыр қыркүйек айында Қарағанды қаласында үйлері салынып бітпей жатқан бір топ үлескерлер наразылық білдірген болатын. Салымшылардың алдына шыққан құрылыс компаниясының басшысы бөгелу себебін пандемия салдарынан туындаған қаржы қаттығы мен жұмысшы күшінің жетіспеушілігін алға тартып сылтауратқан еді. Қайраңға шыққан балықтың күйін кешкен үлескерлер сол кезде президент әкімшілігіне хат жазғандарын мәлімдеді.

Тегтер: