Қарағандының уақыты тоқтап тұр
Әлемді әл-ауқатымен ғана емес, сұлу сәулетімен жаулайтын шаhарларда сағат қаланың символына айналған.
Мәселен, жаhан жұрты Британия десе, Лондондағы Вестминсер сарайының мұнарасына ілінген әйгілі Биг-Бен сағатын көз алдына елестетеді. Уақыт өлшемін Биг-Бенге қарап түзейтін ұлыбританиялықтар қала символикасы айналмай қалса, тұтас Англияның жүрегі тоқтағандай сезінеді. Себебі, екі ғасырға аяқ басқан Биг-Беннің үні үш рет өшкен, оның өзінде небәрі қысқа мерзімге. Алғаш бірінші дүниежүзілік соғыста неміс пилоттары ағылшын астанасына енгенде сағат үнін естімеу үшін, одан кейін 1965 және 2013 жылы елдің қос сарабдал саясаткерлері Уинстон Черчилль мен Маргарет Тэтчерді соңғы сапарға аттандыру салтанатында. Биг-Бен өз тарихында тек 2007 жылы жөндеуден өткендіктен, ең ұзақ мерзімге, яғни 6 айға тоқтатылған.
Ал Қарағандының қақ ортасындағы «Галлерия» сауда үйінің қасбетіне орнатылған сағаттың үнсіз қалғанына жыл асты. Жекеменшіктің салақтығына сын айтатын жан болмай тұр. Барлық деңгейдегі әкімдіктен әрекет жоқ. Гоголь көшесіндегі Медицина академиясының іргесіне тұрған темір стеллаға бекітілген мұнара сағаттың тілі көптен бері қозғалмай тұр. Себеп неде? Қарағандылық қоғам қалың ұйқыда, кабинетшіл әкімдер көше араламайды.
– Назарбаев даңғылы Қарағандының көрнекті көшесі саналады. Бұл маңда көптеген мекемелер, денсаулық сақтау орындары мен бизнес орталықтар, сауда ғимараттары, орта және жоғары оқу орындары, сондай-ақ көп қабатты тұрғын үйлер шоғырланған. Қалың нөпірлі халықтың мына сағатты жүргізуге әмірі келмей қойды. Ешкім жақ ашпаса, әлі бірнеше жыл қаққан қазықтай орнынан тапжылмай тұра беретіні анық, – дейді көшеде жолыққан Әділет есімді жігіт.
— Көшедегі сағаттың тоқтауы адамдарға кері әсер ететінін көбіміз жете түсінбейміз. Бәлкім, біреулер қазір ұялы телефонда, сосын қол сағаты бар. Ендеше, оның қажеті қанша деп ойлауы әбден мүмкін. Сағат – әр қаланың тіршілігінің айғағы. Қытай философиясы бойынша сағат күшті энергияның иесі. Аспанасты еліндегілер үйдегі сағат тоқтап қаласа, оны міндетті түрде жөндейді, жөндеуге келмесе, қоқысқа лақтырады, – деген философиялық ой айтты білім саласының үздік қызметкері Таутан Жарықпасова.
Ақжарқын атты келіншекті біз Гоголь көшесінің бойынан кездестіріп, әңгімеге тарттық.
– Медицина академиясын оқып бітірдім. Әлі есімде, студент кезімізде жігіттер қыздарды талай рет: «Сағаттың астында кездесейік!» – деп кездесуге шақырып жататын еді. Осы арадан өткен сайын жүрмей тұрған сағатқа қарап, күрсініп қоямын. Осындай олқылықтарды біле тұра, әкімдер көзжұмбайлық танытып отыр. Сағат түбіндегі сырдан шығады, қала мен оңтүстік-шығыстағы тұрғын үй аулаларындағы контейнерден төгілген тамақ қалдықтары жол бойында шашылып жатыр. Тасадағы аулалар қылмыс ұясына айналып барады. Кейбір үйлердің сыртына бұзақылар анайы сөздер жазып қойған. Көшедегі электр бағаналар құр сорайып тұр, істемейді. Жағдай оңалмаса, мұның зардабы түбі қатер мен қаланың құруына әкеп соғады, – дейді.
Әлемдік тенденция бойынша қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру – қала әкімінің міндеті. Дүниежүзінің алдыңғы қатардағы алып шаhары – Нью-Йорк 1970 жылдары адам шошырлық лас, әрі қылмыс ұясына айналды. Сол кезеңде халқының саны 8 млн-ды құрайтын мегаполистің 7 млн тұрғыны төзгісіз мекеннен басқа қалаларға босып кетті. Американың азулы шаhарының екінші тынысы тек Рудольф Джулиани келгенде ашылды. Талантты мэр 1980-жылы «сынық терезе» стратегиялық теориясын енгізіп, өзі бас болып, полицейлерді жұмылдырып, үлкен қаладағы қылмысты тұзақтады, әр көшенің қалтарысын жөнге келтіріп, тар уақытта зәулім мегаполисті адам танымастай жетістікке жеткізді. Әлбетте, Нью-Йорк пен Қарағандының арасы жер мен көктей. Кеншілер шаhарының билігінен Нью-Йорктің деңгейін талап етпейміз, бар болғаны – аядай Қарағандының сағатын жүргізіп, ауласын тазартып, көшесін көркейтуді сұраймыз.