Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:25, 19 Мамыр 2022

Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

None
None

Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз, өзі?  XXI ғасырда емеспіз бе?  Ендеше, қаршадай балалар неге пойыздың астынан өтіп, мектепке барып жүр?

Қауқарсыз қарттар мен мүгедектер әудем жердегі қалаға жете алмай, зар еңіреуде. Кейде елеусіз қалған елді мекендегі халықтың жүрек сыздататын оқиғаларын көргенде, еріксіз осындай ойға шомыласың.   

          Өңірде Қарағанөзек деген станса бар. Теміржолдың бойында орналасқан. Облыс орталығына тиіп тұр. Осы арадан Қарағанды вокзалына  электр пойызымен небәрі 7 минутта зулап жетуге болады. Алайда, ну мекен әкімдер үшін «ит байласа тұрмайтын» айдалаға айналғандай. Мұндағы тұрғындар өз проблемаларымен өмір бойы арпалысып келеді. Тауқыметтен қажыған ел «билік басындағылар біздің өтінішті ескеруге құлықсыз», деп ұлардай шулап отыр. 

Пойыздың астын кесіп өту қауіпті, бірақ амал қайсы?

 Қарағанөзек стансасында мыңнан аса отбасы тұрады. Мәселен, біздің Перонная көшесіндегі екі қабатты төрт үйде 48 пәтер бар. Кейбір көпбалалы отбасында 12 жан тұрады. Білуімше, бұл маңда тұратындардың қарасы  мыңнан асады. Бізді көптен бері алаңдатып жүрген проблема тұрғылықты жерімізге автобус мүлде қатынамайды. Такси де келмейді. Көлік аялдамасы, дүкен, дәріхана теміржолдың арғы жағында орналасқан. Бәрінен бұрын, балалардың тағдыры қатты алаңдатып келеді. Мұқым бала теміржолдың  келесі бетінде тұрған №44 мектепке барып оқиды. Үлкендер жұмысқа барғанда, азық-түлік алуға бару үшін осы арадан өтеді. «Ажал нүктесіне» айналған жерде қаншама жерлестерім қаза тапты. Алайда «жол қауіпсіздік ережесін сақтамады», деп бар кінәні марқұмдарға жаба салды. 6-сыныпта оқитын немерем шойын жолда тұрған көліктің астынан арғы бетке өткенше, дегбірім қашып, уайымдап бітемін. Кейбір кезде пойыздар екі жақтан ағылады. Күнде көретін күніміз осы, дейді Қарағанөзек тұрғыны Бақыт Сыздықова.

Балалар расымен бастарын қауіпке тігіп жүр. Амал қайсы? Бәріне білім алу керек. Жазда жеңілдеу. Ақ қар, көк мұзда балғындардың машақаты, тіпті ауырлайды. Қыста пойыз вагонының астын қалың қар басып қалады. Қаршадай балақайлар арқаларына асынған зілдей ауыр сөмкелерімен, бір қолдарына екінші аяқ киімін, екінші қолына спорт киімін салған дорбамен омбы қарды кешіп, келесі бетке азаппен өтеді. Ересектерге де, тоңқаңдап өту қиын, дейді станса тұрғыны Күлпараш Алдабекова.

Өзекті мәселеге қозғау салған белсенді Бақыт Сыздықованың айтуынша, былтыр Қарағанөзекте қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықпен кездесу өткізді. Жергілікті тұрғындар сол жолы әкімге сметалық құжаты әзірленіп жатқан көпірдің тым қашық, бұдан бірнеше жыл бұрын жасалған ескі жоба ыңғайлы екенін айтқан. Бірақ кеншілер шаhарының бірінші басшысы қарашаның өтінішінен құлақдар бола тұра, халықтың ұсынысын елең қылмады. Олардың айтуынша, шенеуніктер жобаны өз қалауларына қарай жасап бекіткен.

          «672 млн теңге жағдайы төмен отбасыларын көшіруге жетеді»

Салынатын көпірдің жобасымен таныстық. Жобаға қисапсыз қаражат бөлініпті. Бұл ақшаның көлемі біздегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын қалаға көшіруге жетеді. Бірақ өкінішке қарай, көпшілік жобаға қанағаттанбады. Себебі жаңа сызбада өткел Перонная көшесіндегі 4-үйдің тұсынан басталады. Біріншіден, пойыз ол бағытпен өтпейді. Екіншіден, жаңа өткел салынса, біз 20 үйді айналып өтуімізге тура келеді. Әрі төрт жарым шақырым жерді жаяу жүріп барып, көпірге шығамыз. Бұл тұрғындарға тым қашық. Батпандай жүк көтеріп жүретін балалар мен мүгедектерге, тіпті қиямет. Елдің қалауы бойынша, көпірді пойыз тоқтайтын бекеттегі кезекші отыратын жерге салса, халыққа өте қолайлы болар еді. Алғашқы жобада солай көрсетілген, деді Күлпараш Алдабекова.

      Меңіреу мекенге айналған Қарағанөзек стансасының анық атауын білу оңай болмады.  Ол бөлек хикая. Қысқасы, жолын тауып, қала әкімдігінің баспасөз қызметіне қоңырау шалдық. Олардан екі күн өткенде, тілдей жауап алдық. Онда: «Теміржол арқылы жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша жоба әзірленді, жобаның құны 672 млн теңгені құрайды. Бүгінде мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау биылғы жылға жоспарланған», делінген. Сөйтіп, атқарушы билік аманаттан құтылдық деп отыр. Бірақ әкімдіктегілердің арасынан тұрғызылатын көпірдің халыққа тиімділігін айтып түсіндіретін жауапты тұлға табылмады.

Мемлекет басшысы былтыр «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялады. Ендеше, жергілікті жердегі шенеуніктер «өзім білемге» салып, қарапайым тұрғындардың ұсынысын неге ескермейді?  Сонда халықтың үні президентке қана керек пе? 

Тегтер: