Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:29, 18 Желтоқсан 2020

Қаракемердің клубы

None
None

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген.

Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы осы.

Бұл ретте Жамбыл өңірінде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Жергілікті тұрғындардың талап-тілегі де ескерусіз қалып жатқан жоқ. «Аудан әкімінің Қаракемер ауылындағы есеп беру кездесуінде ауыл қариялары ауылға клуб қажет екенін айтқан болатын. Бүгінгі күні бұл мәселе шешімін тапты. Ауылда аталған жоба аясында 81 миллион 612 мың теңгеге 90 орындық заманауи үлгідегі клуб салынды. «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын пайдалануға берді. Мамыр айында іргетасы қаланған ғимараттың құрылысы Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталып, мерекеге тарту болды»,- деп хабарлады Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев келіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан тірліктер жайында айтты.

– Облыс бойынша биыл 22 мектеп, 4 ауылдық клуб салынып, 5 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтті. Осының бәрі Тәуелсіздіктің, егемендіктің, мемлекеттік қолдаудың арқасы. Бізді әлемге танытатын мәдениетіміз. Мәдениетімізбен біз ұлылығымызды, ұлтымыздың биіктігін көрсетеміз. Жастарды мәдениетке баулып жатсақ, бұл да болса біздің бір үлкен жетістігіміз. Қазақта «Тарихын білген тұғырлы болады, Мәдениетін игерген мәртебелі болады» деген сөз бар. Ұлттық кодымыз тілде, мәдениетте екенін ұмытпауымыз керек, – деген Ержан Жұматұлы облыс әкімінің тарту еткен сыйлығы музыкалық аппаратты аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаеваға табыс етті.

Басшы сөзін жалғаған ауыл қариясы Ахатай Балқыбеков облыс, аудан басшыларына, округ әкіміне, құрылысшыларға ауылдастарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін Ержан Жұматұлы ауыл қарияларымен жаңа ғимараттың ішін аралап, үйірмелер жұмысымен танысты.

Жалпы, Жамбыл ауданында 4 Мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб бар. Қаракемер ауылдық клубы – оныншы. Мәдениет ошағы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Онда ән, би, көркем сөз, қолөнер шеберлері үйірмелері ашылған. 7 адам жұмыспен қамтылған.

Тегтер: