Қаракөз қыздарымыз неге жаппай төбелеске үйір болып кетті?

Жастар арасында төбелес бұрыннан келе жатқанымен, қазіргі жаппай төбелестің жөні бөлек.
Себебі, ашуға бейім жастар дауының соңы өлімге ұласуда.
Мектепте болатын жаппай төбелестердің салдары әлімжеттіктен бастау алатыны барлығына белгілі. Себебі, жоғары сыныптың оқушылары төменгі сыныптың оқушыларын бопсалап ақша сұрап, салық салады. Ақша уақытында жиналмаса, соңы топтасып төбелесуге жалғасып жататыны бұрыннан келе жатқан үрдіс десек те болады. Осы үрдістің салдары кейінгі жылдары тіптен үдеп, арты өкінішті жағдайлармен аяқталып жатқаны да аз емес. Мәселен, жуырда ғана Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес орын алды. Салдарынан Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ қайтыс болды. Сонымен қатар Орал қаласында да жаппай төбелестің арқасында 24 жастағы жігітке оқ тиіп, жансақтау бөліміне түсті. Талдықорған облысында бір топ жігіт төбелесіп, соңында 21 жастағы жігіттің басына 4 рет оқ тиген. Аталған дерек ҚР ҚК-ның 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағы (Бұзақылық) бойынша тіркелді. Дәл осындай жағдай жылдың басында Шымкентте де болған еді. Жаппай төбелестен соң, екі бала жарақат алып, кәмелетке толмаған жігіттің басына шлакоблок тиіп, комада қайтыс болады. Сондай-ақ маусым айында Тараз іргесіндегі Шөлдала ауылының мектеп оқушылары арасында жаппай төбелесте 15 жастағы Оралбек Кедебаевтың сегіз жерінен пышақ сұғылып, кеуде тұсына тиген ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмған еді. Дәл осындай арты қайғыға ұласқан жаппай төбелестер сонда да елімізде тыйылар емес.
Жасөспірімдер арасындағы төбелестің, қылмыстың артуының себебін психолог Маржан Құрмашова былай түсіндірді:
–Жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелестің негізгі себебі – жастардың белгілі бір жүрген ортасына қарай бейімделуі, әрі өздерін ересек сезінгісі келуі мен бос уақыттарының көп болуынан. Оның үстіне, ересек жасына ауыса бастайтын шақта балалардың психологиясында біршама өзгерістер орын алады. Өз бетінше мәселе шешкісі келеді. Өз бетінше батылдық көрсетіп, мәселе шешкісі келуінің арты бұзақылыққа, қылмысқа апарып соқтырады. Сол үшін көп ата-аналар жұмысбастылыққа салынбай, арасында балаларының қандай ортада не істеп жүргенін қадағалап отырғаны жөн. Бұл тек мектеп жасындағы балаларды ғана емес, кәмелет жасына толған ересек балалары үшін де әр ата-ана жауапты болу қажет – дейді.
Психолог айтқандай, ата-аналар балаларының тәртібіне, мінез-құлқына зер салғаны жөн шығар. Дегенмен, жасөспірімдерге тек ата-аналар ғана емес, білім ошақтарында жұмыс жасайтын психологтар әр баламен сөйлесіп, мінез-құлқына мән береді ма екен? Осыған байланысты ата-аналар да, мұғалімдер мен мектеп психологтары атсалысса жөн еді.
Жаппай төбелес тек ұл балалардың арасында ғана емес, бойжетіп келе жатқан қаракөз қыздардың арасында да қылаң беріп қалып жатады. Биылдың өзінде қыздар арасында бірнеше төбелес болып, әлеуметтік желіде тарап кетті. Мәселен, Ақтөбе облысында 20 қыркүйек күні 8, 9, 10 сыныптың қыздары арасында жаппай төбелес болды. Басты себеп – бір-бірінің сөзін көтере алмай, балағаттаудан басталған. Сондай-ақ дәл осыған ұқсас жағдай Павлодарда 2 рет орын алған. Соның бірі, 7 қыз кәмелетке толмаған танысын жабылып ұрып кеткен болатын.
Осыған ұқсас оқиғаларды тізе берсек, жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыстар саны шаш-етектен. Жастардың осындай теріс қадамға баруы неге толастамай тұр? Мүмкін, отбасында берілген тәрбиенің әу баста дұрыс берілмеуінен бе? Олай дейтініміз, кейбір ата-аналар балаларын өзімшілдікке баулып өсіруде. Мысалы, баласы өзге баламен төбелескен жағдайда тоқтатып, ақылын айтудың орнына, баласын одан бетер қолпаштап, боқтатып ұрғызуға дейін барады. Осындай тәрбиеден кейін қайбір бала онсын. Мейлі, баласының өзін қорғауына септігін жасасын делік, бірақ кейін оның арты өкінішке апаруы да бек мүмкін ғой. Сондықтан бала тәрбиесі өзекті мәселе болғандықтан, балаға жөнді тәрбие бере отырып, араласқан ортасына ең бірінші өз отбасы, сонан соң қоғам болып атсалыссақ қылмыс та азаяр.