Қаралы қаңтар хронологиясы
Алматы полициясы департаменті басшысының көзімен
Қасіретті қаңтардың қырық күндігіне орай, Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовке бірнеше сауал жолдағанбыз. Мәселен, олардың ішінде –Алматыда қанша адам тұтқындалды, оның қаншасы әкімшілік жазамен босатылды, қаншасы қылмыстық жауапқа тартылып жатыр, митингі басталған алғашқы екі күнде қалада неге полиция болған жоқ деген сияқты сауалдар бар еді. Одан бөлек, тергеудің қаншалықты әділ жүргізіліп жатқанын, оқ тиген жаралы азаматтарды отадан кейін бірден тергеуге неге алып кеткенін, эксгумация неге марқұмдардың жақындарының рұқсатымен жасалмағанын сұрағанбыз. Қанат Таймерденов қалалық полиция департаментінің құзыретіне жататын сұрақтарға жауап беріпті.
Ең алдымен, Алматыдағы оқиғалар кезінде қарулы лаңкестердің зорлық-зомбылығының құрбаны болған полицияның, әскерилердің және бейбіт тұрғындардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.
Алматы қаласындағы жағдай туралы бөлек баяндағым келеді. 3-қаңтарда еліміздің батысындағы шерулерді қолдау мақсатында қалада заңсыз жиындар өтті. Қаланың әр түкпірінде екі жүзден 2 мыңға дейінгі азаматтар жиналған жиындар өткізілді. Жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ прокуратура қызметкерлері алдын-алу түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар бұл күні наразылық білдірушілер тарапынан өрескел заң бұзушылықтар тіркелмеді.
Қаңтардың 4-і күні «Алматы Арена» мұз сарайының жанына 2 мыңға жуық наразылық білдіруші жиналды. Сондай-ақ Шығыс айналма жолының маңында бір топ адамдар заңсыз акция өткізді. Қаланың басқа бөліктерінде жиналғандар саны – 500-ден 2 мың адамға дейін жетті. Оларға да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Барлық жағдайда полиция қызметкерлері бейбіт жиындар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етудің бұрын әзірленген алгоритмі бойынша жұмыс істеді және қарусыз болды. Рысқұлов, Саин, Шығыс айналма жолы мен Төле би көшелерінің бойындағы жолдарды жауып, көлік қозғалысын тоқтату әрекеті жасалды. Осы деректер бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына барды, бұл әрине, күштерді қаланың әртүрлі жеріне бөлшектеуге әкеліп соқты.
Шерушілер санының артуына байланысты оларға лаңкестер мен радикалды экстремистер де қосылып, жиналғандарды билік пен полицияға қарсы агрессивті әрекеттерге бағыттап, әкімдік ғимаратын басып алуға шақырды. Барлық әрекеттердің нақты ұйымдастырушылары болды. Адамдар жиналған орындарға таяқ, бита, брусчатка, тастар, бөтелкедегі бензин және алкоголь өнімдері ұйымдасқан түрде жеткізілді. Наразылыққа шыққандар қала орталығындағы Төле би даңғылының тротуар тақталарын бөлшектей бастады.
Осыған орай, мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау мақсатында арнайы жедел жоспарды енгіздім. «Дабыл» бойынша гарнизонның барлық жеке құрамы көтерілді. Қала көшелеріне саябақтарға, алаңдарға, қосымша полиция жасақтары мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қойылды. Стратегиялық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын күзету күшейтілді.
Бұл уақытта лаңкестер бір мезгілде қаланың әр жерінде патрульдік жасақтарға шабуылдай бастады. Лаңкестердің басқа топтары бір уақытта қару-жарақ дүкендерін басып алды, олар ол жерден қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденді. Барлығы – 1347 дана қару ұрланған, оның ішінде – 501 мылтық, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару. Осының барлығын нақты ұйымдастырылған, олардың іс-әрекеттерін топ жетекшілері үйлестіріп отырды.
Түскі уақытта, кем дегенде – 10 мың адамнан тұратын шабуылдаушылардың негізгі колоннасы басып алынған коммуналдық көліктердің көмегімен қоршауды бұзып өтіп, қала әкімдігінің ғимаратын басып алуға әрекеттенді. Оларға қарсы өлімге әкелмейтін құралдар – суатқыштар, жарықты-дыбыс шығаратын гранаталар, көзден жас ағызатын газ қолданылды. Шабуыл жасаушылардың сан жағынан басымдығына қарамастан, полиция мен әскери қызметкерлердің жанқиярлық әрекеттерінің арқасында, олардың ойлағаны жүзеге аспады. Ғимаратты басып алудың екі әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін, наразылық танытушылар алаңнан кетіп қалды. Кетер кезде олар – 32 қызметтік көлікті, 5 өрт сөндіру көлігін өртеп жіберді.
Шерушілер зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін келе жатқан 30-дан астам жедел жәрдем көлігіне де зақым келтірді. Осыдан кейін қаңтардың 5-і күні таңға дейін қала полициясы мен ұлттық ұланның күшімен барлық баррикадалар толығымен жойылып, жолдарды жауып тұрған көліктер шығарылды. Қалада тәртіп орнады.
5 қаңтар күні таңертең әр аудан мен шет аймақтардан қала орталығына бір мезгілде – 20 мың адам жиналды. Олардың жүріп өтуіне жол бермеу мақсатында – Төле би, Назарбаев, Саин-Райымбек, Сейфуллин-Райымбек көшелеріне қоршаулар қойылды. Сандық артықшылық пен қаруды пайдалана отырып, қызметкерлердің жанқиярлық әрекеттеріне және қолданылған арнайы техникаға қарамастан, шерушілер бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, полицейлерге дене жарақатын салып, көліктерге зақым келтірді. Одан әрі Республика алаңына жиналған мыңдаған шабуылшылар әкімдік ғимаратын басып алуға тағы әрекеттенді. Шектеулі кеңістікті және әкімдіктегі адамдардың тығыздығын ескере отырып, полиция қызметкерлері қаруды қолданбады, өйткені бұл адам шығынына әкелуі мүмкін еді. Сондықтан полицейлер қару қолданбай, шегінуге мәжбүр болды. Шабуылшылар әкімдікті тонап, өртеу арқылы дүние-мүлкін бүлдіре бастады. Полиция қызметкерлері мен әскери оқу орнының курсанттарын ұрып-соғып, мазақ қылып, арнайы құралдары мен киімдерін тартып алды.
Дәл осы уақытта қаланың әр жерінде содырлардың көптеген топтары полиция жасақтарына оқ жаудырып, қаланы қиратуға кірісті. Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні содырлар полиция департаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алуға әрекеттенді. Осыған байланысты, ғимаратты қорғау, сондай-ақ әскери қарудың қолды болуына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері шабуыл жасағандарға оқ жаудырды.
Мен өзім полиция департаментінде болдым, ғимаратты басып алу үшін лаңкестердің 27 рет шабуыл жасағанын санадық. Қылмыскерлер техниканы, джиптер мен КамАЗ көліктерін қолданды. Шабуылдарды соғыс тактикасын жақсы білетін, өлілер мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кететін кәсіби дайындығы бар содырлар жасады. Түнде олар осал жерлерді іздеді, шабуыл таңертеңге дейін жалғасты.
Лаңкестердің арасында ПД ғимаратының жанындағы көпқабатты үйдің төбесінен полиция департаментіне оқ атқан снайперлер де болды. Ғимарат атқыланды, жанатын сұйығы бар бөтелкелер лақтырды. Айта кетейін, ол кезде ғимараттарды тек күшейтілген кезекші жасақтар қорғады. Сол қызметкерлердің батылдығы мен ерлігінің арқасында содырлар ғимараттарды басып ала алмады.
Сонымен қатар қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бей-берекет оқ жаудырып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды, дүкеннің сатып алушылары мен көліктерін беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді. Осындай жағдайда 6 қаңтар күні режиссер Сәкен Битаев қаза болды. Сол күні кешкі сағат тоғыз жарым шамасында Алматы қаласы әкімдігінің жанында сол кездегі қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне де оқ жаудырылды. Қастандық салдарынан, «Алматы» телеарнасының қызметкері қаза тауып, тағы үш адам, оның ішінде – әкімдіктің екі қызметкері жараланды. Содырлардың әрекеттері ұйымдастырылған сипатта болды. Биліктің беделіне нұқсан келтіру үшін қылмыскерлер полицейлер мен әскери қызметкерлердің киімін киіп алып, заңға қайшы әрекеттерге барды.
Шерушілер алаңның периметрі мен қаланың орталық көшелеріндегі 493 бейнебақылау камерасын істен шығарды. Жолдарға тосқауыл қойды. Периметрдің айналасында бақылаушылар орналастырылды. 4-5 адамнан құралған лаңкестік топтар басып алынған көліктерде мемлекеттік нөмірсіз жүрді. Қозғалыс кезінде полиция жасақтары мен блок-посттарға оқ атты. Қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шабуыл жасау әрекеттері де орын алды. Лаңкестер Алматының халықаралық әуежайын да басып алды. Сауда және ойын-сауық орталықтарына, қаржы ғимараттарына шабуылдар жасалды. Сондай-ақ қаланың әр түкпірінде бір мезгілде әртүрлі ғимараттарға мина қойылғанын, атыс, шабуыл туралы жалған хабарламалардың көптеп түскенін атап өткім келеді. Бұл тактиканы лаңкестер полицияны шаршатып, күштерімізді осал ету үшін қолданды.
Ел президентінің Алматыда төтенше жағдай енгізуінен және қорғаныс министрлігінің бөлімшелері мен бөлімдерінің қалаға кіруінен кейін полицияның айтарлықтай күштерін ғимараттар мен стратегиялық нысандарды қорғаудан босатуға, конституциялық заңдылықты қалпына келтірудің негізгі міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Одан кейін арнайы органдардың қызметкерлері әскерилермен бірлесіп, қаланы тазарту бойынша лаңкестікке қарсы іс-шара жүргізді. Қылмыскерлерден заңсыз қолға түсірген қаруды тәркілеу жұмыстары жүргізілді.
Тәртіпсіздіктер кезінде – 356 көлік зақымданды және жойылды, оның ішінде, полицияның – 163 қызметтік көлігі бар. Шұғыл түрде дәлелдеме базасы жиналуда. «102» сигналдарына жауап беру жүйесі қалпына келтірілді. Шақыруларға күшейтілген патрульдік жасақтар жіберілді. Құқық бұзушылық туралы әрбір дабыл мұқият тексерілді.
Бүгінгі күні жағдай тұрақтанды. Коммуналдық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысы қалпына келтірілді. Өкінішке қарай, қақтығыстар мен шабуылдар салдарынан, 149 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі – бұзақылар мен лаңкестер, сондай-ақ олардың қолынан қаза тапқан бейбіт азаматтар да бар. Лаңкестер негізінен, 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні полиция бөлімшелері мен блокбекеттерге шабуыл жасау кезінде оққа ұшты.
Қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, мәжбүрлі шектеулерге шыдамдылық танытқан, сабырлық сақтаған, әсіресе, лаңкестікке қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқан аумақтарда сақтық шараларын орындаған қала тұрғындарына алғыс айтамын. Алматылықтар арандатушылыққа ермей, барлық күдікті фактілер мен адамдар туралы полицияға хабарлап отырды. Осылайша, сіздер елдегі тәртіпті қалпына келтіруде құқық қорғау органдарына үлкен көмек көрсеттіңіздер.
— Сол үшін сіздердің алдыңызда басымды иіп, алғыс айтамын! – деді сөзін түйіндеген қалалық полиция департаментінің басшысы.