Қарақалпақты қалпақпен ұрып ала алмайсың
Өзбекстанда біздің ұлы елбасымыздың жолын қуам деген Шавкат Мирзиеев билік вертикалін және ондағы өзінің рөлін күшейтіп алуға тырысқан екен.
Өткен президенттік мерзімдерін жоқ қылып, «обнуление» жасап тастап, өзіне жеті жылдық мерзім енгізіп, билікте ұзаққа қалғысы келді, деп пайымдайды жазушы, публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам «Kz Пульс» басылымына берген сұхбатында.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, өзбек те, қарақалпақ та қазаққа бауырлас халықтар. Бұл екеуі ежелден қатар өмір сүріп келеді. Қарақалпақстандағы көтерілістің басты себебі — Шавкат Мирзиеевтің өз билігін күшейтуі емес, Қарақалпақстанның тәуелсіз мемлекет деген мәртебеден айырыла жаздағаны. Конституцияға ұсынылған түзетулер қарақалпаққа қатысты суверенитет деген сөзді алып тастай жаздады, Қарақалпақстанды Өзбекстаннан бөлініп шыға алмайтындай ете жаздады. Мұндай нәрселер қарақалпақ халқының зор наразылығын туғызды. Әрине, Қарақалпақстан қағазда тәуелсіз республика деп саналғанымен, іс жүзінде олар автономия еді, Өзбекстанның құрамындағы. Кешегі толқулардың тағы бірнеше себебі бар.
Ең бірінші, Қарақалпақстан Өзбекстандағы ең кедей, депрессивті аудан боп қалған. Жерінің климаттық жағдайы, Арал трагедиясы, экологиялық дағдарыс жығылғанға жұдырық боп тиді. Өзбек билігі бұл республиканы басқарамын деп, қолын қаттырақ батырды. Жоғары деңгейдегі кадрлық тағайындаулардың бәрін, шенеуніктер, аудан хокимдері мен мектеп директорларына дейін кімді тағайындауды Ташкент шешіп келді. Өзбек билігінің қысымы сөйте келе, шектен шықты. Соған байланысты Қарақалпақстанда наразылық күшейіп тұрған, бір тал сіріңке жақсаң, лап етіп өртенуге шақ тұр еді. Сол сіріңкені Шавкат Мирзиеевтің өзі жақты.
Енді ары қарай не болады, мен білмеймін. Шавкат басында күшті бекер қолданды. Авторитарлық биліктің қит етсе, халыққа таяқ ала жүгіретін жаман әдетіне басып қалды, байқамай. Бірақ қарақалпақ деген мінезді, намысты, өр халық. Ол республикада тек қарақалпақ қана тұрмайды. 30 пайыздай өзбек, 20 пайыздай қазақ бар. Қазақ пен қарақалпақтың тілі бір. Бір кездері Қарақалпақстандағы ең танымал композитор Шәмші Қалдаяқов болғаны есімде. Сол қарақалпақ билікке ақыры, өз дегенін орындатты. Мирзиеев әлгі түзетулерді алып тастайтын болды.
Бірақ отты жағу оңай да, оны сөндіру қиын кейде. Әсіресе, далада от жақсаң. Билік бір айға төтенше жағдай режимін енгізді. Қарақалпақтың ішіндегі кейбір әсіре белсенділері Өзбекстан құрамынан осымен біржола шығып кетейік, деп шулатып жатыр. Мұның арты немен тынатынын мен білмеймін. Бірақ қарақалпақ үшін, шындығында, Өзбекстан құрамынан шығатын ешқандай реалды мүмкіндік жоқ. Бұл арада психологиялық нәрсе болды. Бірдеңеден ешқашан шыға алмайтыныңды білсең, немесе шығу құқығың енді жоқ десе – жаман болып қаласың. Өмірі қолданбасаң да, сондай құқығыңның бар болып тұрғаны керек.
Енді Ташкент пен Нүкістің қарым-қатынасын түбегейлі қайта қарастыру керек. Нүкіске өзінің кадрлық мәселелерінде еркіндік берілгені дұрыс. Бюджеті көтеріліп, өз бюджетін өзі реттейтін құқық берсін. Өзімен теңдей көріп, сөйлессін. Қарақалпақстан деген үлкен, күрделі тарихы бар жер. Түркістан автономиясында болды, бір кездері Бұқар халық республикасында болды, тіпті, Қазақстанның құрамында да болған. Қазақстаннан кейін алты жыл Ресей құрамында болды. 1936 жылы барша Орталық Азия бөлінгенде, Өзбекстанға кетті. Содан бері өзбекпен бірге. Сондықтан қалай да тіл табысуы керек. Әйтпесе, бұл бүкіл Орталық Азияға проблема болмақ. От жағып қойып, оған қолын жылытқыштар қашан да табылады, шоқты үрлеп, оған кесек-кесек отын тастайтын. Тек қана ортақ мәміле табысуы керек. Қарақалпақстанға президентін енгізсін, өз үкіметін берсін.
Әлеуметтік-экономикалық фактор бар. Бүкіл әлемде наразылыққа бірінші болып шығаратын – адамның асқазаны. Қарақалпақстанда жаппай жоқшылық, жұмыссыздық. Халық қолынан келгенше, қашып жатыр. Қазақстанға да өте көп келеді. Жұмыс болса, халықта ақша болса – қалған мәселелер де оңайырақ шешіледі. Халықтың психологиялық көңіл-күйін ескеру керек.
Жалпы, Қазақстанмен салыстырғанда, Өзбекстан жақсырақ дамып келеді. Экономикалық, әскери, саяси субъект ретінде Өзбекстан өте мықты. Бірақ Өзбекстан ассимиляциялық саясат жүргізген еді. Бізде, қазақта керісінше, қарақалпақ, ұйғыр және басқалар қазақ боп жазыламыз десе, біз жолатпаймыз. Ал өзбектер 4 миллион тәжікті өзбек қылып жаздырды. Шамамен, 1 миллион қазақты құжат бойынша өзбек етті. 600 мыңдай ұйғырды өзбек жасады. Қарақалпақтар да ұлтымыздан айырылып қаламыз ба деп қорықты. Қытай, мысалы, өз жеріндегі қазақты, ұйғырды, тибет халқына ассимиляция жүргізуде. Ататүрік те бәрін түрік қылуға тырысты. Сондықтан бұл өзбектің ойлап тапқаны емес.
90-шы жылдардың басында, біз тәуелсіздік алған кезде, дамуға ең керемет бастапқы мүмкіндіктер Қазақстанда болды. Ал ең қиын жағдай Өзбекстанда болды. Оларда мақта монополиясы болып, жерінің көбі ауруға шалдыққан, қазақтардағыдай, аса қуатты индустриалдық база, ауыл шаруашылық базасы болмады. Халқы көп, жері аз еді. Бірақ олар ақырындап, өз жағдайын түзей алды. Қазақтан артық жері – қарызы жоқ. Біз қазір сыртқа 170 миллиард доллар қарызбыз, сол қарыздың қызметтерінің өзіне жылына 20 миллиард доллар жұмсаймыз. Өзбек колхоз бен созхоздарын сақтап қалды.
Мирзиеевтің билікке қос қолдап жармасып алғаны – Орталық Азия үшін қалыпты құбылыс. Ондай өнерді маңайымызға паш етіп, «мода» жасап берген біз едік. Қазір ел-жұрттың «обнуление» деп жүргенін біздің Назарбаев ойлап тауып, баяғыда жүзеге асырып кеткен. Жеті жылдық мерзімді де Назарбаев әкелген. Қазақстан билігінің істегенін толық қайталайтындардың бірі – Тәжікстанның Эмомали Рахмоны еді, енді Мирзиеев та Назарбаевтан үйренейін десе керек. «Жаман әдет жұққыш келеді», демекші. Қатаң авторитарлық жүйе кейбір қиын кезеңдерден шығуға ғана жақсы. Одан ары қарай авторитарлық жүйеде даму деген атымен болмайды. Испания, Португалия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзиялар қиын кезеңдерден авторитарлық биліктің көмегімен құтылды да, сосын, демократияға толық ерік бере салды. Кетті, сосын, елдері қарыштап дамып. Біз болсақ, авторитаризмнен арылғымыз жоқ. Мәселенің бәрін, тек қысыммен, бұйрық, шектеу мен тыйыммен шешіп үйренген. Адамға жағдай жасалуы керек, ең алдымен. Баспанасы жоқ, ақшасы жоқ, жағдайы жоқ, баласын жеткізе алмайтын адам жасампаз болмайды. Ол күнкөріспен ғана қалады.
— Орталық Азияның ерекшелігі – мұнда кез келген нәрсе бұрқ етіп бір-ақ жарылады. 1992 жылы тып-тыныш жатқан Тәжікстанда азамат соғысының оты бұрқ етеді деп ешкім ойламады. Әндіжан оқиғасы. Қырғызстанда төрт рет революция болды. Бізде қаралы қаңтар оқиғасы орын алды. Қазақстан билігіне де абайлау керек, халықтың әлеуметтік жағдайына қарайлаған жөн. Бүгін тыныш болса, ертең тыныш болмауы мүмкін. Жаңа жылды билеп қарсы алып, «бұл жаңа жылда да жаңа миллиардтар ұрлаймыз» деп мәз-мейрам болысқан қазақтың билігі мен олигополиясы бес күннен кейін-ақ быт-шыт болды ғой, – дейді Сейдахмет Құттықадам.