Қараша айындағы қайырлы істер
Жыл аяғына қарай облыс орталығында әлеуметті қуанышқа бөлейтін бірқатар шаралар өтті.
Заманауи жаңа нысандардың кірпіші қаланып, жедел жәрдем қызметіне көліктер берілсе, көпбалалы отбасылар жаңа пәтерге кірді.
Жуырда, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығының құрылысы басталып, облыс әкімі өзі бас болып кірпішін қалады.
Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі орталық өңірдегі қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек.
Нұрлыбек Нәлібаев жаңа орталықтың Сыр елінде еңсе тіктеп, бой көтеруінің үлкен символикалық мәні барын айтады.
– Таяуда ғана ардагер ағаларымызбен бірге облыс орталығынан құны 3,7 млрд теңгеге Өнер орталығы, 1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы, 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысын бастадық. 6-7 ай ішінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд теңгеге жуық қаражат тартылып, жаңа жобалар жүзеге асуда. Қоғам игілігіне қызмет жасауды басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Анаға тағзым» орталығын салуға ниет білдірді. Ана – тек отбасының берекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтар алады деп сенеміз. Барша Сыр халқы атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді Н.Нәлібаев.
Жаңа нысанда қыз-келіншектерді сұлу да сымбатты болып жүруге үйрететін арнайы «сән мен сымбат» бөлмесі, тұрмыстық жағдай және қонақ күтуді үйрететін бөлме, сонымен қатар аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Оған қоса, шығармашыл жандарға әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері де ойластырылған.
Еңбек ардагері Дайрабай Ысқақов облыс әкімінің бастамасымен кейінгі уақытта облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерге ризашылығын білдіріп, азаматтарға ақ тілегін арнаса, батыр ана Сәкен Ағатаева ұлттық құндылықтарды дәріптеу ата-бабадан келе жатқан дәстүр, адами парыз екенін, осы орайда орталықтың жас аналарға, бойжеткендерге берері мол екенін айтып, жылы лебізін білдірді.
Аталмыш нысан соңғы 7 ай ішінде маңызды деген 18 жаңа нысанның бірі. Енді келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана салынады.
Алғашқылардың бірі болып бастап, жерлестерімізге.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бағалау рейтингі бойынша Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы алдыңғы қатарда тұр. Орталықтандырылған жедел жәрдем қызметіне жуырда тағы 20 жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды.
Дәрігерлерді құттықтаған аймақ басшысы, медицинаның ілгері дамуына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атады.
– Жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін әрбір дәрігердің адам өмірін сақтап қалуда еңбегі зор. Түрлі тосын жағдайларға тап болып, жол-көлік оқиғасында зардап шеккен жолаушыларға мезетінде көмек беру – олардың басты міндеті. Бұл ретте сала мамандары үшін заманауи үлгідегі автокөліктердің қажеттілігі зор. Кейінгі жылдары жедел жәрдем автокөліктерінің басым көпшілігі ескіріп, талап үдесіне сай келмеуде. Бүгін, міне, тұрғындардың талап-тілектерін ескере келе, кәсіпорынға жаңа үлгідегі 20 жедел жәрдем реанимобилі табысталып отыр. Жергілікті бюджеттен 1 қызметтік автобус пен арнайы техника да берілді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов та әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Айта кету керек, реанимобильдер «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы алынды.
Кейінгі кездері өңірдің денсаулық сақтау саласында жағымды жаңалықтар жетерлік. Биыл Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 80 мыңнан аса халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты іске қосылса, Арал ауданы «Тастүбек» және Қазалы ауданының Жұбан елдімекендерінде 2 медициналық бекет пайдалануға берілді. Сонымен қатар, тамыз айында шаһардың сол жағалауынан құны 2,7 млрд теңгені құрайтын облыстық қан орталығының іргетасы қаланды. Мұнан бөлек, алдағы 2 жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында құны 9,7 млрд теңгеге 27 жаңа нысан салынады деп күтілуде. Оның басым бөлігі дәрігерлік амбулатория болмақ. Ал келер жылы 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы басталмақ. Жұмысты жүргізу үшін келер жылға республикалық бюджеттен 750 млн теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
Тағы бір игілікті шараның бірі – пәтер кілттерінің табысталуы. Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге көпбалалы отбасыларға сол жағалау аймағынан іргесі көтерілген 50 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді тарту етіп, қоныс тойымен құттықтады.
– Туған жеріміз Қызылорда қаласы кейінгі уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды. Зәулім ғимараттар бой түзеп, жаңа ықшам аудандар салынып, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Жаңа бастамалар сәтті жүзеге асуда. Бүгін де міне, салтанатты түрде жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді жерлестерімізге тарту етудеміз, – деді аймақ басшысы.
Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 1044 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үйді жыл аяғына дейін ел игілігіне беру жоспарланған.