Қарашөкеев түркістандық шаруалардың талап-тілегін тыңдады
Түркістан облысында республикадағы жылыжайлардың 70 пайыздан астамы орналасқан. Яғни, өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосып отырған үлесі өте зор.
Оңтүстіктің ауа райы жылыжайды дамытуға өте қолайлы. Қысы жылы, жазы ыстық.
Облыс диқандары тың технологияларды да тез игеріп келеді. Республикадағы тамшылатып суару әдісі енгізілген алқаптардың да негізгі бөлігі Түркістан облысында орналасқан. Жылыжайда өндірілген өнімдердің 90 пайыздан астамы шетелге экспортталады. Дегенмен бұл саладағы проблемалар да аз емес. Соңғы жылдары жылыжаймен айналысушы диқандарға субсидия беру тоқтатылды. Жылыжай өте табысты болғанымен, көп шығынды талап етеді. Ал шаруаларды қаржыландыру мәселесі әлі толық шешілген жоқ.
Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жылыжай шаруашылығын дамытып отырған диқандардың талап-тілектерін тыңдады. Министр Ордабасы ауданындағы «Аделя» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Іс-сапарға сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов және шаруа қожалық басшылары да қатысты.
Кездесуде сөз алған шаруалардың айтуынша, Түркістан облысында 1467,4 гектарды құрайтын 3366 жылыжайдың республикадағы үлесі 71 пайызды құрағанымен, одан алынатын өнім өзін-өзі ақтамайды. Шығын түскен табыстан асып кетеді. Жылыжай шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Мырзахмет Сынабаевтың айтуынша, жылыжайды жылытуға қажетті қуат көздерінің тарифі қымбат. Мемлекет тарапынан арзандатылған тыңайтқыштар бәріне бірдей жетпейді. Оның үстіне, соңғы жылдары Өзбекстанның жылыжайларында өндірілген өнімнің көлемі көбейген. Бұл бәсекелестікті күшейтіп отыр. Соның салдарынан, отандық жылыжайдан шыққан көкөністерді шаруалар арзан бағаға сатуға мәжбүр. Осыған байланысты сөз алған азаматтар отандық өнім өндірушілерді қолдау үшін жылыжайларға қолданатын қуат көздерін 50 пайызға дейін субсидиялау, коммуналдық төлемдер көлемін күндізгі және түнгі мерзімге бөліп төлеу тетіктерін табу, шетелден, көрші елдерден ішкі нарыққа кіретін көкөніс, бақша өнімдеріне салынатын салықтың көлемін ұлғайту қажет, деген талап-тілектерін айтты.
Облыста жылыжай шаруашылығына айналысамын деген азаматтар көп. Бірақ ол көп қаражатты талап етеді. Сондықтан үкімет осындай шаруаларды қаржыландыру жүйесін оңтайлы шешуі тиіс. Мәселе арзандатылған несие жөнінде. Жылыжай кешеніне берілген несиені төлеу мерзімін ұзарту қажеттігі де айтылды. Жылыжай көкөністерін өндірушілер соңғы кездері өздері тап болған бұдан басқа да бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Фермерлер саланы тиімді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға көмектесетін идеялары мен ұсыныстарын да білдірді.
Қарашөкеев мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды реформалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, алайда президентпен келісім бойынша субсидиялаудың жаңа тәсілдерін енгізуді 2023 жылға қалдыру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
Бүгінгі күні облыста жалпы ауданы 204 гектар болатын 113 жылыжай кешені бар, олар жылына 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс өсіреді.
Министр фермерлерге барлық ұсыныстар мұқият қаралып, жедел шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер үкімет мүшелерінің назарына жеткізілетінін айтып, сендірді. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрінің төрағалығымен жұмыс тобын құру жоспарланып отыр. Жұмыс тобы шаруалардың ұсыныстарын ескере отырып, жылыжай көкөнісін өндірушілерді қолдаудың түрлі нұсқаларын қарастырады. Топтың құрамына мүдделі мемлекеттік және өзге де органдар, аграршылар мен азаматтық қоғам өкілдері кіреді.
Сапар барысында министр облыстағы құс шаруашылығымен айналысушы кәсіпкерлермен де кездесті. Әңгіме барысында олар министрге құс шаруашылығына кажетті жемдік дақыл түрлеріне субсидия алу жайын баяндады.
Кәсіпкерлердің айтуынша, соңғы жылдары жемнің бағасы қымбаттаған. Мұның шығарылған өнімнің құнына әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Алайда өнімді қымбаттату тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді. Айналып келгенде, жемге кеткен шығын өнімнің құнын ақтауға да жетпей қалады. Тіпті құс еті мен жұмыртқа өндірісіндегі көшбасшы кәсіпорындардың өзі өндіріс орындарының жұмысын жалғастыруға алаңдаулы екендігін жасырмады.
Өз кезегінде, шаруа қожалықтарының басшылары мен кәсіпкерлердің талап-тілектерін мұқият тыңдаған сала министрі арнайы жұмысшы тобын құрып, мәселені шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.
– Бұл мәселе бір ғана министрлікпен шектеліп қалмайды. Біз бұл мәселені түрлі министрліктер, қаржылық ұйымдар мен жеңілдетілген несие беру мекемелері, кедендік бақылау органдары, жергілікті әкімдік және кәсіпорын өкілдерінен құралған арнайы жұмысшы тобында екі апта ішінде талқылап, реттейтін боламыз, – деді Ербол Қарашөкеев.