Қарашөкеевтің ұлттық жобасы ауылды есек арбадан құтқара ма?!
![None](/static/img/image.jpg)
Біздің ауыл шаруашылығы саласы енді «Агроөнеркәсіпті дамыту» деп аталатын арнайы ұлттық жобамен өркендемек.
Жуырда еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев аталмыш жобаның мақсаттары мен міндеттерін таныстырды.
Министрдің айтуынша, бұл ұлттық жобаны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары, салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылыпты. Жобаның мақсаты – ауылдағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты ету. Жобаны орындау барысында бес жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осылайша министр Қарашөкеев болашақта ауылды ұлттық жоба аясында дамытпақ.
Өзгелерде – техника, бізде – есек арба
Жалпы, қазір біз білетін дамыған елдердің дені ауыл шаруашылығы саласын инновациялауға қатты мән беруде. Батыс елдерінде ауыл шаруашылығын механикаландыру және машина жасау жақсы жетілген. Соған сәйкес, олардың техникамен қамтылуы да жоғары. Мысалы, ауыл шаруашылығының техникамен қамтылу деңгейі әр 1000 гектар егістік жерге шаққанда Германияда – 124, Голландияда – 91, Ұлыбританияда – 86, Францияда – 85, Бельгияда – 82, АҚШ-та 35 трактордан тура келсе, бұл көрсеткіш ТМД-ға кіретін Өзбекстанда – 26, Украинада – 12, Ресейде төрт дананы құрайды. Ал астық жинау комбайндары әр 1000 гектарға шаққанда Швецияда – 32, Голландияда – 22, Данияда – 21, Бельгияда – 20, Франция мен АҚШ-та – 19, Өзбекстанда – 7, Ресейде бес дананы құрайды. Ең күлкілісі сол – өзге елдер техникалық әлеуетін нықтап, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруда жаңашыл бағытты ұстанып жатқан тұста біздің ауылдағы ағайын шабындық, егістік жұмыстарына әлі күнге дейін есек арба, ат арба жегіп әлек.
Ал енді Қарашөкеев басқаратын министрлік ұсынып отырған ұлттық жоба осы мәселелерді шеше ала ма?! Дамыған мемлекеттерде техникамен толық қамтамасыз етілуі нәтижесінде астықты 5-10 күнде толық жиып-теріп алады, бізде бұл үрдіс ала жаздай үш айға созылады. Біз неліктен заманға сай агротехника жасап шығаруда самарқаумыз? Бұл жерде идея жоқ па, болмаса сол идеяның өсіп-өнуі кемшін бе? Бұған қатысты экономист-ғалым Жандос АЙТБЕКОВ: – Бізде ауыл шаруашылығы техникасын жасау және оны сату жүйесі қалыптаспаған. «Бүгінгі күні ауылшаруашылық машиналарын кім жасайды, кім құрастырады, қай зауытта жасап шығарылады, оны сынақтан кім өткізеді» деген сауалдарға жауап жоқ. Машина жасауға деген ғалымдар тарапынан ұсыныстар мен идеялар бар. Бірақ сол идеяны одан әрі пісіріп жетілдіру жоқ. Үйлестіру ұйымының жоқтығынан бұл сала құлдырау жағдайында тұр. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі болашақта осы жайтқа қатты назар аударып, расымен де, елді есек арбаның тәуелділігінен құтқаруы керек. Шаруаларды техникамен қамту жағынан мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылғаны жөн, – дейді.
Белорус пен орыстың саудасын жүргізіп тұрмыз Деректерге жүгінсек, бүгінде біздің егіс алқабымызда жүрген техникалардың дені белорустар мен орыстардың техникасы. Жыл сайын ауылшаруашылық өнімін өндірушілер осы екі елдің техникасы, басқасы бар – 1 млрд доллардан астам қаражатқа 2-3 мың бірлік әртүрлі техника сатып алады. Бұл ретте техникаға деген жыл сайынғы қажеттілік 4-4,5 мың бірлікті құрайтынын айта кету керек. Бұған қоса, ауылшаруашылық техникаларын кепілді түрде өткізу, яғни лизинг құралын жұмылдыру арқылы да сатып аламыз. Жыл сайын ауылшаруашылық техникалары сатып алынады. Мамандар осы лизингтік қызмет түрін жетілдіру үрдісін әлі де жетілдіру қажеттігін алға тартуда. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Жангелді Жұмабековтің айтуынша, шаруалар мен біріккен кәсіпорындарға лизинг беру арқылы оларды техникамен қамту үрдісін жетілдірсек өте дұрыс болар еді.
– Жалпы алғанда, қазіргі ауылшаруашылық техникаларының дені тозған. Астық жинайтын комбайндар мен тракторлардың 80 пайыздан астамының орташа қолданылу мерзімі – 8-10 жыл. Диқандарымыз бен шаруаларымыз мұндай қолдану мерзімінен асып кетсе де, тозған техникаларды қолдануға мәжбүр. Шалғай ауылдағы шаруалар дамыған техникалық әлеуеті көтерілген заманда қол күшіне жүгініп, тырма, есек арбамен егіс науқанын атқаруға мүдделі екені рас. Сондықтан болашақта отандық агротехникаларды шығаруға мән беруіміз керек. Министрлік осы мәселеге үлкен мән беруі қажет. Бұл кезек күттірмейтін дүние. Сондықтан осы тұрғыда ішкі сұранысты тым құрығанда 5 пайызға межелеуді ойластырған жөн, – дейді экономист-ғалым. Миллиардтарды өзгенің қалтасына салып беріппіз...
Мамандар айтып отырғандай, біз 2011-19 жылдары ауылшаруашылық техникаларын сатып алу саны мен көлемі бойынша 158 млрд теңгеге 18 673 бірлік сатып алыппыз. Сонда өзгенің қалтасына осынша қаржыны салып беріп отырмыз. Ал болашақта астықты Қазақстан өзіне бұйырған несібесін өз техникасымен орып алатын күн туар ма екен?!
Негізінде, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2025 жылға қарай жаппай негізді ғылыми жаңалықтардың өмірге енуі мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Ал мұндай жағдайда бізге де көш соңында қалмау үшін жаңашылдықтар мен ізденістерге үнемі ден қойып отыруымыз керек.Жасыратыны жоқ, зерттеу институты мамандарының есеп-қисабына жүгінсек, жыл сайын диқандарымыздың еккен егінінің белгілі бір бөлігі ит-құсқа жем болады немесе су тапшылығына ұшырайды. «Егер техникалық тұрғыда әлеуетіміз мықты болғанда мұндай проблемалармен бетпе-бет келмейтін едік» деседі мамандар.
Ендеше ауыл шаруашылығы министрлігі бірінші кезекте осы мәселелерді шешуі қажет тәрізді. Ауылдағы ағайын мал азығын қашанғы есек арбамен, ат арбамен тасуы керек? Сондықтан ұлттық жобаның бір пунктіне ауылды техникаландыру жайын да қоса кеткен жөн тәрізді. Олай етпесек, биылғы қуаңшылық кезінде Маңғыстауға өз еркімен шөп тасыған ел техника таппай да қиналды емес пе? Өзгелер дамып жатқан кезде біздің тырма, орақ, есек арба деген сөздерді қолдануымыздың өзі министрлікке сын ғой.
Біз болашақта Қарашөкеевтің «агросаланы дамытады» деп жарнамасын асырып отырған ұлттық жобасы ауылды шынымен де өркениетке жетелейтініне сенгіміз келеді. Бұл жоба да өзге жобалар мен бағдарламалар тәрізді құмға сіңгендей нәтижесіз болмайтын шығар деп үміттенеміз. Өкініштісі, бұған дейін де ауылды дамытуға қатысты мың-сан реформалар қолға алынды. Бірақ одан ауыл өркендей қойған жоқ, керісінше, ел түсінбейтін, ауылға мүлде сіңбейтін агросаясатты ұстанып келдік. Кім білсін, мүмкін, осы жоба аясында ауылдың бағы жанып, елдегі ағайынның дәулеті тасыр. Оны да уақыт таразысына салып көрейік.